«Алла қайда?» дегенге Имам Ағзам Әбу Ханифа қалай жауап берген?
«Алла қайда?» дегенге Имам Ағзам Әбу Ханифа қалай жауап берген?
7 күн бұрын 4554

«Алла қайда?» дегенге Имам Ағзам Әбу Ханифа қалай жауап берген? 

Әл-Фиқһуль Әбсат атты кітабында, шәкіртінің: «Алла Тағала қайда, делінген болса, не айтар едіңіз?» деген сауалына Имам Ағзам Әбу Ханифа:

«Оған былай делінеді: «Алла Тағала «мекен» жоқ кезде бар еді, Ол жаратылысты жаратпай тұрғанда бар еді. Сондай-ақ, Алла Тағала «Қайда» жоқ кезде бар еді. Және ол еш нәрсені жаратпай тұрғанда - барлық нәрсенің жаратушысы еді (яғни, еш нәрсені жаратпай тұрғанда «жаратушысы» сипаты бар еді)...»[1].

Қарап тұрсаңыздар Ұлық Имам «Алла қайда» деп сұраудың өзі орынсыз екендігін ұғындыруда. Өйткені, Алла Тағалаға заман мен мекен және әлдебір жерде орналасу деген сипаттар жат. 

Кейбір сәләфит ағымына түсіп кеткен діни білімі таяздау бірен-cаран жастардың былай деп жүргендерін кейде байқап қаламыз: «Алланың мекені болмаса, жоғарыда болмаса, оң жақта, сол жақта болмаса, демек ол жоқ болғаны ма?» деп адасуда, маъазаллаһ. Сонда, Алла Тағаланың бар не жоғы, Оның мекенінің бар не жоғына байланысты болғаны ма? Олай десек, «мекендер мен тұстар жаратылмай тұрған кезде, Құдай жоқ па еді?» – деген әділ сауал туындайды, астағфирулла.  

Бір жерді мекендеу – жаратылыстарға тән нәрсе. Жаратушыға ондай сипат тән емес. «Мекендеуші» деген Алланың сипаты жоқ. Және Ол әлдебір бағытта емес. Бұл – төрт имамның және олардың ізімен жүруші ғұламалардың 99% пайызының ұстанымы, әрі сенім негізі. Яғни, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзімен айтқанда: «Сауадуль Ағзамның» жолы (қарағұрым, көпшілік). Мұны «Әһлу сунна уәл жамағат» жолы дейміз.

Осы тұрғыда, о дүниеге барғанымызда құдіреті күшті Алла Тағала бізден: «неге менің мекенім бар демедің?» деп сұрамасы анық. Алайда «Неге менің мекенім бар деп айттың?» деп сұрауы бек мүмкін.  


[1] Әл-Фиқһуль Әбсәт.

Абдусамат Қасым