"Алла барлық жерде" деп сеніп жүрдім, иманым не болды?
"Алла барлық жерде" деп сеніп жүрдім, иманым не болды?
3 жыл бұрын 6106

Ассаламуғалейкум! Ханафи мәзхабын, Мәтуриди ақидасын ұстанамын. Дегенмен, қажетті білім болмағандықтан ақидада қателігім болған. Құдай қайда, деген сұрақтың жауабы ретінде «Алла барлық жерде» деген пікірді дұрыс деп санап жүрдім. Солай ойлайп жүрген кезімде мешітте неке қидыртқам, сол некенің жағдайы не болады, соны сұрайын дегенмін. Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, сіз «Алла барлық жерде» деген пікірде болғаныңызбен, Алла затымен барлық жерде деп сенбедіңіз деп ойлаймын. «Алла барлық жерде» деп айтқан адамның негізгі ойы - «Алла барлық нәрсені біледі, барлық нәрсені көреді, естиді» дегендік болса керек. Ешкім Алла болмысымен, затымен ана жерде де, мына жерде де тұрады деп сенбес. Сондықтан да, "Алла барлық нәрсені біледі, ол барлық нәрсені көреді, естиді" деген мағынада "Алла барлық жерде" деп сенген болсаңыз, оның иманға зияны жоқ (сол себепті некеңіз де дұрыс). Әйтсе де, астарлы мағынада болса да «Алла барлық жерде» деп қолдануды Мәтуриди ғалымдарымыз құп көрмеген[1]. Оның орнына біздер Абай атамыз айтқандай: Мекен берген, халық қылған Ол (Алла) - «Лә мәкән» дейміз. (Лә мәкан - мекенсіз, мекені жоқ).


[1] Имам Әбу Муъин ән-Нәсәфи: «Тәпсыйротуль Әдиллә». 1\335 бет. (Ол сөзді «Алла өз затымен барлық жерде» деп тікелей мағынада қабыл ету күпірлік болады. Өйткені, олай деу - мекенсіз болған Алла Тағаланың көптеген мекені бар дегенге алып келеді). 

Абдусамат Қасым