«Алла барлық жерде» деп айту дұрыс па?
«Алла барлық жерде» деп айту дұрыс па?
10 жыл бұрын 13805

Сәләфия-Уахабия бағытындағылар, Әһли сунна жолындағы Мәтуриди ақида мектебіндегілерді «Алла барлық жерде дейді» деп айыптайды. Шын мәнісінде, олардың айыптаулары негізсіз. 

«Алла барлық жерде» деп, Мәтуриди мәзхбы емес, ертеректе өмір сүрген «Мұғтәзилит» ағымын ту ететіндер айтатын[1]. Олар (мұғтәзилиттер): «Алла барлық жерде деудегі мақсат –Алла «бизәтиһи» (өз затымен) барлық жерде деген мағынасы емес, астарлы мағынасында. Яғни, Алла барлық жерді білуші, барлық жерге билігін жүргізуші дегенді білдіреді», – деседі. (Әйтсе де, аталмыш ағымның ішінде әлгі тұжырымды шынайы мағынада, тікелей қабылдайтын ғалымдары да болған)[2].

Мәтуриди ақида мектебі бойынща, «Алла барлық жерде» деген сөзді қандай мағынада болса да, айту құпталмайды. Мұны тура мағынасында айту – күпірлік. Себебі, «таухид» сеніміне көлеңке түсіреді. Ал, астарлы мағынаны білдіру үшін де «Алла барлық жерде» деудің қажеті жоқ.

Бұл жайында Мәтуриди ақидасының беделді кәләмші ғалымы Әбу Муъин ән-Нәсәфи (қ.ж. Х/507 ж. М/1114ж.) өзінің «Тәбсиратуль Әдиллә» атты еңбегінде былай дейді:

«Мұғтәзилит және Нәжжәрия ағымы: «Алла барлық жерде» деп, оның мағынасын барлық жерді білуші, барлық нәрсеге күш-құдіреті жетуші, барлығына билігін жүргізуші деп түсіндерген.  Олар біздің «Алланың мекені жоқ» деген сенімімізді мақұлдайды. Біз де олардың «Алла барлық жерді білуші, барлық жерге билігін жүргізуші» деген сеніміне келісеміз. Арамыздағы айырмашылық – айтылуында («Алла барлық жерде» деулерінде). Бірақ Алланың барлық жерді білуші екенін түсіндірулері үшін «Алла барлық жерде» деген тұрпайы сөзді қолдануға мұқтаж ба олар? Тікелей мағынасы күпірлік пен адасушылықты тудыратын мұндай сөзді қолдануға не нәрсе мәжбүр етті? Олай айтуды қажет еттірген не нәрсе? Осындай сөйлем бірде-бір аятта, бірде-бір мәшһүр хадисте келмеген. Ендеше, аят-хадис айтпаған жерде Алланың әр нәрсені білетінін түсіндіру үшін әлгіндей тұрпайы сөзді қолданудан ұзақ тұруымыз қажет. Жетістік те, жәрдем де Алладан!»[3].

Имам Мәтуриди былай дейді: «...Шынында да, Ұлы Аллаға орын белгілеу немесе «Алланың өзі (Би Зәтиһи) барлық жерде» деп сипаттама беру – Алла қандай да бір жерге орнығуды, тұрақтауды керек етеді деген сөзді меңзеген болады. Құдды, бір жерге орналасып, сол жерде өзгеріске ұшырап жататын, белгілі бір мекенді орнығуды керек ететін денелер іспетті...»[4].

Ендеше қандай мағынада болса да «Алла барлық жерде» деп айту дұрыс емес.

Осы тұрғыда мынаны да айта кетелік: Әһли сүннә ақидасы бойынша, Алла Тағаланың мекені, орны жоқ. Пәк Алла орын жаратылмай тұрып бар еді. Бүкіл орындар жойылады (мәңгі емес), ал Алла Тағала әзәлде қандай болса солай қала береді. Ол Аршта да, аспанда да емес. Оның (төбеде немесе он жақта, сол жақта т.б. дейтіндей) тарапы, тұсы жоқ[5]. Ұлы Жаратушымыздың мекені бар деу, Оның «ҚИДАМ – әуелсіз және соңсыз» сипатына және «Ләйсә кәмислиһи шәй-ун», яғни, «Оған еш нәрсе ұқсмайды» деген аяттағы «тәнзиһ» сеніміне көлеңке түсіреді. Себебі, мұндай ұйғарымдарда жаратылыстың белгілері  бар.


[1] Мұғтәзилит – ақылды нақылдан (аят-хадистен) үстем тұтқан діни философиялық ағым.
[2] Имам Әбу Муъин Мәймун ибн Мұхаммед ән-Нәсәфи: «Тәбсиратуль Әдиллә». 1 том. 329 бет. «әл-Мәктәбәтул Әзһария Лит Турас». Каир-Египет. 2011ж.
[3] Имам Әбу Муъин Мәймун ибн Мұхаммед ән-Нәсәфи: «Тәбсиратуль Әдиллә». 1 том. 335 бет. «әл-Мәктәбәтул Әзһария Лит Турас». Каир-Египет. 2011ж.
[4] Имам Әбу Мансур әл-Мәтуриди: «Китабут Таухид». №132 бет. Бейрут-Ливан..
[5] Әбул Юср әл-Бәздәуи: Усулуддин – 40 бет. Кайр-Египет
"Алланы Аршта" деу жайында мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/imam-maturidi-arsh-ayatyn-qalai-tusingen-48/   

Абдусамат Қасым