"Әйел тозаққа кетсе, өзімен бірге төрт жақынын да ала кетеді" деген сөз рас па?
"Әйел тозаққа кетсе, өзімен бірге төрт жақынын да ала кетеді" деген сөз рас па?
7 жыл бұрын 18154

Сәлеметсіздер ме! Сұрағым: Қыз тозақы болса, төрт адамды (әкесі, ағсы, інісі, күйеуі) ала кетеді деген дұрыс айтылған ба?  

Сәлеметсіз бе! Ондай сөз кейбір мұсылмандар арасында айтылып жататыны рас. Алайда, оған байланысты нақты риуаят кездестірмедік. Әрі хадис екендігінде де күмән бар. Себебі, ол Құранның ашық аяттарына теріс. Біріншіден, Қасиетті Құранда: «...Әркім өзінің істеген күнәларына жауап береді. Біреудің күнәсін біреу көтермейді. Бәріңнің де барар жерлерің Раббыларыңның алды...»[1], – десе, екіншіден - Алланың сүйікті пенделері қос пайғамбар Нұх ғалейһиссәләм мен Лұт ғалейһиссәләмның әйелдері Аллаға қарсы келіп, күйеулеріне қиянат еткендіктері себепті тозақы болғандықтары Құранда ашық айтылған[2]. Сіз айтып отырған қағидаға сүйенсек, қос пайғамбар да тозаққа кірер еді. Алайда ол екеуінің пейіштік екендіктерінде күмән жоқ. 

Тоқ етерін айтқанда, аталмыш сөздің ешқандай шариғи негіздемесі жоқ. 


[1] Әнғам сүресі – 164 аят.
[2] Тахрим сүресі, - 10 аят. 

Абдусамат Қасым