Агностиктер мұсылман ба?
Агностиктер мұсылман ба?
5 ай бұрын 1913

 Агностиктер мұсылман ба? 

Агностицизм - болмысты танып білу мүмкін емес және адам баласы еш нәрсенің ақиқаттығын нақты біле алмайды деуші философиялық ағым.

Агностиктердің ұстанымы бойынша, Құдай бар болуы да мүмкін, жоқ болуы да мүмкін. Құдай бар деп те, жоқ деп те айтпаймыз деушілер.

Мұндай ұстаным иелерін Кәләм ғылымында (Ислам теологиясы) «Ләәдрия» тармағы деп атаған. Олар әр нәрсеге күмәнмен қарап «Лә әдри» - «нақты білмеймін» дейтіндіктерінен оларды «Ләәдрия» деп атап кеткен. Біздің тілде «агностиктер» деп аталады. Агностиктер софистердердің1 бір тармағы.

Агностиктер мұсылман емес. Себебі, Ислам сенімінде мұсылман атануы үшін Құдайдың бар екендігіне нақты сеніп, Оның ақиқаттығын мойындауы шарт. Агностиктер «күмәншілдер». Күмән мен иман бір жерде тұрмайды.

Агностиктердің өзі «Құдай сеніміне жақынырағы» және «атеизмге жақынырағы» болып бөлінеді. Екеуінің айырмашылығы - біріншісі, құдайдың бар, не, жоқ екендігін нақты айтпаймын, бірақ бар болуы мүмкін деген ойым басымырақ деушілер. Екіншісі - құдайдың бар, не, жоқ екендігін айтпаймын, бірақ жоқ болуы мүмкін деген ойым басым дейтіндер. Екеуінің ортақ тұсы - күмән. Біріншісі, Құдайға бір табан жақындау десек те, оны мүмін, мұсылман деуге жеткіліксіз. Мүмін-мұсылман болу үшін күмәнсіз сену керек. Иман мен күмән қатар тұрмайды. Күмәні бар адамның, иманы жоқ деген сөз.

Құранда мүмін-мұсылмандарды сипаттай келе Жаратушы Алла: «олар ғайбқа сенушілер» деп, иманның негізі «көмеске сенуден» тұратындығын білдіруде2. Иман сонысымен құнды. Алайда Құран «соқырсенімділікпен қабыл етуің керексің» деп те айтпайды. Олай болса Құдай танымына қалай жетуге болады?

Алла Тағала Құранда «Құдіреті күштің бар екендігіне айналадағы жаратылыстарға қарап, зерделеп, көз жеткізуді» бұйырған. Оның шеберлігін, құдіретінің мөлшерін жаратылыстарға қарап топшылай аласыз. «Қай жаққа бет бұрсаңдар да Алланың жүзі сол жақта» деген қасиетті аяты сол ақиқатты паш етуде(«Бақара» сүресі, 115 аят»). Аспан мен жер, ондағы тіршіліктер, миллиардтаған галлактикалар - бәрі бір Ұлы Жаратушының барын айғақтап тұратыны сөзсіз. Адамның өзін алып қарайықшы. Әр жеке тұлғаның өзіндік иісі, өзіндік даусы, өзіне тән талғамы, қайталанбас саусақ іздері секілді ерекшеліктері болады. Осыған қарап-ақ, бұл әлемнің өзінен өзі пайда болмағандығын ұғу қиын емес. Өзінен өзі пайда болса, барлық адам роботтар тәрізді бірдей болар еді ғой. Демек, әр адамға жеке өзіне тән ерекшеліктер беруші бір Құдірет бар деген сөз.

«Адам өзінің неден жаратылғанына қарасын! (Жатырға) құйылған судан жаратылды. Ол (су), бел сүйек пен кеуде сүйектің арасынан шығады» деп Алла Тағала Құранда әркімнің өзіне бір назар салуын бұйырады3. Адамның жаратылысының өзі бір Ұлы Құдайдың бар екендігін менмұндалап тұрған ақиқат. Бір тамшы ұрық ана жатырына түсісімен ешкімнің көмегінсіз өздігінен құралып, әрбір клеткасы махаббатпен жасалып, тоғыз айда бір сүйкімді кәміл жанды жаратылыс шығады. Ол қалай? Бір тамшы ұрықтан, қалайша кәміл, ойлы, рухы бар жаратылыс пайда болады? Демек, оны жасаушы бір ұлы жасаушы бар деген сөз. 

Осы тұрғыда «Құдай бар болса, көрсетші!» дейтіндер бар. Олай деушілер шындықтың бәрі көзге көріле бермейтіндігін түсінбейді. Әлемде біз көзбен көре алмайтын қаншама болмыс бар! Тіпті ғылымның жауап бере алмайтын көптеген ақиқаттар баршылық. Құдайға сенім деген, махаббатқа сену сияқты. Махабат сезімін көрмейсіз, естімейсіз, ұстай алмайсыз, бірақ шындық екендігін мойындайсыз. Құдай сенімі де солай.

Хақ Тағала әрбірімізге иман байлығын беріп, баршамызды адасудан сақтасын! Уә ахиру даъуәнә аниль хамду лилләһи раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1  Софистер дегеніміз б.з.б. V-ғасырда пайда болған ежелгі грек философия мектептерінің бірі. Софистер айналадағы заттардың, адам, жануар т.б. түрлі нәрселердің бар екендігін жоққа шығарған. Барлық нәрсе қиял деп түсіндірген. Софистердің өздері үшке бөлінген: қиқарлар (ъинәдия); ъиндия (меніңше); ләәдрия (агностицизм). А. Қасым, «Насафи ақидасы» түсіндірмесі.
2  Құран Кәрім, «Бақара» сүресі.
3  Құран Кәрім: «Тариқ» сүресі, 5-7аяттар.