Адам мен Хауаның ұрпақтары қалай үйленді, олардан басқа адам жоқ еді ғой?
Адам мен Хауаның ұрпақтары қалай үйленді, олардан басқа адам жоқ еді ғой?
3 ай бұрын 1864

Адам мен Хауаның ұрпақтары қалай үйленді, олардан басқа адам жоқ еді ғой?

Құрметті сауал қоюшы!

Риуаяттарға қарағанда Хауа анамыз әр босанғанында бір ұл және бір қыз қылып, егіз босанады екен. Сөйтіп, ер жеткеннен кейін бірінші егіздің ұлын, екінші егіздің қызына қосып отырған. Өйткені, ол заманда адам баласы енді пайда болып, өзге жолы жоқ тұғын. Жаратушы Алла Тағала оларға балаларын солай қосуға рұқсат етті1. Кейін-кейін ұрпақтары көбейіп, қыз алысу арақашықтығы алыстай берді.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Әнәстан (р.а.) жеткен бір риуаятта былай делінеді:

«Адамның балалары бір ұл, бір қыз болып, тек егіз дүниеге келіп отырды. Сөйтіп ол бір қарындастың ұлын, екінші қарындастың қызымен үйлендіріп отырды (яғни, бір егіздің ұлын, екінші егіздің қызына үйлендіріп отырды), ал мына қарындастың қызын, келесі қарындастың ұлына қосып отырды...»2.

Сондықтан да, бүкіл адамзат түбінде бауыр - бір анадан, бір әкеден шыққан. Осыған мензеген Құран аятында былай делінеді:

«Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар...»3

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


1Ибн Кәсир: «Бидая әнНиһая».
2 Тәфсирут Табари.
3Құран: «Ниса» сүресі, бірінші аят.

Абдусамат Қасым