Үйде хижабсыз жүруге бола ма? Үйде хижабсыз жүрсе періште кірмей ме?
Үйде хижабсыз жүруге бола ма? Үйде хижабсыз жүрсе періште кірмей ме?
5 жыл бұрын 6363

Саламатсыз ба! Әйелдің бөтен ерлер алдында ашық жүруі күнә екенін білеміз, бірақ үйде де жабық жүру керек екен. Себебі ғаураты ашық әйелдің үйіне рақмет періштелері кірмейді-мыс. Бұл рас па? Мен сыртта жабық жүргенмен үйде футболка, шорты сияқты ашық киімдермен жүремін, тек намаз оқығанда ғана дін талабына сай киінемін, сонда менің үйіме періште кірмей ме, үйде де сонда жабынуға мәжбүрмін бе? Рақмет.

Сәлеметсіз бе! 

Хадис жинақтарында Айша анамыздың (Алла одан разы болсын) мынадай сөзі келтірілген. Онда Айша анамыз былай дейді:

عن عائشة رضي الله عنها قالت: (كنت أدخل بيتي، الذي دُفِنَ فيه رسول الله صلى الله عليه وسلم وأبي، فأضع ثوبي، فأقول إنَّما هو زوجي وأبي، فلمَّا دُفِنَ عمر معهم، فو الله ما دخلت إلَّا وأنا مَشْدُودَةٌ عليَّ ثيابي؛ حَيَاءً مِن عمر

"Пайғамбар мен Əкем (Əбу Бəкір) жерленген үйіме кіргенде: "бірі күйеуім, екіншісі əкем ғой" деп киімімді шешіп қоятынмын. Кейіннен олардың жандарына Омар жерленгеннен соң Аллаға ант етейін, Омардан ұялғанымнан үйге кіргенде де міндетті түрде киімдерімді (басқа риуаятта жилбабымды) киіп, оранып алатынмын"[1].

Айша анамыздың сөзінен ұққанымыздай, мұсылман әйел кісі бөтен адамдар болмаса, өз үйінде еркін киіммен жүруіне құқылы.

Тек, әкесі мен аға-інілерінің қасында тым ашық-шашық жүрмеуді ескергені жөн. Олардың алдында көкірекке дейін мойны, білекке дейін қолы, тірсекке дейін аяғы көрінсе рұқсат[2]. Бұдан өзге жерлері жабық болуы ләзім. Үйде шорты, футболка кигенде осы жөнін ескеру керек. 

Ал, енді періште кірмейме, деген мәселеге келер болсақ, деректерде Алла елшісінің бірінші жұбайы Хадижа ибн Хуәйлид (р.анһа) Пайғамбарға келген періштенің періште екенін, не сайтан екенін тексеру үшін, басындағы жаулығын шешкендігі, сол мезетте Жебірейіл періштенің Пайғамбарға көрінбей қалғаны, содан соң Хадижа анамыздың «Уаллаһи, ол шайтан емес. Ол ардақты періште» деп айтқандығы келтіріледі[2].  

Басқа бір риуаятта Пайғамбардың Айша анамызға қарасты: «Сен (жатарда) шешініп қойғандықтан, Жебірейіл кірмей тұрған еді...»[3] деген жері бар.

Бұл риуаяттардағы жағдайды Жебірейіл періштеге хас жағдай деп түсінген дұрыс. Өзге періштелердің кіруіне кедергі емес. Соның ішінде өзіңіз айтқандай «рахым періштесі» де үйге кіреді. 


[1] Әл-Хәким: әл-Мүстәдрак - №4458; Имам Ахмәд: әл-Мүснәд. №25132; әл-Һәйсәми: Мәжмәъуз зәуәид. (Сахих).
[2] Әбу Бәкір әл-Жәссәс: Ахкәмуль Құран (тәфсир). Нұр сүресі, 31 аят. 
[3] Имам Табарани: әл-Муъжәмуль Әусат. Әлсіз хадис.
Имам ән-Нәсәи: Сүнән. №3927 хадис.

Абдусамат Қасым