Әссәләмуғалейкум! Төрт мәзхаб бойынша, әйел адамға азан шақыру үкімі қалай? Жалпы бола ма? Арнұр.
Төрт мәзхаб бойынша, әйел адамның азан айтуының үкімі қандай?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Төрт мәзхаб бойынша, әйел кісінің еркектер алдында дауыс шығарып намазға азан шақыруына болмайды. Ханафи мәзхабы бойынша, олай ету - харамға жақын мәкруһ, ал қалған үш мәзхаб бойынша, харам.
Ханафи ғалымы Имам Кәсәни (рахимәһуллаһ) былай деген:
«Барлық риуаяттардың иттифақы (келісімі) бойынша, әйел адамның азан шақыруы – мәкруһ. Өйткені, қатты дауыспен айтса, ол - күнә. Ал бәсен дауыспен айтса, жәрия айту сүннет амалын тәрк еткен болады. Және де әйел адамның азан шақыруы – әуелгі буын мұсылман сәләф кезеңінде болмаған үрдіс. Олай жасау бидғатқа жатады...»[1].
Мәлики мәзхабы ғалымдарының (рахимәһумуллаһ) кітаптарында былай делінеді:
«Әйелдердің азаны дұрыс емес (саналмайды), тіпті әйелдер үшін айтқан болса да. Еркектердің жанында азан шақыруы – харам, мәкруһ те делінеді...»[2].
Имам Шафиғи (рахматуллаһи алейһ) өзінің атақты «әл-Умм» атты іргелі еңбегінде былай деп өтеді:
«Әйел адам азан айтпайды. Егер, еркектер үшін намазда азан шақыратын болса, азаны еркектер үшін саналмайды. Әйелдерге азан айтудың қажеті жоқ. (Әйтсе де) Өздері намазға жиналып, өз араларында азан айтып, қамат түсірсе, оның ағаттығы жоқ»[3].
Ханбәли ғалымы Ибн Құдама (рахимәһуллаһ) былай деген:
«Әйелдің шақырған азаны есепке алынбайды. Өйткені, ол – азан шақыруға рұқсат етілгендерден емес... Мұның бәрі Шафиғи мәзхабында да айтылған. Осының төңірегінде айтылған бөлек пікірді білмеймін»[4].
Өз араларында азан айтып, қамат түсірулерінің үкімі қалай?
Ханафи және Мәлики мәзхабы ғалымдарының сөз саптауларына қарағанда, әйел кісілер өз араларында да азан шақырмайды және қамат түсірмейді. Ал, Шафиғи және Ханбәли мәзхабы бойынша, әйел кісілер жиналып (мысалы, үйде т.б.) жамағат болып намаз оқығандарында өздері ғана ести алатындай дауыспен азан шақырып, қамат түсірулеріне рұқсат, яғни, ерікті іс[5].
[1] Имам Кәсәни: Бәдәиғус санаиғу. Китабус саләһ.
[2] Мухаммед әл-Мәракәши: Сәбилус сәъадя. 115 бет.
[3] Мұхаммед ибн Идрис әш-Шәфиғи: әл-Умм. Китабус саләһ.
[4] Ибн Құдама: әл-Муғни – Китабус салаһ. Бәбуль әзән.
[5] Ибн Құдама: әл-Муғни – Китабус саләһ. Бәбуль әзән.