Сәлеметсіз бе! Қастан бөлек беттегі түктерді жұлуға бола ма? Мысалы, мұрт емес, көздің астынғы жағындағы, скула жақтағы түктерді? Қыз бала болсам да менде бар.
Қастан бөлек жерлерде өскен беттегі түктерді жұлуға бола ма?
|
Сәлеметсіз бе!
Қастан бөлек бетте өскен артық түктерді жұлып, тазалап тастаудың күнәсі жоқ. Риуаяттарға қарағанда Пайғамбарымыздың сүйікті жұбайы Айша анамыздан бір әйел: «Менің бетіме түктер шығып кетті. Оларды жұлсам, осылайша күйеуіме әдемі көрінсем рұқсат па? - деп сұрайды. Сонда Айша анамыз: «Өзіңдегі ұнамсыз нәрселердің көзін жой. Қонаққа барғанда қалай әсемденсең, тура солай күйеуіңнің алдында да әсемден» - деп жауап береді[1].
Беттегі артық түктер жайында Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин былай деген:
«ән-Нәмс сөзінің мағынасы «қылды жұлу» деген сөз. Мұндағы тыйым – бөгде еркектерге әдемі көріну мақсатта жасағанға қатысты болса керек. Ал күйеуіне оны сүйкімсіз етіп көрсетер бетіндегі түктерді алып тастауды (немесе жоюы) харам деу – (ақиқаттан немесе дұрыстықтан) алыс. Себебі, әйелдердің зинеттенуі (әсемденуі) (күйеуінің алдында) әдемі көріну үшін қажетті»[2].
[1] Абдурраззақ: әл-Мусаннаф – Китабус сала - №5104 хадис.
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мұхтәр – 9/536 бет.