Қас татуажы, қастың перманентты макияжы, "микроблейдинг" дегендер дінімізде рұқсат па?
Қас татуажы, қастың перманентты макияжы, "микроблейдинг" дегендер дінімізде рұқсат па?
9 ай бұрын 7522

Сәлеметсіз бе! Әйел адамдар жасататын - қас бояу аппаратымен, яғни "перманентный макияж бровей", "растушевка" жасатса, немесе жасатқан болса, (білмеген) болса одан су өте ме? Жасату күнә емес пе? Татуаж емес татуаж жасатуға болмайды екен. Аружан.

Сәлеметсіз бе!

"Татуаж", "перманентті макияж", "микроблейдинг", "пудралы макияж (растушевка)" дегендеріңіз әйел затының бет-жүзіндегі бояулардың ұзақ сақталуын қамтамасыз ету үшін және сирек қасты қою қылып көрсетуі үшін т.б. беттің эстетикалық жөнін артыру үшін қолданылатын тәсілдер. Мұндай тәсілдер – қас, ерін, қабақ және бетке жасалып жатады.

Аталмыш тәсілдер арнайы инесі бар құралдармен жүзеге асады. Тек айырмашылығы татуаж теріге терең еніп, бояуы өмірлікке қалса, перменентті макияжда бояу терінің беткі қабатына ғана енгізіліп, сақталу уақыты қысқа (шамамен 6 айдан 1,5 жылға дейін).

«Микроблейдинг» сөзі екі ағылшын сөзінен құралған: micro - ұсақ және blade – ұстара. Оның өзге аталастарынан айырмашылығы – микроблейдингте кішкене инелерден тұратын өткір ұстара іспетті өткір жүзі бар құралмен терінің беткі жағына өте мұқияттылықпен майда-майда тіліктер пайда етіп, сол тіліктерге бояу енгізіледі, осылайша қастың орнында қас қылшығы өсіп тұрғандай пішін жасайды. Бұл өз кезегінде ұзақ уақытқа (шамамен 1 жыл) қастың формасы мен түсін өзгертіп, сирек қасты қалың етіп көрсетеді.  

Шариғи тұрғыда:

Шариғи тұрғыда қарағанда, татуаж - инесі бар аспаптың көмегімен атқарылады. Мұхаммед пайғамбарымыз (ғалейһис саләту уә сәлләм): «Алла тағала денеге сурет салғандарды да (уәшимәт), салғызғандарды да (мүстәушимәт) лағнет етті...», - дей келе татуировканы харам еткен. Хадистің арабшасында айтылған «уашм» сөзі – қолдың үстіне, білекке, ерінге т.б. жерлерге инемен тесіп, орнын сүрме т.б. бояу енгізу дегенді білдіреді.

Татуаждың тағы бір келіңкіремейтін тұсы – жасалған өзгерістер ұзақ уақыт сақталады. Осы жөнінен алғанда көзбояушылыққа жақын. Сондай-ақ, себепсіз сап-сау түрін ұзақ мерзімге өзгертетіндіктен «Алланың жаратқанын өзгерту» олқылығын тудырады.

Ал, енді, қастың перманентті макияжы немесе микроблейдинг тәсілдерін алып қарағанда, олардың татуаждан екі айырмашылығы бар: Бірі – бояулары уақытша. Екіншісі – ине тереңге бойламай, терінің беткі қабатына ғана енгізіледі, әрі қан шығармай жасалады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, татуаждан жеңілдеу деуге болады. Тіпті бүгінде қасты әдемілеудің «микроблейдинг» тәсілін: «Дінге қайшылығы жоқ, мубах амал» дейтін дін мамандары бар.

Мысалы, қазіргі Мысыр елінің муфтиі Шейх Шауқий Алләмның «микроблейдинг» тәсілімен қасты әдемілеудің дінге терістігі жоқ дегенге саятын пәтуасы бар[1]. Біріншіден – бұндағы бояу қалушы емес. Уақытша. Сондықтан, Алланың жаратқанын өзгертушілікке жатпайды. Екіншіден – теріге терең бойламай, беткі жағына ғана жасалады. Осы жөнінен алғанда хадистегі «уәшм» іс-әрекетіне ұқсамайды. Хадисте тыйым салынған «уәшм», ол – қанын шығарып теріге инені терең бойлатып, бояуды енгізу болып табылады. Үшіншіден - қан шығармайтындықтан бояудың нәжіс саналатын қанмен араласуын тудырмайды дейді ол (қысқаша айтқанда).

Әйтсе де, микробейдинг тәсілін жоғарыдағы хадистің аясына жатқызып, харам дейтін дін мамандары да жоқ емес.

Қорытынды:

Қорыта айтқанда, хадисте қатаң тыйым салынып, лағынеттелген уашм ісі – теріні ине іспетті үшкір затпен тесіп, терінің астына бояу енгізу деген сөз. Бір сөзбен айтқанда "татуировка".

Ендігі жерде, қас татуажы болсын, мейлі қастың перманентті макиажы болсын, қасты әсемдеу мақсатында майда инелермен теріні тесу арқылы атқарылатын амал. Осы жөнінен алғанда татуировкаға көбірек ұқсас. Яғни, ол да бір жөнінен қарағанда хадистегі «уәшм» іс-әрекетінің аясына кіретіндігін жоққа шығара алмаймыз. Ал ол теріге терең бойлай ма, жоқ әлде терінің беткі жағын ғана тесе ме, қанша миллиметр теседі, деген мәселелер аса қатты үкімге әсер етпесе керек.

Тіпті микробейдинг тәсілі де қастың орнын арнайы майда инелерден тұратын өткір құралмен тілу арқылы орындалса да, өзінің аталастарынан ауылы алыс емес. Сондықтан да, қасы мүлдем түсіп қалған немесе жоқ дейтіндей қасы өте сирек өскен кісілердің «микробейдинг» тәсіліне жүгінулері күнә болмас. Ал бірақ, әдеттегі қасын одан бетер қалыңдатайын немесе онсыз да әдемі қасына басқа бір форма берейін деген мақсатта жүгінетін болса, онысын түбегейлі харам демесек те, мәкруһ болары анық деген ойдамыз. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!   

Ендігі жерде, жоғарыда аталып өткен амалдарды бұрын, дінге келмей тұрып жасатып қойғандарға күнә жоқ және алған дәреттері мен ғұсылдары есептеледі. 


[1] Дәруль Ифтә: №4655, 27.12. 2018 ж. Мысыр.

Абдусамат Қасым