Пайғамбарымыз (с.а.у.) ниқаб тағып, паранжа киюді міндеттеген бе еді?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) ниқаб тағып, паранжа киюді міндеттеген бе еді?
2 жыл бұрын 6200

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ниқаб киіп, паранжа киюді міндеттеген бе еді?

Құрметті сауал жолдаушы, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) ешкімді бетті тұмшалап, ниқаб немесе паранжа ки деп міндеттемеген. Қалаған бетін жауып ниқаб таққан, қалаған бетін ашқан. Тіпті Алла елшісінің (с.а.у.) балдызы Әсмә бинт Әбу Бәкір бір күні Алла елшісінің үйіне жұқа көйлекпен келгенде, Алла елшісі (с.а.у.) одан бетін бұрып: «Уа, Әсмә! Әйел затының хайызы келетін жасқа жеткенде денесінің мына және мына жерлерінен өзгесі көрінбеуі тиіс» деп, беті мен білезікке дейінгі қолынан өзге жерлерін жауып жүруін айтқан1. Егер, бетті жауып, ниқаб немесе паранжа кию міндетті болғанда, Алла елшісі (с.а.у.) оны айтар еді.

Дейтұрғанмен, Исламның киім кию үлгісінде әйелдердің ниқаб кию дәстүрі бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Ислам культурасында хижабпен бірге бетті жауып, ниқаб тағу үлгісі бар. Бірақ, бұл көпшілік Ислам ғалымдары бойынша «тақуалық» ретінде қаралады. Кезінде мұсылман әйелдері ниқабты тақуалық ретінде таққан. Тіпті орта ғасырлық Европа елдеріндегі ақсүйек әйелдердің арнайы бетті жауып тұратын «вуаль» тағулары да сол Ислам мәдениетіндегі «ниқаб» тағу киім үлгісінен бастау алса керек.

Тоқ етерін айтқанда, ниқаб тағып, бетті жабу немесе паранжа кию Ислам дінінде міндетті іс ретінде қаралмайды. Көпшілік Ислам ғалымдары мұндай киім үлгісін міндетті деп емес, «тақуалық» ретінде қараған. Соның ішінде Ханафи мәзхабында да бетті жауып ниқаб тағу - мұстахаб амал саналады, міндетті амал емес. Ол жайында «Ханафи мәзхабында «паранжа» мен «ниқаб» кию міндет емес. Оған Ханафи ғалымдарының мына сөздері дәлел» атты жазбамызды оқуды кеңес етеміз. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1  Әбу Дәуід: «Сүнән». Айша анамыздан риуат етілген. Мүрсәл хадис.