Күйеуімнің өтініші бойынша қасымды жұлсам күнә ма?
Күйеуімнің өтініші бойынша қасымды жұлсам күнә ма?
11 жыл бұрын 38392

Күйеуінің разылығы үшін қас жұлуға бола ма? Мысалы күйеуім: «Қасынды жұлмайсың ба?» десе, не істегенім дұрыс? Сүмәйя Му’минка

Қадірменді Сүмәйя, күйеуінің өтінішімен бетіндегі артық түктерді жұлу мәселесі жайында Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин былай дейді:

«ән-Нәмс сөзінің мағынасы «беттегі қылды жұлу» деген сөз[1]. Мұндағы тыйым – бөгде еркектерге әдемі көріну мақсатта жұлғанға қатысты болса керек. Ал күйеуіне оны сүйкімсіз етіп көрсетер бетіндегі түктерді алып тастауды харам деу – (ақиқаттан немесе дұрыстықтан) алыс. Себебі, әйелдердің зинеттенуі (әсемденуі) (күйеуінің алдында) әдемі көрінулері үшін қажетті»»[2].

Шафий мәзхабының беделді ғұламасы он төртінші ғасырда өмір сүрген Мұхаммед ибн Шихәбуддин Ахмад әр-Рамлий өзінің «Нихаятул Мухтаж» атты шархында мынадай пікір баян етеді:

والتنميص ، وهو الأخذ من شعر الوجه والحاجب المحسن ، فإن أذن لها زوجها أو سيدها في ذلك جاز ; لأن له غرضا في تزيينها له كما في الروضة

«Әт-Тәнмис (التنميص) дегеніміз, ол – әдемілену үшін бетіндегі түгі мен қасын алу болып табылады. Егер әйелге күйеуі рұқсат етсе немесе қожайыны рұқсат етсе, оның бұл әрекеті күнә емес. Өйткені күйеуі оның әдеміленуін қалайды...»[3].

Мәлики мәзхабының ғалымдары қас теруді рұқсатқа балап, хадистегі тыйымды тек күйеуі қайтыс болған әйелге (4 ай, 10 күн) немесе күйеуі із-түссіз жоқ боп кеткен әйелдің жағдайы сияқты әдемілену тыйым салынған халдерге ғана қатысты деп пайымдайды. Ондай жағдайда емес әйелдерге рұқсат. Мәлики фиқһ кітаптарында мынадай мәтін орын алған:

التَّنْمِيصُ هُوَ نَتْفُ شَعْرِ الْحَاجِبِ حَتَّى يَصِيرَ دَقِيقًا حَسَنًا، فالْمُعْتَمَد جَوَازُ حَلْقِ جَمِيعِ شَعْرِ الْمَرْأَة مَا عَدَا شَعْرَ رَأْسِهَا

«Хадистегі «тәнмис» деген – қасты әдемілеп жұқа әтіп жұлуды айтады. Негізі, әйел кісінің шашынан басқа барлық түктерін алуға рұқсат».

 يُحْمَلُ مَا فِي الْحَدِيثِ عَلَى الْمَرْأَةِ الْمَنْهِيَّةِ عَنْ اسْتِعْمَالِ مَا هُوَ زِينَةٌ لَهَا كَالْمُتَوَفَّى عَنْهَا وَالْمَفْقُودِ زَوْجُهَا

«Ал, хадистегі тыйым болса, ол – күйеуі қайтыс болған кезде және күйеуі із-түссіз жоғалып кеткен сияқты кездерде әшекей заттарын қолдану тыйым салынған әйелге жорамалданады»[4].

Сондай-ақ, кей ғұламалардың айтуынша қалың қасты аздап алу хадистің аясына кірмейді. Өйткені ол хадисте айтылған «намс» ұғымына жатпайды. Ал, харам болған «намс» – қасты түгелдей жұлу дейді олар. Сондай-ақ осы күнгі мамандар арасында қасты шеттен шықпай, аздап ретке келтіруге болатындығын айтатындар да жоқ емес.

Ендеше, күйеуіңіздің өтініші бойынша қасыңызды ретке келтіруіңіз күнә болмайды. Тек мына екі мәселені ескергеніңіз жөн:

  1. Ниетіңіз жарыңызға әдемі көріну болуы тиіс.
  2. Имам ән-Нәуауи секілді кейбір ғалымдар қасты мүлде жұлуға болмайды деп қарсы фәтуа берген. Сондықтан әйел кісінің қасы көзге ерсі көрінетіндей тым қалың болмаса, тақуалық тұрғысынан жұлмаған абзал. Ал жұлған жағдайда тым жіңішкертпей, аздап  ретке келтіруінің ағаттығы жоқ. Хадисші Әбу Дәуід хадисте келген «Намиса» сөзіне: «Қасты жіңішке болғанша жұлғанды айтады», - деп анықтама берген[5].


[1] Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын (немесе беттегі қылды) жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ денеге сурет салғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады», – деген. Әбу Дауд, Тәрәжжүл-5 (4170). Бухари, Муслим т.б.
[2] Ибн Ғабидин Мұхаммед Әмин ибн Омар ибн Абдуль Азиз: «Раддуль Мұхтар аляд дуррил Мұхтәр». 9 том. 536 бет. «Дару Аалимиль Кутуб». Рияд. 2003 бет. «әл-Хазр уәл Ибаха».
[3] Шәмсуддин Мұхаммад ибн Ахмәд ибн Шиһәбуддин ар-Рамлий: «Ниһаятул Мухтаж илә Шархиль Минһәж» - Китабус сала -2 том. 5бет. Байрут-Ливан. باب يشتمل على شروط الصلاة وموانعها
[4] «Хашияту әл-Адауи» (www.feqhweb.com); «Әл-Маусуғатул фиқһия» – 14 том. 81 бет. Кувейт.
[5] والنامصة التي تنقش الحاجب حتى ترقه

Абдусамат Қасым