Контактілі линза тағуға бола ма?
Контактілі линза тағуға бола ма?
4 ай бұрын 3424

Әссәләму ғалейкум! Қара түсті линза тағуға бола ма? 

 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, контактілі линзаларды екіге бөліп қараған жөн.

Біріншісі – көздері нашар көретін кісілердің көзілдірік орнына тағатын линзалар. Егер, көзге зияны болмаса, көзілдіріктің орнына линза тағудың ағаттығы жоқ. Көзілдірік тағу қалайша халал болса, ол да солай халал болмақ. Бұған емдік мақсатта тағатын линза түрін де жатқызсақ болады.

Екіншісі – әсемдік үшін тағылатын түрлі-түсті линзалар. Қазіргі дін мамандарының көпшілігі линзаның бұл түрін әшекейленудің бір түрі санап, оған да «мубах» деген үкім беруде. Мысалы, әйел кісілердің қолдарына қына жағулары, сақина тағулары, шаштарын бояулары (бірақ шашын бөгде еркекке көрсетпеуі керек, ол үшін шариғат шәлісін тағу парыз етілген), көздеріне сүрме жағулары, бұлар дінде рұқсат етілген амалдар. Әсемдік үшін белгілі бір түстегі линзаларды тағу да, соған жатады дейді олар. Линза – уақытша нәрсе, әрі ол – Алланың жаратқан нәрсесін өзгертуге алып келмейді.

Бірақ, линза мәселесінде мына нәрселерді ескерген жөн:

  1. Көздің жанарына тигізер ешқандай зияны болмауы тиіс.
  2. Әртүрлі жануарлардың көздеріне ұқсас бейнеде болмауы керек. Мысалы, мысықтың, қабыланның т.б.  
  3. Көзбояушылық үшін және біреуді алдау мақсатында тақпаған болуы керек. Мысалы, айттырып келген жігітінің көзіне «қара көзді» боп көрініп, кейін «қой көзді» болып шықса, немесе "көк көзді" боп көрініп, кейін "қара көзді" болып шықса, бұл да белгілі дәрежеде алдағанға жатады. Сондықтан да, ондай кезде көздегі линзаны шешкен абзал.

Осы тұрғыда айта кетелік, линзаның қай түрі болса да дәрет пен ғұсылға кедергісі жоқ.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым