Жазда әйел кісінің шұлықсыз, жалаң аяқ сандал киіп жүруіне болмай ма?
Жазда әйел кісінің шұлықсыз, жалаң аяқ сандал киіп жүруіне болмай ма?
3 жыл бұрын 3950

Әссәламуалайкум уа рохматуллаһи уа барокатуһ! Әйел кісінің жалаң аяқ жүруіне бола? Нәскисіз сандал киіп жүруіне бола ма? Мәдияр.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен айта кету керек, Ханафи мәзхабы ғалымдарының арасында «әйел кісінің аяғының тобықтан төменгі бөлігі» ғаурат па, жоқ па, дегенге байланысты үш түрлі пікір білдірілген. Олар:

1) Аяғының тобықтан төменгі бөлігі ғаурат емес.

2) Аяғының тобықтан төменгі бөлігі ғаурат.

3) Аяғының тобықтан төменгі бөлігі намазда ғаурат емес, сыртта (көшеде) ғаурат болады.

Осы үш пікірдің біріншісі Ханафи мәзхабында негіз болып саналған[1]. Бұл Имам Ағзам Әбу Ханифаның тоқтамы және көпшілік Ханафи ғалымдарынша да әйел кісінің аяғының тобықтан төменгі бөлігі ғаурат емес[2]. Өйткені аяқтың ол бөлігі Құран аятында айтылған өздігінен көрінетін жерлер қатарынан болып табылады[3]. Сол себепті, намазда болсын, көшеде болсын, аяғының тобықтан төменгі бөлігін жаппауы күнә болып саналмайды[4].

Қорыта айтқанда, жаз айларында мұсылман әйелдің шұлықсыз, жалаң аяқ сандал немесе сандал сияқты ашық үлгідегі аяқ киімдерді киіп жүрулеріне болады. Оның еш күнә тұсы жоқ. Бастысы - аяқтың ең кемі тобыққа дейінгі жері жабық болуы тиіс.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 2/78 бет.
[2] Өзге мәзхабтарда аяғы ғаурат, жабық болуы керек.
[3] Құран Кәрім: «Нұр» сүресі, 30 аят.
[4] Бірақ Имам Мәусули сынды Ханафи ғалымдары «әйелдің аяғы намазда ғаурат емес, намаздың сыртында ғаурат» деген.

Абдусамат Қасым