Хайызы келген әйел қадір түні не істесе болады?
Хайызы келген әйел қадір түні не істесе болады?
11 жыл бұрын 62406

Етеккірі келген әйелге мешітке кіруге, Құран оқуға, тыссыз Құран ұстауға, намаз оқуға және ораза ұстауға болмайды[1]. Сондықтан, бұл жағдайға тап болған әйел кісі мешітке келмей, қадір түнін өз үйінде өткізеді. Ардақты Пайғамбарымыз өзінің асыл сөзінде: «Етеккірі келген әйел мен ғұсылы жоқ адамға (жүніп) мешітке кіруді халал етпеймін»[2], - дей отырып етеккір кезінде әйел кісіге мешітке кіруіне болмайтындығын ескерткен.

Ендеше, ондай жағдайдағы әйел қадір түнін үйінде күтеді. Намаз оқымағанымен Алладан дұға тілеп, тәспі тартып «субхәналлаһ», «әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбәр» деген сияқты зікірлер мен «астағфирулла» деп истиғфарды жүз-жүзден айтып отыруына болады. Сондай-ақ, жаттаған дұға-аяттарын да дұға мақсатымен оқуына болады (мысалы, "раббана әтина" дұғасы). 

Өз тілінде Аллаға жалбарынып, қажетін сұраса болады. 

Қадір түнінде мына дұғаны оқу мустахаб: «Аллаһумма иннәкә ғафу’ун тухиббуль ғафуә, фәғфу анни!».

Мағынасы: "Уа Жаратушы ием! Сөзсіз Сен кешірімдісің әрі кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр! Айша анамыз Алланың Елшісінен: «Қадір түнінде не айтсам болады?», – деп сұрағанда, Ол (с.а.у) осы дұғаны айтуды кеңес еткен[3].

[1] Бурхануддин әл-Мәрғинани, әл-Хидая – 1/74 бет.
[2] Әбу Дәуід, Китабут Таһара - №232-хадис.
[3] Әл-Хаким, әл-мүстәдрак –779-баб/№1985-хадис.

Абдусамат Қасым