Хайызға байланысты алты сұрақ
Хайызға байланысты алты сұрақ
6 жыл бұрын 35445

- Әйелдерге айылық (хайыз) келген кездегі намазды өтеу міндет пе? Біреу қаза болады дейді, біреу қаза болмайды дейді. Нақты сол жері біраз ойландырады!

- Хайыз кезде оқылмаған намаздардың қазасы кейіннен өтелмейді.  

- Намаз уақыты кезінде хайызы келсе, кейіннен ол намаздың қазасын өтеуі керек пе?

- Ондай жағдайда намаздың қазасын өтеудің қажеті жоқ. Өйткені, хайыздың келуі себепті намаз оқу міндеттілігі түседі.  

- Мысалы, бесін намазының уақыты шыққаннан кейін хайыз келсе және ол намазды оқымаған болса, кейіннен қазасын өтеу керек пе? 

- Хайыздан тазарғаннан кейін бесін намазының қазасын өтеу керек болады. Себебі, оны хайыз келмей тұрып қаза етіп отыр.

- Намаздың парызын оқып тұрған сәтте хайыз келген болса, ол намаздың қазасын кейіннен өтеу керек бола ма?

- Қазасы өтелмейді. 

- Намаз уақытының ақырғы бөлімінде хайызы тоқтаған әйел, ғұсылдануға және одан кейін намазын оқып алуға жетерліктей уақыт болса да, ғұсылды кешіктірсе және сол себепті намазы қаза болса, ол намаздың қазасын өтей ме?

- Ол намаздың қазасын өтейді. Себебі, жетерліктей уақыт бола тұра, ғұсылды кешіктіріп, намазын қаза етіп отыр.

- Ал, егер, намаз уақытының ақырғы бөлімінде хайызы тоқтап, бірақ ғұсылданып алуға жетерліктей уақыт қалмаса, ол намаздың қазасын өтей ме?

- Ол намаздың қазасын өтемейді. Мысалы, бесін намазының шығуына 10 минут қалғанда хайызы тоқтады делік. Ол әйел дереу ғұсылданып шығам дегенше уақыт шығып кетсе, ол намаздың қазасын өтемейді. 

Имам Мұхаммед (рахимаһуллаһ): әл-Асл. (1/300)

Абдусамат Қасым