Хайыз бір күн келіп тоқтап қалса, намазымды оқи беруім керек пе?
Хайыз бір күн келіп тоқтап қалса, намазымды оқи беруім керек пе?
9 жыл бұрын 19752

Сәлеметсіз бе! Білгім келгені: Қандай да бір келген өзгеше түс хайыз болып санала ма? Мысалы, кеше ақшам намазының алдында білінер-білінбес ашық күреңдеу түс білінді. Бірақ, одан кейін ештеңе білінбей кетті. Енді қалай болады? Хайыз деп күтуім керек пе? Әлде намаздарымды оқи берейін бе? Оқысам күнә бола ма? Оқымаған болсам, қаза етемін бе?   Гүлмира

Сәлеметсіз бе, Гүлмира!

Әуелі мынаны біліп алу керек:  ақ түстен басқасының бәрі (қоңыр, жасыл, қызыл, топырақ түс т.б.) – хайыз үкімінде.

Екіншіден, екі хайыз арасындағы тазалық күндері ең кемі он бес күнге толған болуы керек.

Үшіншіден, қан қандай да бір сырқаттықтың салдарынан туындаған болмауы керек.

Төртіншіден, хайыздың ең аз келу уақыты – үш күн (72 сағат), ең көбі - он күн.

Сіздің жағдайда, ашық күрең түсті болып келгендіктен, оны хайыз қаны деуге негіз бар. Алайда, шам намазының алдында ғана көрініп, одан кейін тоқтап қалғандықтан, түбегейлі хайыз қаны деп есептеуге әлі ерте. Сіз сол күнгі шам намазын оқымайсыз. Ал, құптан намазын ақырғы уақытына дейін тосасыз (шығып кетпейтіндей уақытқа дейін). Егер, оған шейін қан көрінбесе, дәрет алып, құптан намазын оқисыз.  Одан әрі де көрінбесе, намаздарды уақытылы оқып кете бересіз[1].


[1] Ибн Ғабидин – Хайыз.

Абдусамат Қасым