Дінімізде әйелдердің қоғамдық моншаға баруларына қатысты не айтылған?
Дінімізде әйелдердің қоғамдық моншаға баруларына қатысты не айтылған?
6 жыл бұрын 12891

Ассаләмуғалейкум! Әйелдер моншасы «общая баня» дұрыс па? Жалпы көпшілік болып, әйелдер моншаға түссе қандай талаптары бар? Нұрдәулет.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алланың елшісі Мұхаммед ғалейһиссәләм бір хадис шарифте сахабаларға былай деп айтқан:

«Сендерге болашақта бөтен жерлер ашылады (қарамағыларыңа өтеді). Ол жерлерде «Хаммам» (монша) делінген үйлерді көресіңдер. Ондай жерлерге ер кісілер тек изар киіп кірсің (Изар – белден төменгі жағын жауып тұратын орағыш).  Әйел кісілерді оған барудан тыйыңдар. Тек сырқаттанған әйелге немесе нифас қаны келген әйелге рұқсат»[1].

Осы және осыған ұқсас хадистерге сүйене отырып, кейбір Ханафи ғалымдары әйел кісілердің қоғамдық моншаға баруларына дінде рұқсат жоқ деп есептеген. «Тек, сырқаттық кезінде немесе хайыз-нифас кездерінде, үзір себепті, баруларына болады» дейді. Бұлай деушілірдің арасында Ханафи ғалымы Шәйхуль Исләм «Хәуәһир Зәде» (р.а.) бар.

Басқа бір топ Ханафи ғалымдары бойынша, ерінің рұқсатын алып, көшеге шығарда жабық киініп шықса әрі моншаға кірерде де изарын оранып алса, моншада шомылуының діни тұрғыда еш ағаттығы жоқ. Олардың пайымынша: әйел кісілердің моншаға бару қажеттілігі ерлерге қарағанда басымырақ. Әйел ерлер сияқты хауыздар мен өзен-көлдерде еркін шомыла алмайды. Ер кісілер ол жөнінен еркін. Сол себепті, ер кісілерге моншаға бару рұқсат болса, әйел кісілерге де рұқсат болуы заңды. Ал, жоғарыдағы хадисті ерінің рұқсатынсыз әрі ашық-шашық киініп шыққан әйелдерге қатысты деп жорамалдауға болады дейді олар. Әйел баласына моншаға баруды рұқсат деп тұжырымдаған ғұламалардың бірі - Имам Сәрәхси (р.а.)[2].   

Қорытындылай келе, мұсылман әйелдің қоғамдық моншаға баруына болады деуіміз үшін:

Біріншіден, тек әйелдерге арналған жер болуы шарт.

Екіншіден, моншадағы әйелдер өз-араларында ең аз дегенде кіндік пен тізе арасын жауып жүрген болулары керек. Әйелдердің өз-ара ғаурат жерлері – кіндік пен тізе арасы. 

Үшіншіден, қоғамдық моншаға барушы әйелдер кілең мұсылман дініндегі әйелдер болулары шарт. Себебі, мұсылман әйелдің мұсылман емес әйелдердің алдында ғаурат жерлерін ашуына тыйым салынады. Бұған қатысты, хадис және тәпсір кітаптарында мынадай бір риуаят келтірілген: Әзіреті Омар халифа болып тұрған кезінде Сирия өңірінің әкімі сахаба Әбу Убайда ибн әл-Жаррахқа былай деп хат жазып жібереді. Хатта: «Мұсылман  әйелдерінің кейбіреулері, әһли китаптан болған әйелдермен бірге моншаға кіреді екен. Оны тый!», - делінген.

Төртіншіден, өз үйінде қажет кезде қиналмастан шомылып алатын ванна, душ немесе жеке моншасы болмаған болуы керек. Ондай мүмкіндігі бар әйел сырттағы қоғамдық моншаларға бармағаны абзал. Риуяттарға қарағанда Айша анамызға Сирия жерінен бір топ әйелдер келеді. Сонда Айша анамыз олардан:

- Қай жақтансыңдар? - деп сұрайды. Олар:

- Біз Шам жеріненбіз» деп жауап береді.

- Олай болса, сендер әйелдері моншаға баратын Кура аймағынан болдыңдар ғой. 

- Иә - дейді Сириялық әйелдер. Сонда Айша анамыз:

- Мен Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Қайсы-бір әйел үйінен басқа жерде шешінетін болса, онысы – Алла мен өзінің арасындағыны жыртқаны» - дейді[3]. Яғни, Алла мен өзінің арасындағы ұят пен тәлім-тәрбие пердесін жыртқаны болып саналады. Ендеше, мұсылман әйел кісінің сырттағы моншаға барып шомылуынан, үйіндегі жуынатын жерінде шомылуы әдеп тұрғысынан абзал екен. Ал енді үйде жуынуға мүмкіндік болмаса немесе суықтап ыстық моншаға түсу қажеттілігі туындаса, ол басқа.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әбу Дәуід: Сүнән – Китабуль Хаммәм. №4011 хадис.
[2] Бурхануддин ибн Мәзә әл-Бухари: әл-Мухитуль Бурһани. 5/384 бет.
[3] Әбу Дәуід: Сүнән. №4010 хадис.

Абдусамат Қасым