Діни тұрғыда қыз баласының махрамсыз шетелде оқып келуіне бола ма?
Діни тұрғыда қыз баласының махрамсыз шетелде оқып келуіне бола ма?
3 жыл бұрын 5045

Сәлеметсіз бе! Шетелге оқуға түссем, махрамсыз бара аламын ба? Дін жолындағы оқу емес, математика саласы. Нұргүл Әнуар.

Сәлеметсіз бе!

Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйел затының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, әйел затының ең аз үш күндік жерге кәмілет жастағы еркек туысының серіктік етуінсіз сапар шекпеуін бұйырған[1]. (Махрам – арада неке түспейтін туысы).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл тыйымын тіке қабылдап, әйелдің жалғыз өзі жолаушылауын харам санайтын дін ғалымдары бар. Тіпті, қажылық пен умрадан басқа, кез-келген үш күндік ұзақ сапарға жалғыз өзі шығуы харам, мұнда ижма бар делінеді мәліметтерде.

Дегенмен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аталмыш хадис шәрифін «қауіпсіздік үшін айтылған» деп түсінуге де болады, олай деуімізге итермелейтін сахих риуаяттар бар[2]. Олай болған жағдайда, жол қауіпсіздігі жан-жақты сақталған әрі әйел кісілердің жалғыз сапар шегуі әдеттегі жағдайға айналған қоғамда – әйел кісілердің махрамсыз жол жүруі күнә емес деуге болады. Мысалы, бұрындары түйемен, атпен айлап жүретін жерге, қазіргі таңда ұшақпен екі-үш сағатта жетіп барады. Сондықтан да, бұл мәселені заманына қарай, қоғамына қарай және баратын жеріне қарай үкімін де қараған жөн. Және де жолда серіктік етер сенімді әйел жамағатының болғаны маңызды.  

Ендігі жерде, сауалыңызға орай айтарымыз. Баратын мемлекетіңіз сенімді, әрі барар жолы қауіпсіз болғанымен, шетелдің аты – шетел. Сондықтан да, мүмкіндігінше барарда ағаңыз немесе әкеңіз, не болмаса, өзге кәмілет жастағы жақын туысыңыздың сізбен бірге ілесіп барып, оқитын жеріңізге тапсырып, өз көзімен көріп, орналастырып қайтқаны абзал. Ақылға да, нақылға да (хадис) сайы осы болмақ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] «Сахих Мүслімде» орын алған хадисте, сахаба Әбу Сәғид әл-Хүдриден жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Аллаға және ақірет күніне иман еткен әйелдің үш күндік не одан көп күндік жерге сапарға шығуы халал емес. Бірақ, өзімен бірге әкесі немесе баласы яки күйеуі, не болмаса, бауыры т.б. махрамының бірі болса, ол басқа».
[2] Бұл жайында толығырақ "Әйел кісі махрамсыз, жалғыз өзі сапарға шыға ала ма?" атты жазбамызды оқи аласыз

 

Абдусамат Қасым