Бесін намазының уақытында хайыз келсе, ол намаздың қазасы өтеле ме?
Бесін намазының уақытында хайыз келсе, ол намаздың қазасы өтеле ме?
8 жыл бұрын 7174

Әссәләмуғалейкум! Сізден сұрайын деп едім. Егер хайыз, мәселен, бесін намазының уақыты кіріп қойғанда келсе, бесін намазы қаза бола ма, бесін намазын әлі оқымаған болса? Фатима.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әлдебір намаз уақыты ішінде хайызы келген әйел, ол намаздың қазасын өтемейді. Сондықтан да, сіз сұрап отырғандай, бесін намазының уақыты кіргенде хайызы келген жағдайда, ол намаздың қазасын өтеу шарт емес.  

Ал, керісінше, намаз уақыты ішінде хайызы тоқтаған болса қайтеді? Ондай кезде қарайды. Егер, ең жоқ дегенде ғұсылданып, намазға бастап үлгерердей уақыт бола тұра ол намазды қаза етсе, оның қазасын өтейді. Ондай уақыт қалмаса, ол намаздың қазасын өтемейді[1].  

Мысалы, ғұсыл алып, уақыты шығуға таяған намаздың парызын бастап үлгеру үшін шамамен ең аз 15 минут керек делік. Осыған орай, намаз уақытының шығуына ең аз 15 минут қалғанда хайызы тоқтаған әйел, жеткілікті уақыт бола тұра намазды қаза етсе, бұл намаздың қазасын өтейді. Ал, уақыт шығуына 5-10 минут қалғанда тоқтаған болса, онда бұл намаздың қазасын өтемейді. Өйткені, (мысалға сай) аталмыш уақыт - ғұсылданып, намазға бастау үшін жеткіліксіз. 

(Мысалда көрсетілген уақыт - жай мысал ретінде болжаммен айтылып отыр. Нақты емес).


[1] Шүрүнбүләли: Имдад – 142 бет.; Имам  Мұхаммед: "әл-Асл". 1/300 бет. 

Абдусамат Қасым