Басқа орамал тағу туралы нақты Құранда айтылмаған дейді. Осыған не дейсіз?
Басқа орамал тағу туралы нақты Құранда айтылмаған дейді. Осыған не дейсіз?
11 жыл бұрын 55367

Бұрын Құран Кәрімді алғаш орыс тіліне аударған Иман Порохованың әйел адамның басқа орамал тағуы туралы Құранда нақты ешнәрсе жазылмағандығын айтқанын естіп едім. Өзім кейін Елбасының халыққа тартуы ретінде аударылған Құран Кәрімнің "Нұр" сүресіндегі мәтінді оқып екі ойлы болдым. Осы мәселені нақты айтсаңыздар. Динара Болат   

Құрметті Динара, Құранда орамал туралы нақты айтылмаған деу бекершілік. Өйткені «Нұр» сүресіндегі әйел кісіге кімнің алдында шариғат шәлісін тақпауға болады деген мәселеге қатысты үкімді баян еткен 31-аятта: 

«Сондай-ақ зейнеттерін (шариғатта ұятты деп саналатын жерлерін) көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа.  Және орамалдарын омырауларын жауып тұратындай етіп тақсын»,

- делінген.  Аяттың арапшасында «وليضربن بخمرهن على جيوبهن» деп келеді.

Осы аяттағы «Хумур» сөзі басқа таққан орамал болса, «Жүйюб» сөзі жағадағы ойықты айтады. Яғни, жағадағы ойықтың кеңдігі себепті кейде көкірек тұсы ашық қалуы мүмкін. Аят осыны да ескеріп "омырауларын жауып тұратындай" жабылуын әмір етті.

Деректерге қарағанда бұл аят түспей тұрып, әйел кісілер бастарына орамал тағып, арт жағын салбыратып қояды екен де, мойны, көкірек тұсы және құлақтары ашық болады екен. Кейін аят аталмыш жерлер жабық болатындай етіп байлауды бұйырды[1].

Тағы бір аятта Алла Тағала былай деген: 

"يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ قُلْ لأَزْوَاجِكَ وَبَنَاتِكَ وَنِسَاءِ الْمُؤْمِنِينَ يُدْنِينَ عَلَيْهِنَّ مِنْ جَلابِيبِهِنَّ ذَلِكَ أَدْنَى أَنْ يُعْرَفْنَ فَلا يُؤْذَيْنَ وَكَانَ اللَّهُ غَفُوراً رَحِيماً

"Әй Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: "Үстеріне бүркеншіктерін орансын. Бұл, олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Алла (Т.) аса жарылқаушы, тым мейірімді".

Осы аяттағы "Жилбәб" сөзі кең әрі ұзын сыртқы киісті айтады. Яғни, мұсылман әйелі басына шариғат шәлісін тағып, үстіне кең ұзын көйлек кимегі ләзім екен.

Абдусамат Қасым

[1] Құртуби, Нұр сүресі тәпсірі, 31 аят.
[2] "Ахзаб" сүресі, 59 аят.