Аяғы ауыр әйел намазды қалай оқиды?
Аяғы ауыр әйел намазды қалай оқиды?
9 жыл бұрын 52549

Ассаламуағалейкум! Сіздерге кояр сауалым, аяғы ауыр әйелге қай айдан бастап намазды отырып оқуына рұқсат? Мен қазір «бесінші айдамын», қазірден  намазды отырып оқимын. Бұл әрекетім күнә болып санала ма? 

Айгерім Сапарғалиева

Уәғалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Қәдірменді Айгерім, жүктілік кезінде намазды тұрып оқуға қиналған сәттен бастап, отырып оқуыңызға болады. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) Ъимран ибн Хусайын деген сахабаға: «Намазды тұрып оқы. Тұрып оқи алмасаң, отырып оқы. Отырып та оқи алмасаң, бір жақ қырынан жатып оқы»[1], – деген.

Сондай-ақ, сәждеге баруды ауырсынсаңыз отырған күйі иілуіңіз жеткілікті. Тек рүкүғқа иілгеннен кейін сәждеге одан гөрі көбірек иілесіз.

Алла елшісі басқа бір хадисінде: «Мүмкін болса, жерге маңдайыңды қой. Оған шамаң келмесе, қимылмен оқы. Сәждеге рүкүғтан гөрі көбірек иіл!»[2], – дейді. 

Осы орайда, жерге отыру қиынға соқса, орындыққа отырып оқуға болады. Алла біздерге ауырлық емес, жеңілдік қалайды[3]. Бұл аятқандарымыз қатты қиналған жанға қатысты. Ал, аз-маз ауырсынғаны үшін отырып оқығаннан гөрі тұрып оқығаны дұрыс. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Әбу Дауід – 952; Тирмизи – 371. Хидая – 1/194 бет, «салатуль марыз»
[2] Әз-Зайлағи, Насбур риуая.
[3] Бақара – 185-аят.

Абдусамат Қасым