Әйелдерге қатысты сұрақ: Жүктілік кезде...
Әйелдерге қатысты сұрақ: Жүктілік кезде...
3 ай бұрын 1998

Ассаляму ъалайкум. Жүктілік кезде "угрозадан" қан келсе, ғұсыл алу керек па?

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жүктілік кезінде келген қан — үзір қаны. Жүкті әйел хайыз көрмейді. Сондықтан да, аяғы ауыр әйел кісі қан көрген жағдайда ғұсыл алуы шарт емес, дәретін жаңаласа болғаны. Намазын оқи береді.

Жүктілік кезінде келген қан хайыз емес дейтіндер – Ханафи мәзхабы мен Ханбали мәзхабы ғалымдары. Ал Мәлики және Шәфиғи мәзхабының ғалымдары «әйелдер жүктілік кезінде де хайыз көрулері мүмкін» деген байлам жасаған. Ханафи мәзхабының тоқтамы - дұрыс тоқтам екендігіне қатысты көптеген хадистер бар. Соның бірінде былай делінеді: «Аяғы ауыр әйелмен қатынасқа түсілмейді (егер аяғы ауыр әйелді некесіне алған болса), ал жүкті емес әйелмен (мысалы, зина жасаған әйелді алған болса) бір рет хайыз көрмейінше қатынасқа түсілмейді»[1].  Осы хадисте хайыздың көрінуі жүкті емес екендігінің белгісі деп тұр, бұл дегеніміз – жүктілік пен хайыз бір кезеңде орын алмайды деген сөз[2]. Сәйкесінше, жүктілік кезінде көрінген қандар -«хайыз емес», үзір қаны. Үзір қаны себепті ғұсыл бұзылмайды, дәрет бұзылады.


[1] لا توطأُ حاملٌ حتَّى تضعَ ولا غيرُ ذاتِ حملٍ حتَّى تحيضَ حيضةً (Әбу Дәуід: «Сүнән». Сахих.).
[2] Мархұм, доктор Уаһбәту аз-Зухайли: «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу».

Абдусамат Қасым