Әйелдерге қатысты сұрақ
Әйелдерге қатысты сұрақ
8 жыл бұрын 9809

Әссәләмуғалейкум! Кешіріңіз, сұрайын дегенім: ешқандай жаман түс көрмесе де, ұйықтап тұрғанда дымқылдық байқаса, ғұсыл алу керек пе? Анон.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Құрметті сауал жолдаушы, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) аталмыш мәселеге қатысты былай деген: «Кім де кім оянғаннан кейін дымқылдық байқаса, тіпті, түс көргені есінде болмаса да, ол кісіге ғұсыл құйыну керек. Ал түс көріп, алайда, дымқылдық байқалмаса, онда ғұсыл құйынудың қажеті жоқ»[1]. 

Хадистегі «дымқылдық» сөзін назарға ала отырып, Имам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед (р.а.) ұйқыдан оянған кісі «мәни» көрсе де, «мәзи» көрсе де ғұсылдануы тиіс деп тұжырымдаған. Өйткені, мәзи деп отырғаны «мәни» болып қалуы мүмкін. Бірақ, Имам Әбу Юсуф (р.а.) мәни емес, «мәзи» байқаса, ол үшін ғұсыл құйыну қажет емес деп пайымдайды[2]. 

Ендеше, Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің пайымына сүйенсек, сіздің жағдайда ұйқыдан кейін көрінген дымқылдық себепті ғұсыл құйыну керек. Әйтсе де, Имам Әбу Юсуф бойынша, көрінген дымқылдық мәни емес, мәзи (смегма) болса, ғұсыл шарт емес.

Осыған орай, қос ғұламаның тұжырымын қарай мүмкіншілік болып жатса, ғұсыл құйынғаныңыз абзал. Ал мүмкіндік болмаса, Имам Әбу Юсуфтың уәжін негізге алып, ғұсыл құйынбасаңыз болады.

Бұл айтқандарымыз, түс көргендігі есінде жоқ кезге қатысты. Ал, көрген түсі есінде, бірақ, оянғанда ешқандай дымқылдық байқамаса, не істейді? 

Ондай кезде, әйел кісілер оянған сәттегі жатқан қалыбына назар аударады. Егер, шалқасынан жатқан күйі оянған болса, онда, сұйықтық байқалмаса да ғұсыл құйынуы керек. Одан өзге қалыптарда оянған жағдайда көрген түсі есінде болса да, дымқылдық байқалмағандықтан ғұсыл алу шарт емес[3]. 

Шариғатта "ихтиләм" деп, түс көру себепті ғұсылдың бұзылуын айтады.


[1] Әбу Дауад – 236.
[2] Бадаиғ – 1/278 бет.
[3] Ихтияр – 1/60

Абдусамат Қасым