Әссәләмуғалейкум! Екі әйел намаз оқыса, жамағат болып, екеуінің біреуі имамдыққа шыға ала ма? Ержан.
Әйелдер өз араларында намазды жамағат болып оқи ала ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Хадис кітаптарында орын алған риуаяттардың бірінде Райтатуль Ханафия есімді сахаба әйел былай дейді:
«Парыз намазында Айша (р.а.) бізге имамдық етті. Сонда Ол (р.а.) олардың (әйелдердің) арасында тұрды»[1].
Осы хадистің басқа бір нұсқасында «Ол олардың араларында ортада тұрды» делінген.
Ханафи ғұламаларының көпшілігі әйел кісілердің өз алдарына жамағат болып оқуларын мәкруһ санаған. Және мұндағы мәкрүһті - "харамға жақын мәкрүһ" деп есептейді[2]. Ал, жоғарыдағы Айша анамыз жайында айтылған риуаяттың үкімі жойылған деп отыр («мұстахаб болу үкімі жойылған» деп түсіндірме жасағандар бар).
Әйтсе де, орта буын Ханафи ғұламаларынан мухаққиқ Ибн Һумам (р.а.) «Һидаяға» жазған түсіндермесінде осы мәселеге байланысты басқа да риуаяттарды талқылай келе, жоғарыдағы Айша анамызға қатысты хадистің үкімін жоятын нақты хадистің жоқтығын, ал келтірілген хадистерден: әйел кісілердің жамағат болып оқулары «тәхриман мәкруһ» деген емес, «тәнзиһән мәкрүһ» яғни, жеңіл мәкруһ деген үкім шығаруға болатындығын айта келе сөз соңында:
"Біздің (яғни, өзінің) ондай үкімге баруымыз міндетті емес (яғни, тахриман мәкруһ деген тұжырымға қосылмаймын). Басты мақсат - ақиқатқа ілесу, қандай болса да[3].
("Жеңіл мәкруһтің" астарында "ағаттық жоқ" деген мән жатыр).
Бұған қоса, мүлдем мәкруһ санамайтындар да бар. Атап айтсақ, Ханафи ғалым Мулла Алиюль Қари, Имам Ләкнәуи.
Мулла Алиюль Қари (р.а.) бұған қатысты мынадай уәж айтады:
«Ашығы сол, мәкруһ болуы - олардың сыртқа шығып, көрінулеріне қатысты, ал, жабылып, үйлерінде имамдық етулеріне рұқсат»[4].
Енді сіздің сұрағыңыздағы екі әйел кісінің бірі имамдық етуіне бола ма? – дегенге кейінгі буын Ханафи ғалымдарынан Имам Ләкнәуи (р.а.): «болады» деген. Өзінің бір мақаласында аталмыш тақырып төңірегінде кеңінен әңгіме қозғаған Ол (р.а.) сөз арасында былай деп өтеді:
«Әйелдің намазда имамдық етуі мәкруһ болуы үшін, үш немесе одан көп әйелге имамдық еткен болуы керек. Сонда ғана, «имамның ортада тұру» мәкруһтігі туындайды. Ал, (өзінен бөлек) екі әйелге, араларында тұрып, имамдық етуінде мәкрүһтік жоқ... Жалпы алғанда әйелдердің жамағатпен оқулары мәкруһ емес»[7].
Қорытындылай келе, әйел кісілер өз араларында жамағатпен емес, жеке-жеке оқығандықтары абзал. Өйткені, көпшілік Ханафи ғұламалары мәкруһ санайды (онда да, үш не одан көп әйелге, ал одан азға мәкруһ емес). Дегенмен, жамағат болып оқитын болса да намаздары дұрыс. Ондай кезде имамдық ететін әйел саптан айырылмай, ортасында тұрады. Айша анамыз солай имамдық еткен[5]. Тек, дәл қатарласып емес, аз мөлшерде ілгері тұруы ләзім. Кітаптарда бұл «өкшесі арттағылардың өкшесінен ілгері тұруы тиіс» деп түсіндіріледі[6].
[1] Имам Даруқұтни: Сүнән – (2) 1490. (1) 1489: «Үмму Уарақа (Уарақаның анасы) имамдық ететін. Пайғамбарымыз (с.а.у) оған үй ішіндегілеріне имамдық етуіне рұқсат етті».
[2] Ибн Нүжәйм: Бахрур раиқ – 1/614.
[3] Имам ибн Хумам: Бәтхуль Бәри – 1/365 бет.
[4] Мулла Алиюль Қари: Фәтху Бәбуль Иная – 1/268 бет.
[5] Басқа бір риуаятта Хусойн қызы Хужайра былай дейді: «Үмму Сәләмә асыр намазында бізге имамдық етті. Сонда біздің арамызда тұрды» (Абдурраззақ. Мусаннаф).
[6] Әл-Ләкнәуи: Тухфатун нүбәлә – 9 (224) бет.
[7] Әл-Ләкнәуи: Тухфатун нүбәлә – 14 (229) бет. (5/211)