Әйел адамға тақасы (өкшесі) биік аяқ киім киюге бола ма?
Әйел адамға тақасы (өкшесі) биік аяқ киім киюге бола ма?
5 жыл бұрын 8759

Әссәләму алейкум. Әйел адамға тақасы биік аяқ киім киюге бола ма? Еркебұлан

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыздың хадистеріне назар салар болсақ, Алла елшісі бұрынғы өткен Исраил қауымының рухани тоқырауға ұшырауының себептерін баяндай келе, сол қауымнан болған бір әйелдің өзін ұзын көрсету үшін аяғына ағаштан биік табанды (немесе өкшелі) аяқ киім киіп алып жүргенін айтып өтеді.  

Бұрынғы заманда, Исраил қауымында қысқа бойлы бір әйел өмір сүріпті. Оған өзінің қысқа бойлы болғаны және осы себепті еркектердің назарынан мақұрым қалып жүргені жанына батады екен. Өйткені жергілікті еркектер ұзын бойлылықты сұлулықтың белгісі ретінде көретін болған. Ол Алланың жаратқан бойына ризалық танытудың орнына, өзгелердің назарларын өзіне аудару үшін бойының қысқалығына шешім іздей бастайды. Ақырында, ұзын көрінудің жолын тауып, аяғына арнайы ағаштан биік аяқ киім жасатады. Оны көшеге шыққанда киіп шығады екен. Ұзын етектен аяғына кигені көрінбегендіктен сырт көзге шыннан да бойшан боп көрінетін. Онымен қоса, зергерге барып, арнайы хош иіс шашып тұратын жүзік істетеді. Жүзіктің ішіне әтір құйып алып, адамдар жиналған жерден өтіп бара жатып қолын сілкейді екен. Осылайша, еркектердің назарын аудара білген екен.

Бұл оқиғаны Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден жеткен хадисте Пайғамбарымыз былайша қысқаша баяндап өтеді:   

كَانَتِ امْرَأةٌ مِنْ بَنِي إسْرَائِيلَ قَصِيرَةٌ ، تَمْشِي مَعَ امْرَأتَيْنِ طَوِيلَتَيْن ، فَاتخَذَتْ رِجْلَيْن مِنْ خَشَبٍ ، وَ خَاتَماً مِنْ ذَهَبٍ مُغْلَقٌمُطْبَقٌ، ثُمَّ حَشَتْهُ مِسْكّا، وَهُوَ أَطْيَبُ الطِّيبُ ، فَمَرَّتْ بَيْنَ الْمَرْأتَيْنِ فَلَمْ يَعْرِفُوهَا ، فَقَالَتْ بِيَدِهَا هَكَذَا

«Исраил қауымынан бойы қысқа бір әйел болған. Ол бойы ұзын екі әйелмен бірген кетіп бара жатты. (Екі бойшанның қасында қысқалығы білініп қалатын болғандықтан) Аяғына ағаштан аяқ киім киіп алды (қасындағылары сияқты бойшан көріну үшін). Ал қолына беті жабық қақпағы бар алтын жүзік тағып алып, ішіне керемет хош иісті мускус құйып қойды. Екі әйелдің арасында (адамдардың жанынан) өтіп бара жатты. Көрген еркектер оны танымады. (Сонда әлгі әйел) Қолымен былайша айтты (яғни, жүзік таққан қолын ишара жасап, қимылдатты, хош иіс шығарды)[1].    

Ендігі жерде, бүгінгі таңдағы биік өкшелі аяқ киімдерді де әйелдер бойшан болып көрінулері үшін киетіндіктері жасырын емес. Түптеп келгенде, сырт көзге, әсіресе ер адамдарға сымбатты боп көріну үшін киетіндігін айтуға болады. Көп әйел «биік өкшелі аяқ киім ерлерді бойұсындырудың қаруы» деп есептейді екен. Ал мұны пайғамбарымыз жоғарыдағы хадисте әлдебір қауымның рухани тоқырауға ұшырай бастауының белгісі ретінде көрсеткен.

Сондай-ақ, биік өкшелі аяқ киімдер әйел адамның жүрісін өзгертеді. Оның аяқ алысында өзгешелік пайда болып, жүрісінде наздану байқала бастайды. Ал, Құран Кәрімде Алла Тағала әйел баласының өзге еркектермен тым наздана, еркелей сөйлеудің өзін хош көрмеген.  

Бұнымен қатар, биік өкшенің тақылдап қатты дауыс шығаратындығы, осылайша өзіне назар аудартатыны да бар. Ал, Құран Кәрімде мұсылман әйелдерге қарасты: «Жасырын зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін» деп бұйырған[2].

Және де, биік өкшенің адам денсаулығына зиян екендігін бүгінде медицина саласының мамандары жар салуда. Ал дінімізде денсаулыққа зиянды дүниелерден ұзақ тұру – іргелі негіздердің бірі. 

Қорытындылай келе, діни тұрғыдан алып қарағанда тақасы тым биік аяқ киімдерді кию құпталмайды. Десе де, мүлдем тақасыз, бірыңғай жайпақ табан кию шарт деп те айтылмаған. Сондықтан да, жоғарыда аталып өтілген ағаттықтарды тудырмайтындай сипаттағы, әрі тым биік емес өкшелі аяқ киімдерді киюдің күнәсі болмас. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Сахих Мүслім.
[2] Құран Кәрім, Нұр сүресі, 31 аят.

Абдусамат Қасым