Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауыл (видео)
Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауыл (видео)
8 жыл бұрын 3121 24.kz

Қостанай облысында тәуелсіздікпен бірге түлеген Алтынсарин атты ауыл бар. Елді мекен егін мен мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Ауылдың көркі қалаға бергісіз. Жыл сайын жанға-жан қосылып, жаңа үйлер салынуда. Қазақстанда теңдесі жоқ ретро көліктер музейі мен қонақүйдің есігі қашанда айқара ашық. Тұрғындар бұл игіліктердің бәрін шаруашылық басшысы Борис Князевтің еңбегімен байланыстырады. Алтынсарино ауылы тәуелсіздіктің 24 жылдығын зор табыспен қарсы алып отыр. Ел еңбеккерлері 110 мың гектар алқапқа тұқым сеуіп, 130 мың тонна астық жинады. Сапалы бидайға сұраныс көп. Ауыл азат елдің тарихында тартылған тұңғыш магистраль «Қостанай-Ақтөбе» теміржолының бойына жақын жатыр. Теміржолға қосылу шығынды азайтып, табысты көбейтті. Қазір апта сайын бірнеше вагон бидай еліміздің әр тарапына жол тартады. Заман ағымы тек егінмен шектелмеу керек екенін көрсетті. Мұнда мал басы көбейіп келеді. Шаруашылықта бордақылау алаңы ашылғанына төртінші жыл. Қазір 2600 бас жемде тұр. Мақсат – бордақыдағы мал санын 3000-ға жеткізу. Медет Құрманов, шаруашылық зоотехнигі: - Бізге жергілікті халық, көрші маңай әкеп тапсырады. Салмағы 350 кг-ға дейінгі еркек малдар мен жас төлдерді қабылдаймыз. Соны 500-520 келіге дейін жеткізіп, Үкіметке қайта тапсырамыз. Үкіметке тапсырып жатқан малдың 1 келісінің бағасы 890 теңгеден, Үкіметтің төлейтін субсидиясы 1 кг етке 170 теңге. Серіктестікте қазір 700 адам жыл он екі ай жұмыс істейді. Жыл сайын техника паркі жаңару үстінде. 20 жылдан бері ауылда шаруашылық есебінен 20-дан астам жаңа үй салынды. Бәрін істейтін – адам қолы, алдымен жұмыскерге жағдай жасау керек, дейді Борис Князев. Борис Князев, «Алтынсарино» ЖШС директоры: - Қазір бізде бос үй жоқ, қайта кезекте тұрғандар бар. Мұнда көктемде жаңадан келген маман күзде жаңа үй алады. Біздегі жұмыскерлердің орта жасы - 30. Бұл ауылдың да, шаруашылықтың да болашағы бар деген сөз. Алтынсариноның іргетасы қаланғанына биыл алпыс жыл. Қастерлі тарих ауыл музейінде қатталған. Мұндай ретро мұражай облыста жоқ. Ат арбадан бастап ғарышкер таситын автобусқа дейін сақталған көліктер көрмесі еріксіз таңқалдырады. Ұлы Отан соғысы жылдары қолданған машиналар да осында. Ал балалары шетінен өнерлі. Мәдениет үйі серіктестік қамқорлығында. Тіпті, өнерпаздардың киімін де шаруашылық сатып әпереді. Тана Досмұхамбетова, би үйірмесінің мүшесі: - Біз мұнда түрлі ұлттың билерін үйреніп жатырмыз. Біз бірнеше рет жарыстарға барып, бірінші орын алдық. Ауыл жыл сайын ажарланып келеді. Жұмыссыз бір жан жоқ. Жалақы тұрақты. Тұрғындар бұл шаруашылықты шашыратпай, нарықты игере білген басшының еңбегі деп біледі. Ал ел құрметіне бөленген Борис Князев ауылдың аршындауы мол мүмкіндікке жол ашқан тәуелсіздіктің арқасы деп түсіндіреді.

0 пікір
Мұрағат