Тәртіп сақшыларына тіл тигізгендерге қандай шара қолданылады?
Тәртіп сақшыларына тіл тигізгендерге қандай шара қолданылады?
4 жыл бұрын 2299

Алматы облысының полицейлері тәртіп сақшыларына тіл тигізгендерге қандай шара қолданылатынын айтты. Бұл жайында nege.kz ақпарат көзі мәлім етті. 

Алматы облысында жыл басынан бері өзінің қызметтік міндеттерін атқарып жүрген билік өкіліне тіл тигізу дерегі бойынша 22 қылмыстық іс қозғалған, 16 адам сот шешімімен бас бостандығынан айырылса, 30 адам әкімшілік қамаққа алынған.

– Қызметтік міндеттерін атқару кезінде полиция қызметкерлері заң өкілдерінің әрекеттерімен келіспейтін және мінез танытатын азаматтармен бетпе-бет келеді. Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына белсенді қарсылық көрсете отырып, өз әрекеттерінің салдарын жете түсінбестен, көпшілік алдында билік өкіліне тіл тигізеді және оларға қарсы күш қолданады. Дегенмен, қолданыстағы қылмыстық заңнамада полиция қызметкерлеріне қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің арнайы нормаларымен қарастырылған, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Самал Арғынғазинова.

ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабына сәйкес билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, сондай-ақ, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

– Әрбір іс бойынша күдікті адамдар міндетті түрде уақытша ұстау изоляторларына қамаққа алынады. Биыл жеті айда ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша 22 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 16-сы айыптау актісімен сотқа жіберілді, 6 іс өндірісте. 30 күдіктіге қатысты “қамауға алу” бұлтартпау шарасы қабылданды, – деп атап өтті спикер.

Мысалы, Қарасай аудандық сотының үкімімен И. есімді ер адам бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық-тұрмыстық жанжал бойынша келген Қарасай АПБ екі учаскелік полиция инспекторына қарсы пышақ қолдану арқылы қарсылық көрсеткен және нәтижесінде бір тәртіп сақшысына дене жарақатын салған.

– Көптеген жағдайларда кейбір азаматтар агрессивті қарсылық көрсетеді, қызметкерлерді арандатуға тырысады, тіпті өміріне қауіп төндірумен қорқытады. Сонымен қатар, олар осы әрекеттердің барлығын ұялы телефондарға түсіреді, шын мәнінде, шынайы себептерді бұрмалай отырып, өздеріне тиімді тұстарды ғана түсіреді. Заңсыздыққа жол бермеу мақсатында барлық сақтық шараларын, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын қатаң сақтауға, ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай “Тәртіпке бағынған құл болмайды” деген сөзіне сүйене отырып, өкінішке әкеп соғатын әрекеттер жасамауға шақырамыз, – деп қорытындылады Самал Арғынғазинова.

0 пікір
Мұрағат