САЛАФИЗМНЕН СЕЗІКТЕНУГЕ СЕГІЗ СЕБЕП
САЛАФИЗМНЕН СЕЗІКТЕНУГЕ СЕГІЗ СЕБЕП
8 жыл бұрын 4448

«Салафизм» термині қазақ қоғамына бұрыннан таныс болғанымен, белсенді қолданысқа биылғы терактілерден соң енді. Ақтөбе мен Алматыдағы қанды қырғынды ресми органдар осы діни ағыммен байланыстырды. Сол кездегі ҰҚК басшысы да, Елбасы да бірнеше адамның өліміне себепкер болған лаңкестердің салафизм мүриттері екенін ашық айтты. Тек дінтанушылар мен мұсылмандар діни басқармасының қызметкерлері ғана емес, бұған дейін түрлі саяси-қоғамдық мәселелерге қатысты пікір қайшылығы байқалып келген саясаткерлер мен өзге де қоғам белсенділері бірауыздан жат ағымның қауіп-қатерін талқыға салып, оған заңдық негізде тыйым салу мәселесін көтерді. Тіпті, Елбасы атына осындай өтінішпен ашық хат та жарияланды. Алайда, терроризм мен экстремизмнің алдын алу, жолын кесу бағытында қолға алынған кешенді шаралар мен тиісті заңнамаларға өзгерістер дайындау кезінде аталған ағымға қатысты нақты қадамдар назардан тыс қалды. Заңнамаларға енгізілетін өзгерістер негізінен көші-қон, қару-жарақ пен оқ-дәрі саудасы, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін қамтыды. Ал, діни танымы толық қалыптаспаған жас буынның санасын улайтын жат идеяларға, күмәнді әдебиеттер мен ақпарат көздеріне тыйым салу жайы ұмыт қалғандай болды. Бірақ, әріден ойлап қараған кісіге мұның саяси салғырттық емес, Қазақстанның өзге де мұсылман елдерімен, оның ішінде араб мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынастары шеңберіндегі сақтық шарасы екені түсінікті. Мұны жақында ғана Елбасының Сауд Арабиясына жасаған сапарынан-ақ аңғаруға болады. Билік органдары негізінен саудиядан тарап жатқан салафизм ағымына заңдық шектеу шараларын президент сапарынан кейінгі мерзімге шегеруі саяси этика тұрғысынан түсінуге тұрарлық әрекет. «Президент сапары аяқталды. Енді не қарап отырмыз?» дейтіндер де болар. Асығыстықтың қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар бұл мәселені мұқият қадағалап, қоғам реакциясын зерттеп отыр. Оған дәлел – президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, танымал саясаттанушы, діни экстремизм, терроризм мәселелерін індете зерттеп жүрген ғалым Ерлан Қариннің жақында жарияланған сұхбаты. Онда Е. Қарин «Салафизмге тыйым салу мәселесі бойынша дискуссия бірнеше айға созылып кетті.(...) Өкінішке орай, бұл дискуссия өте ұзаққа созылды және қандай да бір нақты шешім шығаруға көмектеспейді. Оған қоса созылып кеткен осы дау-дамай қоғам назарын мәселенің маңыздылығынан гөрі басқа тарапқа бұрып жіберуде» деген пікір білдіріп, ресми органдарға «қоғамның күтіп отырған шешімін қабылдауға» кеңес береді. Ал, қоғамның не күтіп отырғаны тағы белгілі. Сонымен жақын аралықта арнайы заң арқылы ма, жоқ сот шешімімен бе, бұл  қауіпті ағымның еркін таралуына, салафизм үгітшілерінің қызмет жүргізуіне, шәкірт тәрбиелеуіне нақты тосқауылдар қойылуы мүмкін. Ал, кез-келген ресми шешімдерге түсініктеме берілуі тиіс. Биліктің бұл жолғы әрекетіне салафизмнен келетін нақты қандай қауіп-қатерлер себеп болуы мүмкін? Осы тақырыптағы түрлі талқылауларда дінтанушылар мен діни қызметкерлер мәселені тек ислам қағидалары, діни рәсімдерді орындау ережелері тұрғысынан ғана қарастырып жүр. Атап айтқанда, «Құдай қай жерде?» немесе «Ол отыр ма? Оның қолы бар ма?», «Намаз оқығанда қалай тұру керек?» деген сияқты түсініктерді талқылаумен шектелуде. Ал, тұтастай бір ағымға заңмен шектеу қою үшін мұндай «талқылаулар» жеткіліксіз. Салафиттің намазды қалай оқып, қалай дәрет алғанынан жамағаттың бірегейлігіне нұқсан болмаса, тұтастай қоғамға арнайы заңмен тыйым салғызатындай қатер төнбейді. Заңға басқа жағдайлар себеп болуы мүмкін. Qamshy.kz сондай бірқатар себептерді тізіп көрді. Бірінші себеп, ол – осы «салафизм» ұғымының өзі. Мұны исламда алғашқы үш буын деп атайды. Яғни, біріншісі – сахабалар (пайғамбардың көзін көрген, замандастары), екіншісі – табииндер (сахабалардан кейінгі келген ұрпақ), үшіншісі – атба ут-табиин (Пайғамбардан кейінгі үшінші ұрпақ). Бұларды «сәләфтар» немесе «сәләфис солихин» деп атайды. Сәләфис солихин «алғашқы қайырлы буын» дегенді білдіреді. Демек, уақыт тұрғысынан бүгінгілердің «сәләфпіз» деп күпінуі – бекер. Қазақстандағы барлық мұсылман жамағаты дін ғалымдары бірауыздан бекіткен жолмен жүруі керек. Екінші себеп – салафитпіз дейтіндердің өз сенімдерін өзгеге мәжбүрлеп таңуға тырысуы, өз айтқандарымен келіспейтіндерді жау санауы. Сөйтіп, қоғамда алауыздық туғызуы. Үшінші себеп – жат ағым жетегіндегілердің діни құндылықтарды, түрлі тыйымдар мен үкімдерді тура мағынасында түсініп, буквализмге бой алдыруы. «Жиһад», «Талақ» сынды күрделі діни түсініктерге жеңіл қараудың кесірінен қаншама жан сан соғып отыр. Төртінші себеп – әлгілердің діни талаптарды орындаймыз деген желеумен ұлттық құндылықтарды сыртқа тебуі, ұлттық өнерді, әсіресе, музыка мен театр өнерін, рухани саланың басқа да бағыттарын мойындамауы. Қызды-қыздымен салафит жамағатының кейбір ұстанушылары ғылым мен техниканың, медицинаның жаңалықтарынан да бас тартқан жағдайлары туралы естіп жүрміз. Жаңа туған нәрестеге тиісті емдік процедуралар жасатпай перзентханадан шығарып алу оқиғаларын бірнеше рет құлығамыз шалды. Бесінші себеп – отбасы құндылықтарының бұзылуына тигізетін ықпалы. Бес уақыт намаз оқымайтын ата-анасын кәпір санап, үйінен қуған немесе оларды тастап кетіп қалушылар да бүгінде жаңалық болмай қалды. Ал, конституция бойынша, «Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi» (27-бап). Отбасын құру, асырау мәселесіне ат үсті қараушылық – қай мемлекетте болмасын қоғамдық мәселе. Кешегі терактілерде қаза болған, қолға түскен лаңкестердің артында да бірнеше әйелден жесір қалып отыр. Мектеп формасына қатысты дау-дамайдың төңірегінен де әсіредіншілдерді жиі көреміз. Алтыншы себеп – бұл ағымды ұстанушылардың, насихаттаушылардың жұмыс стилі. Байқауымызша, салафизм идеологтары кез-келген жерде, кез-келген адамға ашық уағыз жүргізбейді. Көбінесе діни сауаты төмен жастарды, сонымен қоса, ықпалды кәсіпкерді, қалталы азаматтарды, спорт, өнер жұлдыздарын жандарына жинауға тырысады. Жетінші себеп – аталған ағымның ресми тіркелген ұйымы болмаса да (әзірге, мынау – салафилердің ұйымы, қозғалысы дейтін ешбір бірлестік жоқ – ред.) қаржы көздерінің болуы. Мұндай құпия схемалар ресми органдардың күдігін туғызбай қоймайды. Ал, ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желідегі аталған ағым жақтаушыларының белсенді әрекеті қандай да бір қаржылық қолдаусыз жасалып жатқанына ешкімді сендіре алмайсыз. Сегізінші себеп – бұл ағымның мемлекет құрылымына тікелей қауіп төндіруі. Конституциядан бастап, Еңбек кодексі, Қылмыстық кодекстерді шариғатқа қайшы деп тану, зейнетақы, салық жүйесін харам санау – адасқан ағымдардың негізгі ұстанымы. Содан болар, кей әсіредіншілдер ресми мекемелерде жұмыс істеуден бас тартып, өз беттерінше сауда-саттықпен, басқа да қызмет көрсетумен айналысады. Салықты да тікелей мемлекетке төлемейді. Ресми тіркелген кәсіпкерлер атынан шаруасын жүргізіп, соларға ғимараттың, техникалық құралдардың арендасы ретіне қаржы ұсынады. Мемлекеттік органдар, діни басқарма Ерлан Қарин айтқандай, нақты қадамдарға барып салафизм ағымы мен оның діни әдебиеттерін заңсыз деп тануға қол жеткізсе – ең алдымен оған осы аталған себептер негіз болуы тиіс. Ал, мұның барлығын қай органның жіпке тізіп, негіздемесін жасайтынына бас ауыртудың да қажеті жоқ. Тұтастай дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрлік бар, заңнамалық базаға жауапты әділет министрлігі бар, олардың шамасы келмесе атышулы ҰҚК бар дегендей. Бастысы – нәтиже. 

0 пікір
Мұрағат