ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ (ФОТО)
|
Астана қаласындағы Қарттар үйіндегі қарияларға арналып Жеңіс күніне орай салтанатты шара болып өтті. Қарттар үйінің ауласында өткен салтанатты шараға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Қасымқызы, Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы және басқа құзырлы орган өкілдері қатысты.
Қазіргі уақытта Қарттар үйінде қос бірдей майдангер атамыз тұрып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, сол жердегілер қарияларымыздың көбісі қанды қырғынға қатыспаса да, сұм соғыстың салмағын сезінгендер. Бүгінгі бейбіт өміріміз солардың ерен еңбектері мен көзсіз ерліктері арқасында екені де сөзсіз. Ардагерлер алдында сөз алған Тамара Қасымқызы мен Өмірзақ Озғанбаевтар олардың ел тағдыры үшін атқарған өлшеусіз еңбектері жайында айта келіп, барша қарияларды Жеңіс мерекесімен құттықтады. Салтанатты шараға арнайы шақырылған «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы сөз соңында барша ардагер аталарымыз бен апаларымыз үшін дұға жасады.
Жеңіс мерекесіне орай ұйымдастырылған шара аясында Республикалық «Жас ұлан» мектебінің шәкірттері әскери парад ұйымдастырып, қарияларға құрмет көрсетті. Шара соңында Қарттар үйінің дәстүрі бойынша, ардагер ақсақалдар мен қонақтар ғимарат ауласына ағаш отырғызуға кірісті. 2008-жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл игі дәстүрдің арқасында бүгінде Қарттар үйіндегі ағаштар саны едәуір артып, баққа айнала бастапты.