Діни басқарма жиһад деп желіккендермен сахналық қойылым арқылы күресу тәсілін бастады
Діни басқарма жиһад деп желіккендермен сахналық қойылым арқылы күресу тәсілін бастады
8 жыл бұрын 3721 muftyat.kz 31.kz ҚМДБ баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жиһад деп желіккен, жат ағым жетегінде жүргендермен сахналық қойылым арқылы күресу тәсілін бастады. Айтуларынша, көптің санасына театрланған көрініс арқылы әсер ету тиімді екен. Шығыс Қазақстан облысынан арнайы шақыртылған театр ұжымы "Шырмауық" қойылымын Алматы тұрғындарына ұсынуда. 

Тек Қазақстан емес бүкіл әлемді алаңдатқан кеселмен күрестің өзге тәсілдерін де қолданудамыз деген діни басқарма драмалық қойылымға аса мән беруде. Шетелге оқуға аттанып, туған жеріне жиһадшы болып оралған ұлдың өмірі баяндалатын туынды жастарға дұрыс бағдар сілтеуге тырысты. Таяу Шығысқа талай қандасымыздың аттанғанын айтқан діни басқарма өкілі жат ағым жетегінде кетпеудің дара жолы дәстүрлі діннен қол үзбеу дейді.

CЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ, ҚМДБ наиб мүфтиі:

- Сирияға болмаса Таяу шығыстағы басқа елдерге аттанып, кейіннен барып елге оралғанда қандай жағдайлар болады деп, енді қателеспейтін адам болмайды. Бірақ біздің мақсатымыз сол зардап, сол қиындықтың баршасына бармастан бұрын алдын алу.

Алматыда жастарға арналған «Шырмауық» қойылымы өтті

Алматы орталық мешітінің ұйымдастыруымен У.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының «Шырмауық» атты екі перделі әлеуметтік драмасының қойылымы сахналанды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолдауымен сахналанған бұл қойылымның режиссері – Сахан Әкелеев. Драма авторы – Бек Рамазан. Діни басқарма жастардың жат ағымдарды ажырата білуі үшін түрлі бағытта жұмыс жасап келеді, бұл шара соның бір парасы.

Шараға «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Алматы орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбет, сондай-ақ студент жастар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қойылым барысында наиб мүфти Серікбай қажы Ораз театрдың жас ұрпаққа беретін тәлімі мол екенін айтып, театр басшылығына Бас мүфтидің алғыс хатын табыстады.

«Жастардың теріс ағымдардың жетегінде кетпес үшін «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген секілді еліміздің ұлағатты тәрбиесінің мәні өте зор. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, парасатты болады. Ондай адамды халық «Иман жүзді кісі» деп құрметтеп сыйлаған. Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру керек. Дәстүрлі құндылықтардан нәр алған ұрпақ адаспайды. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бүгінгі ұйымдастырып отырған шарасы осы дәстүрлі рухани құндылықтардың қоғам өмірінде алар орнының маңызды екенін жастарға жеткізу, насихаттау», – деді наиб мүфти.

Сахналық қойылым бір отбасының өмірі арқылы қоғамдағы діни ахуалды суреттейді. Қойылымда шетелге музыкалық білім алуға кеткен ұлын зарыға күткен ата-ана балалары келе жатыр деген хабарды естісімен туған-туыстарын жиып, дастарқан жайып, ұлдарын қарсы алады. Бірақ, жат ағымның жетегінде кеткен ұлдары жолдастарымен келіп олардың қуанышын су сепкендей басады.

Үлкендердің айтқан кеңестеріне құлақ салмаған ұлдарының жат ағымға бой ұрғанына көз жеткізген әке оны полицияның қолына тапсырады. Ал ішкі істер саласының қызметкерлері арнайы дін өкілін шақырып, жүрген жолының ақ-қарасын ажыратып береді. Жастарды шырмауықтай шырмаған осы көріністі театр актерлері нанымды жеткізді.

«Шырмауық» қойылымның сценариын белгілі актер, танымал режиссер, драматург - Бек Рамазан жазған. Қоюшы режиссері - Әкелеев Сахан Долдиұлы, қоюшы суретші-Алдабергенов Данияр Рахымбекұлы, діни кеңесшісі исламтанушы, магистр - Қуат Қабдолда.

0 пікір
Мұрағат