Қазақстандықтар шамадан тыс ауқаттанып, аз қозғалады
Қазақстандықтар шамадан тыс ауқаттанып, аз қозғалады
10 жыл бұрын 3674

Алматы қаласында  "Халық денсаулығы жас талғамайды" қауымдастығының елімізде жүргізілген кең ауқымды зерттеудің нәтижесі жарияланды. Бұл жайында Bnews.kz ақпарат көзі хабар таратты.

Қазақ Тағамтану академиясы президентінің орынбасары, биология ғылымдарының докторы, профессор Юрий Синявский аталмыш зерттеу нәтижесіне қарап, халқымыздың салауатты өмір салтынан көп артта қалып қойғанына қынжылыс білдірді. "Еліміздегі тұрғындардың тең жарысы салауатты өмір салтын ұстану үшін ешқандай әрекет жасамайды. Сусынды жеткілікті деңгейде қабылдамайды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белгілеген нормасы бойынша бір адамға арналған бір күндік сусын мөлшері 2,2-2,9 литрді құрайды. Ал еліміздің тұрғындары күніне шамамен тек 1,5 литр сусын тұтынатын көрінеді. Қазақстандықтардың күндізгі ас мәзіріне көбіне құрамының басым бөлігі көмірсудан тұратын ет, нан және ұн тағамдары кіреді. Осының бәрі артық салмақ қосуға және жүрек-қан тамырлары ауруларының артуына алып келеді", - деді ол. Зерттеу нәтижесін талдаған жетекші диетологтар төмендегідей жағымсыз деректерді алға тартты: ел азаматтарының ас мәзіріне қатысты баланс сақталмаған, құрамында көмірсулар көп тағам түрлерін тұтынады. Нәтижесінде ақуыз, май және көмірсулардың арасындағы баланс бұзылады, ал ол өз кезегінде жалпы ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді екен. "Зерттеу нәтижесі біздерді қатты алаңдатады – қазақстандықтардың 80%-дан астамының дене белсенділігі өте төмен, ал мұның салауатты өмір салтына қайшы келетіні белгілі. Сұралғандардың 41%-ының дене салмағы нормадан асып кеткен, ал артық салмаққа ие және дене белсенділігі төмен адамдар 2-ші типті қант диабетіне жиі шалдығады", - деді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің диабет орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Жанай Ақанов. Диетологтардың пікірінше, гидратация деңгейі төмен. "Қазақстандықтардың сұйықтықты пайдалануын бағалау барысында "құрғақтық" үрдісінің белең алып келе жатқаны байқалды. Тұрғындарының дене белсенділігі өте төмен, бұл өз кезегінде артық салмаққа алып келеді, нәтижесінде семіздік түйткілі пайда болады. Тұрғындар бос уақыттың көбін селсоқ өткізеді, олар тек жұмыс уақытында және тұрмыстық мұқтаждықтарды орындауда қозғалуға мәжбүр болады", - дейді Қазақ Тағамтану Академиясының вице-президенті, биология ғылымдарының докторы, профессор Юрий Синявский. Сондай-ақ, ол "Тым қауіпті өмір салтын" өзгерту үшін түрлі іс-шаралар қамтылған, барлық жас ерекшелігін және керекті дене белсенділігін ескерген ұлттық бағдарлама құру қажеттілігін алға тартты. Бұл бағдарламаны жасауға осы мәселеге қатысы бар және оны өзгертуге ықпал ете алатын барлық ұйымдар қатысуы тиіс. Сарапшылар жағдайды өзгертуге болатынына сенімді, тек ол үшін мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қоғам белсенділері мен бизнес өкілдері қолдау білдіріп, осыған жұмыла атсалысуы қажет.

Қосымша мәлімет: бүгінгі таңда қазақстандықтар Орта Азия бойынша семіздік дерті бойынша бірінші орынға шыққан. Бұл – қоғам болып дабыл қағатын қауіпті үрдіс. Сусамырмен сырқаттанғандардың 80 пайызы осы дертке артық салмақ қосқаннан шалдыққан. Бүгіндері елімізде 270 мыңға жуық азамат сусамырмен сырқаттанады екен. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсіп, бір миллионға жуықтауы мүмкін. Сауалнамаға қатысқандардың жарымы 35 жасынан бастап, тола бастағанын мәлімдесе, төрттен бірі 25 жасынан бастап, семіздік індетіне шалдыққанын жайып салған.

0 пікір
Мұрағат