Қазақстанда автосақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Сатылып кеткен көлікке салық қалай төленеді
Қазақстанда автосақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Сатылып кеткен көлікке салық қалай төленеді
1 сағат бұрын 32 24.kz Руслан Ғаббасов, Зарина Туғанбаева. Фото: depositphotos.com

Жаңа ережелер қабылданса, сақтандыру полисінің құны жүргізушінің жеке тәуекел деңгейіне қарай есептеледі. Соның салдарынан кейбір жүргізушілер үшін сақтандыру қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған түзетулерге сәйкес, сақтандыру компаниялары полис бағасын 10%-ға дейін төмендетуге немесе керісінше арттыруға мүмкіндік алады. Баға жүргізушінің жолдағы тәртібі мен жол-көлік оқиғалары тарихына қарай, яғни жеке тәуекел деңгейі негізінде қалыптасады.

Маңызды өзгерістердің бірі – «бонус-малус» жүйесінің қайта қаралуы. Қазір жол-көлік оқиғасына түспеген жүргізушілерге 50%-ға дейін жеңілдік берілсе, жаңа тәртіп бойынша бұл көрсеткіш 30%-ға дейін қысқаруы мүмкін. Яғни, тәртіпті жүргізушілердің өзі бұрынғыдан көбірек төлеуі ықтимал.

Сонымен қатар, түзету коэффициенттерін есептеу әдістемесі де жаңартылады. Ол сақтандыру статистикасына негізделіп, нақты тәуекел деңгейіне сай белгіленбек. Бұл да полис құнына тікелей әсер етеді: кейбіреулер үшін арзандаса, енді біреулер үшін қымбаттауы мүмкін.

Айта кетейік, бұл әзірге жоба. Құжат қазір «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.

Сатылып кеткен көлікке салық қалай төленеді

KAZINFORM – Сатылып кеткен автокөліктің салығы қалай есептеледі? Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті осы мәселеге қатысты түсінік берді.

Көлік салығы салық заңнамасында белгіленген салық мөлшерлемесіне сәйкес дербес есептеледі. 

- Көлік салығы көлік құралы тіркеуден шығарылған күнге дейін есептелетінін хабарлаймыз. Егер салық төлеуші 2025 жылдың кез келген айында көлік құралын тіркеуден шығарған болса, салық аталған кезеңге дейін ғана есептеледі, - деп аталып өткен комитеттің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Демек, салық сомасы көлікті иеленудің нақты кезеңі үшін есептеледі. Мәселен, 2025 жыл ішінде көлік құралын сатып алған/сатқан жағдайда, жылдық салықтың есептелген сомасы 12-ге бөлінеді және меншік құқығында нақты болған айлар санына көбейтіледі. Бұл ретте сатып алушы тарап көлік құралы сатып алынған айдан бастап төлейді. Сондықтан салық тіркеу кезеңіне байланысты есептеледі, яғни әр адам көлікке өзі иелік еткен кезге ғана жауапты.

Егер көлік иесіне 2025 жылдың басына дейін сатылған көлік бойынша салық сомасы ұсынылған жағдайда, мұндай көлік құралының уәкілетті органда есептен шығарылғанына көз жеткізу қажет.

Айта кетсек, Қазақстанда биылғы 1 сәуірге дейін 2025 жылға есептелген салық төленді. Бұл ретте, 2025 жылы қолданыста болған 3 932 теңге айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылды.

2026 жылғы 2 сәуірден бастап салық төлемі кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл есептеледі.

Салық және есептелген өсімпұл бойынша берешек болған кезде, салық органдары осы жылғы 10 мамырдан бастап мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2026 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша 639 917 салық төлеушіге қатысты 32,4 млрд теңге көлемінде көлік салығы төленбеген.

Руслан Ғаббасов

Қырғызстан мас күйінде көлік жүргізу үшін жазаны күшейтті

KAZINFORM – Ел парламенті жол қауіпсіздігіне қатысты заңнамалық түзетулерді үшінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі. 

Түзетулерге сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер жауапкершілігі күшейтілді.

Атап айтқанда:

* жүргізушінің жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзып, салдарынан денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген жағдайда үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 80 мыңнан 100 мың сомға дейін (431 мыңнан 539 мың теңгеге дейін) айыппұл салу;

* жүргізушінің жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзып, салдарынан денсаулыққа ауыр зиян келтірілген жағдайда 100 мыңнан 200 мың сомға дейін (539 мыңнан 1 078 000 теңгеге дейін) айыппұл салу немесе үш жылдан алты жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылға дейін бас бостандығынан айыру;

• денсаулыққа аса ауыр зиян келтіргені үшін алты жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салумен қатар бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру;

• алкоголь, есірткі немесе басқадан масаю күйінде жол-көлік оқиғасын жасап, салдарынан денсаулыққа жеңіл немесе ауыр зиян келтіргені үшін алты жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салумен қатар бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру;

* Мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзу, соның салдарынан денсаулыққа аса ауыр зиян келтіргені үшін сегіз жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырумен қатар белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан тоғыз жылдан он екі жылға дейін айыру;

* көлікті мас күйінде қайта жүргізгендер 100 мыңнан 150 мың сомға дейін (539 мыңнан 808 мың теңгеге дейін) айыппұл салумен қатар белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Заң жобасы сонымен қатар көлік құралын теміржол жолында, туннельде, көпірде, жаяу жүргіншілер өткелінде, көрінуі шектеулі қиылыста, тротуарларда, пандустарда, мүгедектерге арналған орындарда қалдырған немесе төтенше жағдайлар қызметі, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер немесе қоғамдық көліктің жұмысына кедергі келтірген жағдайда оны арнайы тұраққа мәжбүрлеп сүйретуге жол береді. Көлікті сүйрету және сақтау шығындарын жүргізуші өтейді.

Осыған дейін Қырғызстанда жол ережесін 3 рет өрескел бұзған жүргізуші қайтадан емтихан тапсыратынын жаздық. 

Зарина Туғанбаева

Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қызметкерлердің көлік пайдалануы шектелді

Оңтүстік Кореяда Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысының шектелуіне байланысты жанармай дағдарысы ушығып барады, деп хабарлады 24.kz

Таяу Шығыстағы соғыс басталғанға дейін бұл елге мұнайдың 70 пайызы осы өткел арқылы жеткізілетін. 2 сәуірден бастап үкімет энергетикалық қауіпсіздікке алаңдап, жанармай тұтынуды азайту шараларын енгізе бастады. 

Владислав Цой, тілші : - Оңтүстік Кореяда қазір жанармай құю бекеттерінде бензиннің орташа құны литріне 1953 вонға жетті. Біздің ақшамен 613 теңге. Бұл өткен күнмен салыстырғанда 5 вонға қымбат. Еске сала кетейін, Оңтүстік Кореядағы энергетикалық дағдарыс ақпан айының соңында Иранның Ормуз бұғазын жабуынан кейін басталды. Сырттан алып келетін мұнайдың 70 пайызы осы жолмен тасымалданатын. Әзірге оны ауыстыратын  бағыт жоқ. Дегенмен жергілікті билік елде 200 күннен аса уақытқа жететін көмірсутегі қоры барын айтып отыр. 

1 сәуірден бастап үкімет өңдеу зауыттарына мемлекеттік қоймалардан мұнайды қарызға бере бастады. Алайда, кәсіпорындар шикізат импорты қайта қалпына келтірілген соң оны қайтаруы тиіс. Сондай-ақ, 25 наурыздан мемлекеттік қызметкерлер аптасына бір рет жеке көлігін пайдаланудан бас тартуы керек. Мысалы, дүйсенбі күндері мемлекеттік нөмірі 1 немесе 6-мен аяқталатын көліктердің, ал сейсенбіде 2 немесе 7-мен бітетін көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. 8 сәуірден бастап бұл шектеулер қоғамдық тұрақтарға да қолданылады, ал мемлекеттік қызметкерлер «жұп-тақ» жүйесіне көшеді.

Хан Джу Ён, Оңтүстік Корея климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі бөлім бастығының орынбасары: -  Айдың жұп күндері жолға тек жұп нөмірлі көліктер, ал тақ күндері тек тақ нөмірлі көліктер шыға алады. Ереженің орындалуын әр мекемеде қадағаланады. Арнайы топтар жақын маңдағы тұрақтарды да тексеріп отырады. Шектеу шаралары шамамен 1 миллион 300 мың көлікті қамтиды.

Бұл талаптар мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер, мектеп жасына дейінгі балаларды тасымалдайтын көліктер және электромобиль мен сутегі көліктерінің иелеріне, сондай-ақ, жедел жәрдем сияқты арнайы қызметтерге қолданылмайды. Сонымен қатар, мемлекеттік секторға икемді жұмыс кестесіне көшу, маңызды емес іссапарлардан бас тарту және бейнеконференцияны жиірек пайдалану ұсынылды.

Ли Джина, мемлекеттік қызметкер: - Бұл шектеу маған ешқандай қолайсыздық тудырып отырған жоқ. Үйден жұмысқа дейін автобуспен небәрі төрт аялдама. Таңертең жолдарда кептеліс көп болатынғандықтан мен бұрын да жеке көлігімнен гөрі қоғамдық көлікті жиі пайдаланатынмын.

Ел Президентінің қатысуымен шұғыл кеңес өтті. Онда мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп, Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі Янбу порты арқылы тасымалдау мәселесі талқыланды. Алайда, хуситтердің шабуылдарына байланысты бұл бағыт та қауіпті болып отыр. Сондықтан үкімет танкерлерді күзету үшін әскери кемелерді аттандыру жағын да қарастырып жатыр. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян



 

0 пікір
Мұрағат