Қазақстан суды көп тұтыну жағынан әлемде 11-орында
Қазақстан суды көп тұтыну жағынан әлемде 11-орында
1 жыл бұрын 1157 smartnews.kz Нағашыбек Алдан

Елдегі өзендердің басым бөлігі өзге елдерден бастау алады. Бұл туралы smartnews.kz ақпарат көзі мәліім етеді.

Судың тапшылығы алаңдата бастағалы қашан. Болашақта судың жетіспеушілігінен зардап шегуі ықтимал халықтардың ішінде қазақстандықтар да бар деп жатады. Олай деуге негіз бар сияқты. Елдегі су тапшылығы туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. Сарапшылардың мәліметін келтірген президент 2040 жылға дейін суға деген сұраныс 50 пайызға артады деген. Ал 2050 жылға қарай Қазақстан суға мұқтаж елдердің қатарында болады деген болжам бар.  

Ауыз судың жетпеуі биыл қалаларымызда қатты сезілді. Астанада су жетпей, халыққа сағатпен өлшеп беруге тура келді. Суға деген тапшылық Ақтауда да болып жатыр. Гидротехникалық нысандар тозған, таза ауыз суды жеткілікті етіп өндіруге қуаты жетпейді, жазда су көп қолданылады деген себептер айтылады.

Ал дегенмен су көлемінің табиғатта азайып жатқан жағдайы да бар. Қазақстандағы өзендердің жартысынан көбі өзге елдерден бастау алады. Мамандар су тапшылығы мәселесінің басты себебі осы деп отыр. Қазақстан ауыз су мен шаруашылыққа арналған суға деген тапшылық бойынша Азияда Бангладеш, Үндістан мен Қытай сынды елдерден кейін 8-ші орынға тұрақтапты.

Қазір су жетіспеуі Сырдария, Орал, Іле, Шу және Талас өзендерінің таралатын жерлерінде және орталық аймақтарда сезіледі. Судың проблемасы бізде ғана емес, көрші елдерде де бар. Дүниежүзілік банк Орталық Азияда демографиялық өсімге байланысты су тапшылығы 25-30 пайызға жететінін айтады. Ал 2030 жылға қарай егістікті суаруға арналған су қорында тапшылық деңгейі тағы 30 пайызға артатын көрінеді.

Экология министрлігінің Су қоры комитетінің болжауынша,  климаттың өзгеруі, адам санының өсуі мен экономиканың дамуына байланысты су қоры әлі де азая түспек. Оған қоса соңғы жылдары жауын-шашын да аз болып тұр. Жауынның аз болуы да өзен-көлдердің суын кемітсе керек. Республикада осы күні су тапшылығы 17 текше шақырым деп есептеліпті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 23 текше шақырымға жетеді деп жатыр.

Кейбір сарапшылар адам баласы суды қажетінен көп ысырап ететінін айтады. Қазақстан суды көп тұтыну жағынан әлемде 11-ші орында екен. Қалай есептегендерін кім білген, бізде жан басына шаққанда күнделікті су тұтыну көлемі 3,5 мың литр деп шығарыпты.  Ресейде бұл көрсеткіш 1,3 мың литр, Германияда 855 литр, Ұлыбританияда 348 литр деседі. Біз суды шектен тыс ысырап етіп жатқан болуымыз да мүмкін. Мамандардың сөзі де осыған саяды.

Кеңес Одағының ыдырауына байланысты Орталық Азия өңірінде су проблемасы бұрынғыдан да асқына түскені айтылуда. Себебі, суды өңірлік реттеудің бұрынғы жүйесі жойылды. Ал жаңасы әлі жасалған жоқ. Соның өзінде Орталық Азияда бір тұрғынға есептегенде жылына 2600 текше метрден су келеді екен. Егер осы көрсеткіш Египетте – 1200 текше метр, Суданда – 1100, Қытай, Сирия, Израильде шамамен 450 текше метр екендігін ескерсек, біздегі көрсеткіш жаман емес. Дегенмен біздегі проблема – әзірге жеткілікті болып тұрған су барынша ысыраппен пайдаланылады. Халық санының өсуі де суды тұтынуды арттырады. Толып жатқан әлеуметтік нысандар, өнеркәсіп орындары, қызмет көрсету саласы, қалалар мен миллиондаған пәтерлер, шарушылық, тағы басқа орындар бір минут та сусыз отыра алмайды.  

Орталық Азияда 1960 жылғы 14 миллион адам болған делінеді, ал қазір 60 миллионнан асты. Сондықтан ауыз суды тұтыну көлемі бұрынғыдан 3-4 есе көбейген болса керек. Жақында Сенат депутаты Руслан Рүстемов су проблемасы жайлы мақала жариялады. Оның келтірген деректері алаңдатарлықтай.  Онда: «Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі», – делінген.

Депутат Сыр бойының проблемасы, Арал қасіретіне байланысты көптеген деректерді келтірген. Проблемаларды шешудің жолдарын ұсынған. Сонымен қатар, депутат күнделікті тұрмыста суды ысырап етпеуге шақырады. Санамызда суды үнемдеп қолдану мәдениетін қалыптастырайық дейді. Оның келтірген дерегінше, мысалы,  Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литрден артық су қолданбайды. Бұл – жуынып-шайынып, ауыз су ретінде пайдаланатын су мөлшері екен. Ал шыны керек, біз күніне 200 литрдей суды бұйым құрлы көрмей шашып-төге саламыз. Келешекте елдің даму жолы су ресурстарымен өлшенеді деп жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағдарламасын қабылдаған. Бағдарламада сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсеткіш деп таразыланған екен. Ал бұдан шығатын қорытынды – адамдарымыз судың ысырабын төмендетуге, шығынын шектеуге ойысады. Ал келе-келе елдің дамуында су ресурстарының қолжетімділігі басты маңызға ие болса керек.

 

Сенат депутаты Руслан Рүстемов

0 пікір
Мұрағат