Қазақстан адам саудасы бойынша екінші санатта тұр. Шаруа қожалықтарында құл ұстау азаймай тұр
Қазақстан адам саудасы бойынша екінші санатта тұр. Шаруа қожалықтарында құл ұстау азаймай тұр
4 жыл бұрын 3707 Есжан Ботақара

Қазақстанның 15 азаматы шетелге сатылып кеткен. Осындай қылмыспен айналысқан екі топ ұсталған. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев осындай деректер айтты. Бұл жайында inbusiness.kz ақпарат көзі мәлім етті. 

«Қазір із-түссіз жоғалғандар саны 1200 адамға жетіп отыр. Оның 22-сі бала. Із-түссіз жоғалатындарың көбі – ер адамдар. Қызметтік іссапарға шыққандар, өзге өңірлерге маусымдық жұмыс іздеп кеткендер, автокөлік айдап жеткізушілер, жүк тасымалдаушылар жиі жоғалып жатады. Ал әйелдер ішімдік кесірінен жиі жоғалады. Жеткіншектердің көбі тұрмысы тұрақсыз отбасынан қашады. 100 оқиғаның 80-інде жоғалған адамдар табылып, туысқандарына қайтарылады», – деген ІІМ өкілі қазір әлемге адам саудасы өршіген ел ретінде атымыз шыққанын жасырмады. 

«Адам саудасы бойынша Қазақстан әлем бойынша екінші рейтингте тұр. Кейінгі жылдары шетелге  адам саудасы мақсатымен шығарылған 15 тұлға анықталды. Былтыр осындай іспен айналысқан екі ұйымдасқан топ ұсталды. Оның бірі адам ағзасының органдарын сатып, тасымалдаумен айналысса, екіншісі притон ұйымдастырғаны үшін қылмысты болған. Кейінгі жылдары біздің азаматтарды Бахрейнге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға құлдыққа шығару каналдарының жолы кесілді. Адам саудасының ішкі трафигімен де, сыртқы тарфигімен де бетпе-бет келіп отырмыз. Биыл адам садуасымен айналысқаны үшін 26 адам сотталды», –дейді Думан Таев.

Ішкі істер министрлігінің кеңесшісі Нұрділдә Ораздың айтуынша, әлемде адам саудасын бағалаудың үш санаты бар екен. Бірінші сатыда адам саудасы бойынша қауіпсіз елдер орналасқан. Ал үшінші сатыда Ауғанстан, Сирия сияқты тұрақсыз елдер кірген. Ал Қазақстан осы екі санатқа да кірмеген. Яғни, ІІМ өкілі Думан Таевтың екінші рейтинг деп отырғаны осы бағалаудың екінші санаты болып отыр. 

Адам саудасын табыс көзіне айналдырған қылмыскерлер халықаралық топтармен ауыз жаласып үлгергенге ұқсайды. ІІМ өкілінің мәліметтері осындай ойға жетелейді.

Думан Раевтың айтуынша, өз азаматтарымыз адам саудасының «сыртқы нарығына» жиі шығарылса, «ішкі» нарықтың «сұранысын» көршілес елдердің азаматтары толықтыруда.

«Жыл сайын елімізде және шетелде адам саудасының құрбаны болған 80-ге жуық отандасымыз анықталып, шашамен 180 іс қозғалады. Адам саудасына байланысты қылмыстар карантин уақытында да байқалды. Карантин кезінде күрт өсті немесе төмендеді деп айта алмаймыз. Еліміздегі адам саудасының құрбандарына айналғандардың ішінде өз азаматтарымыз да, шетелдіктер де бар. Практика көрсетіп отырғандай, оның көбі Орталық Азия елдерінің азаматтары. Пайызға шақсақ, құлдыққа тартылғандардың 90 пайызы Қазақстан азаматтары», – деді ол.

Шаруа қожалықтарында құл ұстау азаймай тұр

Бір аптада 50-ден астам адам саудасы тіркелген. 

Ішкі істер министрлігінің «Стоп-трафик» атты операциясы 3 күннің ішінде 50-ден астам адам саудасын анықтаған. Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев журналистерге осындай мәлімет берді.

«10-12 қыркүйек аралығында ішкі істер қызметінің қосымша құрамын тарта отырып, «Стоп-трафик» атты  кезекті кең ауқымды операция ұйымдастырылған болатын. 3 күн ішінде сақшылар адам саудасына қатысы бар 50-ден астам қылмысты анықталды. Оның бірінде кәмелетке толмаған тұлға саудаға түскен. 2 адам саудасы, 3 күштеп жұмысқа тарту оқиғасы, жезөкшелікке итермелеудің 6 оқиғасы, притон ұйымдастырудың 40-қа жуық оқиғасы анықталды. Бұдан бөлек 14 әкімшілік заң бұзу тіркелді. Күдіктілер тән саудасына ғимарат ұсынбақ болғаны үшін жауапқа тартылып отыр», – деді ол.

ІІМ өкілінің айтуынша,  күштеп жұмысқа салу фактілерінің көбі шалғай мекендердегі шаруа қожалықтарында тіркелген. Қазір құлдыққа тартылып, қорлық көрген тұлғалар полицияның арнайы орталығына орналасып, қажетті көмек алуда. 

«Полиция қызметкері шаруа қожалығын басқарған Ақтөбе облысының тұрғынын ұстады. Ол 40 жастағы азаматты күш көрсетіп, бопсалау арқылы 3 ай бойы құлдықта ұстаған. Қожалық басшысы оны күндіз тракторшы етіп, түнде  сиыр қораның күзетшісі ретінде пайдаланған. Осы уақыт ішінде ол жүк көлігінде түнеп келген. Қазір осы іске байланысты Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жәбірленуші полицияның адам саудасы құрбандарына арналған орталығына орналастырылды. Қажетті көмек алуда.  Ал Жамбыл облысындағы қызметкерлеріміз өңірдің үш тұрғынын заңсыз бас бостандығынан айыру оқиғасын анықтады. 2019 жылдың қарашасынан бері екі ер адам мен бір әйел шаруа қожалығында жұмысқа жегіліп келген. Ер адамдар мал бақса, әйел үй шаруасына тартылған. Бұл іс бойынша Қылмыстық кодекстің 126-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Думан Таев. 

0 пікір
Мұрағат