Қазақ пен өзбек Аралды орманға айналдырады
Қазақ пен өзбек Аралды орманға айналдырады
3 жыл бұрын 1367 aikyn.kz

Аралдың құрғағанына жарты ғасырдан асты. Қазақстан мен Өзбекстан әлемді жұмылдырып, мәселенің шешімін табуға тырысуда. Дегенмен, осы істе көршінің алға озып кет­кенін біздің шенеуніктер мойындауға мәжбүр. Мысалы, Аралдың ұлтанына егілген сексеуілдің өсіп-өну көрсеткіші Қазақстанда 40% ғана, ал өзбектерде әлдеқайда жоғары. Өзбекстан осыған қатысты жеке бағдарламаны 2018 жылы қабылдады, Қазақстан енді ғана ниеттеніп отыр. Еліміз сексеуіл егу бойынша бұрыннан қолданған тәсілінен бас тартып, өзбектердің озық әдісін қабылдамақ.

Қазақта – 40%, өзбекте – 60%

Арал теңізі 60-жылдардың екінші жартысында тартыла бастады. Бұл  Кеңес Одағының адамзатқа қалдырған ең ірі қасіреті, кесірлі апаты болатын. Бүгінде Аралдың кеуіп қалған түбінің жалпы алаңы 6 миллион гектарға жуық. Оның шамамен 2,8 миллион гектары – Қазақстан аумағында, қалғаны – Өзбекстанның еншісінде.

Елбасының күш салуымен республикамыз алып бөген тұрғызып, Кіші Аралды қалпына келтірді. Бірақ ол бәрібір алып теңіздің сор басқан табанын жаппайды. Сондықтан Қазақстан 2008 жылы Аралдың құрғаған бөлігінің өзіне тиесілі аумағында фитоорманмелиорация жұмыстарын жүргізуге кірісті. Бұл экологиялық ахуалды жақсарту үшін қажет.

Себебі, Аралдан жыл сайын 100-150 миллион тонна тұз бен құм араласқан улы шаң ұшып, жоғары көтеріледі, екі елдің халқы тығыз шоғырланған облыстарына таралады. Мұның климаттың өзгеруіне ықпал ететінін ғалымдар дәлелдеген. Сондай-ақ, зиянды тозаң Орталық Азиядағы мұздықтарға шөгеді, ал еліміздің үлкен бөлігі тау шыңдарынан бастау алатын өзендерден су ішіп отырғаны мәлім.

Екпіні қатты құмды дауылдар мен торнадоға ұқсас құйындар соғып тұрады. Оның зардабын экологиялық апат аймағындағы жергілікті жұртшылық күнделікті сезініп келеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдарды құм басып қалып, елді үйін тастап көшуіне, болмаса жаңа жерден үй тұрғызуға мәжбүр қылады.

«БОРПЫЛДАҚ ТҰЗДЫ ТОПЫРАҚТЫ ЖӘНЕ КӨШПЕЛІ ҚҰМДЫ ТҰРАҚТАНДЫРУДЫҢ ЕҢ ҚОЛАЙЛЫ, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗ ӘРІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІ ТӘСІЛІ – ФИТООРМАНМЕЛИОРАЦИЯ, ЯҒНИ ТЕҢІЗДІҢ КЕПКЕН ТҮБІНЕ ЖЕРГІЛІКТІ-АБОРИГЕН ӨСІМДІКТЕРДІ ОТЫРҒЫЗУ. 2008-2014 ЖЫЛДАРЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ «ОРМАНДАРДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКА АУМАҒЫНЫҢ ОРМАНДЫ ЖЕРЛЕРIН КӨБЕЙТУ» ЖОБАСЫНЫҢ АЯСЫНДА АРАЛ ТАБАНЫНДА 57 390 ГЕКТАР АУДАНДА ӨСІМДІКТЕР ОТЫРҒЫЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ. СОНЫҢ ІШІНДЕ 47 337 ГЕКТАРҒА – КӨШЕТ, АЛ 10 053 ГЕКТАРҒА – СЕКСЕУІЛ ТҰҚЫМЫ ЕГІЛДІ. БҰЛ ІС-ШАРАЛАР ТОПЫРАҒЫ ҚҰМАЙТ, САЗДЫ ҚАБАТТАРДАН ТҰРАТЫН, АЛ ҮСТІН КРИСТАЛДЫ ТҰЗ ЖАПҚАН ЖЕРДЕ ЖҮРГІЗІЛГЕНДІКТЕН, ӨСІМДІКТЕРДІҢ ОРТАША ЖЕРСІНУІ 40%», – ДЕП ХАБАРЛАДЫ ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ӘЛИЯ ШАЛАБЕКОВА.

Салыстырсақ, көрші Өзбекстанда бұл көрсеткіш 60 пайызға жетеді.

Қаптаған жобаның қайырымы қайда?

Сексеуіл егу тек Дүниежүзілік банктің 2008-2014 жылдардағы бағдарламасымен түгесілмеді. Қазақстан республикалық, жергілікті бюджеттерінен де қыруар қаржы бөлді. Бұл іске басқа да халықаралық ұйымдар қаражат құюда. Халықаралық қайта құру және даму банкiнің Траст-қоры Қазақстанға «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерiн көбейту жобасы» аясында 5 млн доллар грант бөлді. Бұған қоса, банк жобаға арнап, 30 млн доллар қарыз берген. 2006 жылғы келісімге сәйкес, сол жобаны республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыруға 28 млн 800 мың доллар қарастырылған.

Сондай-ақ, 2019 жылы Жаһандық экологиялық қор ұйымы «Қазақстанда тұрақты агро-орман пайдалану қағидаттарына сәйкес құрғақ жерлерде тұрақты ландшафттар құру» жобасын қаржыландыруды алдын ала қолдады, оны 2020-2025 жылдары іске асырып, Арал теңізінің құрғаған түбінде ағаш отырғызу жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.

Осылайша, Экология министрлігінің дерегінше, 2008 жылдан күні бүгінге дейін Аралдың қазақстандық бөлігінде жалпы аумағы 195 мың гектардан астам жерге сексеуіл егілді. Бұл көлем алда күрт артпақ.

«АРАЛДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ АЙМАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУЫНДА. АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰРҒАҒАН ТАБАНЫНДА СЕКСЕУІЛ ОТЫРҒЫЗУ КӨЛЕМІ АРТАДЫ. ТЕҢІЗ ТАБАНЫНДАҒЫ ҚҰРҒАҒАН ЖЕРЛЕРДІ ОРМАНДАНДЫРУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА 2 МИЛ­ЛИАРД АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ БАСТАМАСЫ АЯСЫНДА БІЗ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 213 МЫҢ ГЕКТАР АУМАҚҚА СЕКСЕУІЛ ЕГУДІ КӨЗДЕП ОТЫРМЫЗ. АЛАЙДА МҰНЫ ЖЕТКІЛІКСІЗ ДЕП САНАЙМЫЗ. СОНДЫҚТАН АРАЛ ТАБАНЫНДА СЕКСЕУІЛ ОТЫРҒЫЗУДЫҢ АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАУҒА ҰСЫНЫС ЖАСАДЫҚ», – ДЕП МӘЛІМДЕДІ БИЫЛ ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРЛІГІ.

Бірақ әлгінде вице-министр айтқандай, сексеуілдің 60 пайыздайы жерсінбей қурап қалады. Бұған жергілікті тұрғындар да назар аудартып жүр. Жаңа алқаптардағы сексеуіл де босқа қурап, аста-төк қаржы заяға кетпеуі үшін Үкімет өзбектің озық тәжірибесін игеретін болады.

Өзбек қалай озды?

2019 жылы Қазақстанның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Өзбекстанның Мемлекеттік орман шаруашылығы комитеті мамандары келіссөз өт­кізді. Оның барысында жұмыс топтарын құру, сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған түбінде орман өсіру жөніндегі меморандум мен жол картасының жобаларын әзірлеу мәселелері қаралған. Кейін араға пандемия килігіп, алыс-беріс, барыс-келіс саябырсыды. Биыл Экология министрлігі көршілес елмен осы бағытта тәжірибе алмасу шаралары жалғасатынын жариялады.

Қазақстандық ғалымдардың Өз­бекстанға экспедициясы ұйым­дас­ты­рылған. Олар 1 мың гектарда 1,8 млн көшет жайқалып өсіп тұрғанына куә болды. Мұндай жетістікке көрші елдің ғалымдары қалай жеткен? Қазақстан сексеуілді көшет күйінде отырғызады немесе тұқымын механикалық түрде егеді, ал Өзбекстан сексеуіл тұқымын әуеден себеді.

«2021 ЖЫЛҒЫ СӘУІРДЕ ПРЕЗИДЕНТ Қ.ТОҚАЕВ ЕЛДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ МАҚСАТЫНДА АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҰЛТАНЫНДА, ЖАЛПЫ АУДАНЫ 1,1 МИЛЛИОН ГЕКТАР ЖЕРДЕ СЕКСЕУІЛ ЕГУ АРҚЫЛЫ ФИТООРМАНМЕЛИОРАЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ МІНДЕТІН ҚОЙДЫ. ЖЫЛ АЯҚТАЛҒАНША, 2021 ЖЫЛЫ 100 МЫҢ ГЕКТАРДАЙ ЖЕРГЕ СЕКСЕУІЛ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ. АЛ 2022–2025 ЖЫЛДАРЫ ЖЫЛ САЙЫН 250 МЫҢ ГЕКТАРҒА СЕКСЕУІЛ ЕГІЛЕДІ. АРАЛ ТҮБІНДЕ КЕҢ АУҚЫМДЫ ОРМАН ОТЫРҒЫЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫРҒАНЫН ЕСКЕРЕ КЕЛЕ, БІЗ БІРІНШІ РЕТ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫДАЙ, СЕКСЕУІЛДІ АЭРОСЕБУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН БОЛАМЫЗ. МӘСЕЛЕН, ӨЗБЕКСТАН ОСЫ ТӘСІЛМЕН АРАЛДА НЕБӘРІ 3 ЖЫЛ ІШІНДЕ 1,5 МИЛЛИОН ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖЕРДЕ ОРМАН ӨСІРДІ», – ДЕЙДІ ВИЦЕ-МИНИСТР ӘЛИЯ ШАЛАБЕКОВА.

Жасыратыны жоқ, Өзбекстан құрғаған теңіз табанын жайылым есебінде пайдалану мақсатын қойып, оған жетуде көп іс тындырды. Бұған дейін тұзы ұшып, соры шығып жатқан 1,5 млн гектар жерде бүгінде жасыл «теңіз» жайқалып тұр. Оңтүстік көрші Аралдың құрғаған бөлігіне құм сексеуілі, Рихтердің сораңы (немесе Рихтер қожасы, черкез деп те атайды, Salsola richteri), тамарикс және басқа тұзға төзімді ағаштарды, бұталар мен өсімдіктерді отырғызуда.

Әділін айту керек, олардың да шекесі шылқып тұрғаны шамалы: 2018 жылғы 27 мамырда Аралдан көтерілген алапат дауыл Өзбекстанның қалаларын тұзды шаңға көміп тастады, ел егіннің біраз бөлігінен айырылды. Мұндай тұзды-құмды борандар жыл сайын қайталанады.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Зиновий Новицкий Аралдың өзбекстандық бөлігінде өсімдік егу ісін 40 жылдан бері зерттеп келе жатқан маман. Оның айтуынша, Өзбекстанда ұзақ жылдар бойы Аралдағы экологиялық ахуалды түбегейлі жақсарту бағытында іргелі жұмыстар жүргізілмеген. Тек Техникалық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының жобасына 27 мың гектарға орман егумен шектеліпті.

Бертінде ғана оң бетбұрыс болды: 2017 жылғы қаңтарда Президент Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстан активінің кеңейтілген отырысында Арал түбінде орман жасау бастамасын көтереді. Академик З.Новицкий Арал түбін орман өсіру мақсатында пайдалану мүмкіндіктері және тұзды топырақта өсімдік егу кезінде қолданылатын заманауи, үздік, инновациялы технологиялар туралы Шавкат Мирзиёевке егжей-тегжейлі айтып берген. Жиында Арал ұлтанын түбегейлі қайта құру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге шешім қабылданады. Бағдарлама 2018 жылғы 16 желтоқсанда күшіне еніп, қолға алынды. Өзбекстан аз ғана уақыт ішінде Қазақстанды қуып жетіп қана қоймай, шаңында қалдырды. Бізде 200 мың гектарға да жетпейтін жерге ғана сексеуіл егілсе, оларда 1,5 миллион гектарда өсімдік жайқалып тұр. Оның басым бөлігі – 1 млн 97 мың гектары – аэро­себу әдісімен орындалды.

Қос ел енді бірлесе қимылдағаны жөн

Өзбек жағы сексеуіл, тамарикс және басқа да ағаш-бұта, өсімдіктерді егу кезінде локальді, ошақтық, шабындықты қорғау, мелиоративтік-жемазықтық орман өсіру қағидаттарына сүйенеді, сондай-ақ жылжымалы құмды тұқым сеппес бұрын, алдын ала бекіту-нығайтудың түрлі тәсілін пайдаланады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл әлдеқайда арзан әрі нәтижелі болып шықты. Әйтпесе, егілген көшеттерді құм жұтып қояды.

Сексеуілді аэросебу үшін ең қолайлы уақыт желтоқсан-ақпан айы екен. Наурыздан кешіксе, ары қарай құмның сортаң беткі қабаты құрғап, тұқым жерге еніп үлгермейді, босқа кетеді. Ал қарға түскен сексеуіл тұқымы күн жылығанда еріген қармен жерге сіңеді, өркен жаяды екен. Бір көктеп алған тұқым 3 айға дейін тіршілігін жалғастыруға қабілетті болады.

Ғалымның мәліметінше, Өзбекстанда теңіздің құрғаған түбіне орман егу жұмыстары кейінгі жылдары да жалғасады.

«ҒЫЛЫМНАН АЛЫС АДАМДАР ТЕҢІЗГЕ ЖЕТКІЛІКТІ КӨЛЕМДЕ СУ БЕРІП, ОНЫ БҰРЫНҒЫ КҮЙІНДЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІ ҰСЫНҒАНЫ ЕСТЕ. БІРАҚ ОҒАН ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҮШІН АРАЛҒА ҚҰЯТЫН ӨЗЕНДЕР БОЙЫНДАҒЫ ЕГІНШІЛІКТЕН ЖАППАЙ БАС ТАРТУҒА ТУРА КЕЛЕДІ. ОЛ СУ ДА ЖЕТПЕС ЕДІ. ҚАЛҒАН СУДЫ ҚАЙДАН АЛАМЫЗ ДЕГЕНДЕ, ӘЛГІ БІЛГІШТЕР РЕСЕЙДЕГІ СІБІР ӨЗЕНДЕРІН БҰРУДЫ ҰСЫНДЫ. МЕН БАСҚА ПІКІРДІ ҰСТАНАМЫН: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ ҮШІН ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕЛГЕН ТӘСІЛДІ ҚОЛДАНА ОТЫРЫП, ТЕҢІЗ ТҮБІНЕ ОРМАН ОТЫРҒЫЗУ КЕРЕК. МЕМБАҒДАРЛАМАҒА ДА ОСЫ ТӘСІЛ АЛЫНДЫ. ЖАЛПЫ, ОСЫ ІСТЕ ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ КҮШ-ЖІГЕРІН БІРІКТІРЕТІН КЕЗІ ЖЕТТІ. ОРТАҚ АРАЛЫМЫЗДЫҢ ҰЛТАНЫН ЕКІ ЕЛДІҢ ОРМАНМЕЛИОРАЦИЯЛЫҚ ИГЕРУІНІҢ БІРЫҢҒАЙ ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ ҚАЖЕТ», – ДЕДІ ЗИНОВИЙ НОВИЦКИЙ.

Бұл үшін ортақ құжатқа қол қойылуы керек. Оның байламынша, бірде-бір мемлекет Аралдың экологиялық апатын жалғыз еңсере алмайды.

«БІЗГЕ СОЛТҮСТІКТЕН, ЯҒНИ ТЕҢІЗДІҢ ҚҰРҒАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БӨЛІГІНЕН ҮНЕМІ ЖЕЛ СОҒЫП ТҰРАДЫ. СОНДЫҚТАН ОНДАҒАН ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОРМАН ӨСІРУШІЛЕР МЕН ҒАЛЫМДАРДЫ АРАЛ ПРОБЛЕМАСЫН ШЕШУГЕ БІРГЕ КІРІСУГЕ ШАҚЫРЫП КЕЛЕМІН. ІС ТЫМ ШАБАН ІЛГЕРІЛЕУДЕ», – ДЕЙДІ З.НОВИЦКИЙ.

Өзбекстандағы Арал табанындағы орман алқаптарына Үстірттен киіктер ауа бастапты. Олар сол жерден жемазық тапқан. Бұдан бөлек, қоян, қырғауыл, қарсақ, түлкі, жабайы қабандар мекен етеді. Олардың ізімен қасқырлар келген. Құстардың көптеген түрі пайда болып, қаңыраған даланы шуға толтыруда. Мұның бәрі Аралдың орасан зор перспективасы барын көрсетеді. Ендеше қазақ пен өзбек ғалымдары, жауапты тұлғалары бірге отырып, ортақ Аралдың қанша көлемдегі жерін орманға және жайлауға айналдыруға болатыны жөнінде келісіп, ары қарайғы істі үйлесімді жүргізгені абзал.

0 пікір
Мұрағат