Моңғолиядағы ұшқышсыз ұшақтарды қазақ баласы жасауда (ФОТО)
Моңғолиядағы ұшқышсыз ұшақтарды қазақ баласы жасауда (ФОТО)
10 жыл бұрын 3646

BAQ.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Моңғолия мемлекеттік ғылым және техникалық университетінің ұшқышсыз ұшу аппараттары зертханасында жұмыс жасайтын Манас Саниязұлы ұшқышсыз басқарылатын жүк тасымал ұшағын жасауда,-деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.  

Манас Саниязұлы 1985 жылы Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Моңғолия мемлекеттік ғылым және техникалық университетін авиация инженері мамандығы бойынша бакалавр мен магистратурасын тәмамдаған қазақ азаматы осы оқу орнындағы ұшқышсыз ұшу аппараттары зертханасында 2010 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бұл күнде Киевтегі Ұлттық авиация университетінде аспирантурада білім алатын ол Ұланбатырдағы жұмысынан қол үзіп кеткен жоқ. Қайта, Германия, Франция, Испания, Ресей, Украина, Қытай, Жапония сынды елдердің сынынан өтіп, тәжірибесін меңгерген жас жігіттің қолынан шыққан ұшқышсыз ұшақтар жүк тасымалдауға жарай бастады.

«Біз зертханамызда Жапонияның ғалымдарымен тізе қоса отырып квадрокоптер, тапографиялық ұшақ және жүк тасымалдайтын ұшақ сияқты ұшқышсыз ұшу аппараттарын жобалаймыз, құрастырамыз және оларды құрылғылармен басқарамыз. Қазір сынақ ретінде 5кг. жүкті 15 км. қашықтыққа жеткізетін ұшқышсыз ұшақтарды сәтті пайдаланудамыз. Қыркүйек айына дейін 70 кг. жүкті 100-200 шақырымға тасымалдайтын осындай ұшу аппаратын қолданысқа шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Ұшқышсыз ұшақтарды пайдаланып көптеген жұмыстарды істеуге болады. Тіпті, адамның қолынан келмейтін кей шаруаны осылар тындыратын мүмкіндікке ие. Сондай-ақ, алдағы уақытта кубсат жасауды да қолға алсақ деген ойдамыз»,-дейді Манас.

Авиация инженерінің осы сала бойынша жұмыс бастауына қашықтықтан басқарылатын ойыншық ұшақтар түрткі болған екен. «Әлі есімде, 2-курс оқып жүрген кезім болатын. Жатақхананың терезесінен маңайдағы балалардың пультпен басқарылатын ұшақтарды ойнап жүргенін көзім шалды. Соларды бақылап отырып осындай ұшу аппараттарын неге күнделікті қажеттілікке қолданбасқа деген ойда болдым. Содан бері ұшқышсыз ұшақтарды зерттеумен келемін», - дейді ол.

Манас Саниязұлы ана тілінен өзге ағылшын, орыс және моңғол тілдерін жетік меңгерген. Оның студент кезінде жасаған пепси құтысына шақ келетін спутнигі осыдан 3 жыл бұрын өткен CanSat халықаралық байқауында алтын жүлдені еншілеген екен.

Атажұрты Қазақстанға да талай мәрте табаны тиген қандасымыздың өз саласы бойынша қазақ үшін жаңалық жарату ойының жоқтығы бізді таң қалдырды. 
Техниканың тетігін меңгерген азамат бұл жөнінде қысқа қайырды: «Қазақстанға барып жұмысымды жалғастыру туралы ойлап көрмеппін. Барлығымыздың көздегеніміз инновациялық жаңалық ашу ғой. Егер қазаққа керек болсам, әрине, қызмет етуден бас тартпас едім».

Майгүл СҰЛТАН

1 пікір
Мұрағат