Жол жүру ережесіне тағы да өзгеріс енгізіледі. Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер қалай тіркеледі
Жол жүру ережесіне тағы да өзгеріс енгізіледі. Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер қалай тіркеледі
5 жыл бұрын 3319

ІІМ Әкімшілік полициясы жолда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салу бастамасын түсіндірді.

Полиция аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, бүгінгі заңнамада «орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салудың» анықтамасы жоқ. Бүгінде әкімшілік полиция комитеті ондай түсінікті заңға енгізуді ұсынып отыр. Себебі, көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдарда қатты жүреді. Соның салдарынан жол-көлік апаттары болып жатады. Қазіргі кезде қалаларда тіркеу жүйелері бар. Ал республикалық маңызы бар жолдарда ондай жүйелер аз. Оған қоса, көлік жүргізушілері ол аппараттардың тұрған жерін біледі. Оған жақындағанда жылдамдықты азайтады да, өтіп кеткеннен кейін қайтадан қатты жүреді, — деді Боранова арнайы баспасөз мәслихатында. Бұл жайында arhar.kz порталы sputniknews.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. 

Инспектор орташа жылдамдықтың қалай есептелетінін де түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, трассаның басында және аяқ жағында бейнекамералар болады. Бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді. Сөйтіп, автоматты түрде трассамен жүрген орташа жылдамдығын есептеп шығарады. Көлік жүргізушісі тиісті жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады. Мәселен, жолдың бойында екі немесе үш камера орнатылады. Астанадан шыққан көлік Қарағанды қаласына барса, жолға шыққанда оның мемлекеттік нөмірі мен уақыты тіркеледі. Ал соңғы камераға Қарағанды қаласына кірген уақыты жазылады. Сөйтіп, уақыты мен жүрген жолы негізінде орташа жылдамдық шығарылады, — деп атап көрсетті Боранова.

Қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық –140 шақырым. Көлік жүргізушісі соны асыратын болса, әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылды. Әкімшілік полиция аталған бастаманы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы іске асыруды көздейді.

Өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер қалай тіркеледі

Шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді онлайн режимде уақытша тіркеу бастамасы көтерілді

ІІМ әкімшілік полиция комитеті шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді онлайн тіркеудің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Комитет төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда Ресей, Армения мен Қырғызстанның тіркеу нөмірлерімен жүрген автокөліктер көп. Ондай көліктердің нақты саны да белгісіз.

"Өкінішке қарай, біз ол көліктердің иесін және кімнің айдап жүргенін де білмейміз. Ал тіркеу жүйелері жол жүру ережесін бұзу фактісін тіркесе де, көлік иесін анықтай алмайды. Себебі камераға өзге елдің нөмірі түседі. Әкімшілік хаттаманы да толтыра алмаймыз", -  деді Кеңісбаев арнайы баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы осы санаттағы көліктердің иесі 40 мыңнан аса ереже бұзса, биыл алты айдың ішінде аталған көрсеткіш 42 мыңнан асқан.

Осыған байланысты шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді уақытша тіркеуді онлайн режимде енгізу бастамасы көтеріліп отыр.

"Аталған шара тегін жүргізіледі. Ешқандай құжат алудың қажеті жоқ. Біз көліктердің тіркелгенін өзіміздің ақпараттық базамызда көретін боламыз. Аталған деректер әрбір полицейдің планшетіне шығарылады. Осылайша, өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер тіркеуге алынады. Соның арқасында жол қауіпсіздігін ғана емес, сан алуан қылмыстарды да анықтауға мүмкіндік болады", - деп атап көрсетті Кеңісбаев.

Осы бастаманың аясында кеден қызметі мен ішкі істер органдарының ақпараттық базаларын интеграциялау жоспарланып отыр. Осылайша, полицейлер Қазақстанға кірген көліктерді көріп отырады.

Елімізде жарты жылда жол апатынан 850 адам көз жұмған

Елімізде жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Соңғы 6 айдың өзінде дәл осындай апаттардан 850 адам көз жұмған. Ал дене жарақатын алғандар саны 9 мыңнан асады. Бұл жайында jasqazaq.kz сайты 24kz арнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты. 

Осыған байланысты ішкі істер министрлігі кешенді шараларды қолға алды. Әсіресе көшелердегі бақылау камераларын көбейтіп, жүргізушілерге қатысты талапты күшейтті. Соның арқасында ағымдағы жылдың өзінде 2 миллионнан аса жол ережесін бұзу жағдайлары тіркелген.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі:

— Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім бар. ІІМ тарапынан жол апаттарынан азайту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. 4 мыңнан аса құқық бұзушылықты анықтайтын жүйе орнатылды. Бұған қоса, жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады.

0 пікір
Мұрағат