Жол ережесін бұзғандарға сақтандыру ақысы артады, ұқыпты жүргізушілерге жеңілдік жасалады
Жол ережесін бұзғандарға сақтандыру ақысы артады, ұқыпты жүргізушілерге жеңілдік жасалады
3 сағат бұрын 51 kaz.inform.kz Айжан Серікжанқызы. Фото: Kazinform

KAZINFORM – Қазақстанда жол жүру ережесін бұзғандардың сақтандыру полисі ұлғаяды, ал ұқыпты жүргізгендерге қосымша жеңілдіктер берілмек. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» агенттік басқармасының қаулы жобасын әзірледі.

Құжатта ұсынылған басты өзгерістер міндетті автокөлік сақтандыруы бойынша «бонус-малус» жүйесін жетілдіруге қатысты болмақ. Бұл жүйе клиенттің сақтандыру жағдайларына қарай төлем құнын есептеуде қолданылады. Еш апатсыз жүру кезінде «бонус-малус» классы артады және клиент кінәсінен апат болған жағдайда төмендейді. Тиісінше, «бонус-малус» классы неғұрлым жоғары болса, сақтандыру құны соғұрлым арзан болады.

Қазіргі «бонус-малус» жүйесі Қазақстанда 2007 жылдан бері қолданыста және 15 класстан (13 негізгі және «0» мен «М» класстары) тұрады.

«Агенттік «бонус-малус» жүйесін 15-тен 18 сыныпқа дейін кеңейтуді ұсынады және жаңа «М1» және «М2» класстары қосылады, олар жол-көлік оқиғаларына жиі тап болатын жүргізушілерге қолданылады. Бұл сыныптар бір жылда 3 және одан да көп жол-көлік оқиғасын жасаған жағдайда қолданылады. Ең жоғары «13» сыныпта көтерілген, бес жылдан астам уақыт бойы жол апатына ұшырамаған ұқыпты жүргізушілер үшін сақтандыру құны төмендетіледі», - деп түсіндірді агенттіктен.

«Бонус-малус» жүйесінде сақтандыру жағдайларының санын ғана емес, келтірілген залалдың ауырлығын да ескеру маңызды жаңалық болып отыр.

«Бұл бұрыннан бар жүйе, тек жол-көлік оқиғасының ауқымына назар аудару керек. Егер сақтандыру компаниясы өтейтін шығын мөлшері 200 АЕК-тен (2024 жылы 738 400 теңге) аз болса, бұл «бонус-малус» жүйесіне көп әсер етпейді. Ал егер шығын көлемі шектік сомаға жетсе, онда келесі жолы полис рәсімдейтін сомасы екі есеге өседі. Жүргізуші ұзақ жылдар бойы заң бұзбаса, онда оған тағы қосымша жеңілдік беріледі», - деп түсіндірді Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Веревкин.

Жаңа жүйе көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтауды да ескереді. ЖКО жасаған жүргізушіде мысалы, жылдамдықты 40 км/сағаттан асырғаны, қозғалыстың қарсы бағытына шығып кеткені немесе авариялық жағдай туғызғаны үшін айыппұлдары болса, онда келесі сақтандыру келісім-шартын жасағанда оның «бонус-малус» классы автоматты түрде төмендейді. Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар тек сақтандыру кезеңінде, яғни жыл ішінде үш және одан да көп жол қозғалысы ережелерін бұзғанда ғана ескеріледі.

Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде жүргізушілерді ұқыпты жүргізуге және көлік жүргізу ережелері мен мәдениетін сақтауға ынталандыру үшін қолданылады. Сондай-ақ, «бонус-малус» жүйесін сақтанушының немесе сақтандырылған адамның қатысуымен көлік жүргізетін жүргізушілерге, соның ішінде каршерингке тарату ұсынылған.

Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің «Ашық НҚА» интернет-порталынан және Агенттіктің ресми интернет-ресурсынан «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.

Айжан Серікжанқызы

Көмір күлінен жол салуға болады

Күлден де жол салуға болады. Біздің елдің ғалымдары көмір қалдығын кәдеге жаратудың жаңа тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Сөйтсек, сіз бен біз күнделікті тұрмыста тұтынып жүрген көмірдің құрылыста да көл-көсір пайдасы бар екен. Бұл жаңалық сын садағына жиі ілінетін салаға серпіліс әкеле ала ма?  Күлдің көл-көсір пайдасын дәлелдеуге тырысып жүргендердің бірі – Қайрат Мұхаметқалиев. Ғалым өз зерттеуін бір жыл бұрын бастаған. Ол жанған көмірден минералды ұнтақ жасады. «Алынған өнім арнайы сатылатын ұнтақтан еш кем емес», – дейді. Оның үстіне, көмір жағатын біздің елде күлдің де қоры жеткілікті. Қазір ғалым бұл өнертабысын сынақтан өткізіп жатыр.

Қайрат Мұхаметқалиев, ғалым: - Бұл қалдық электр энергиясын өндіру үшін көмірді пайдаланатын жылу электр орталықтарынан шығады. Яғни, көмірді жаққаннан кейін осындай күл пайда болады. Оның құрылымын өзгерте отырып, құрылысқа қажет жаңа материал алуға болады. Біздің мақсатымыз – өндірістік қалдықты кәдеге жарату. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бұрыннан бар. Енді біздің елде іске асырылса дейміз, себебі бұл тегін құрылыс материалы ғана емес, қоршаған орта үшін де залалсыз.

Елімізде көмірді отын ретінде пайдаланатын 30-дан астам жылу орталығы бар. Олардан жиналған қалдық көлемі 15-20 млрд тоннаға жуықтайды. Бірақ, техногендік қоқыс бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені, ешбір жерде ресми есеп жоқ. Ал ғалым қарапайым күлді кәдеге жарату арқылы одан 300-ден аса жаңа өнім алуға болатынын айтады. Әсіресе, жол құрылысы саласында таптырмас шикізат. Мұндай тәсілмен салынған жолдар екі есе ұзақ қызмет ететін көрінеді. Кәсіби маманның ізденісі талапты жастарды қанаттандыра түсті.

Манарбек Жұмамұратов, ғылыми қызметкер: - Біздің мақсатымыз терең зерттеу жасап, стандартты минералды порошоктан жоғарылату болып саналады. Үш түрлі материал алдық осы күлден «активировать» етіп, қазіргі кезде сынақтар өткізіп жатырмыз. Негізі минералды порошок инертті материал мен битумның арасында үйкеліс жақсы болуы үшін керек.

Қазір ғылыми орталық мамандары еліміздегі ірі өндіріс орындарымен келіссөз жүргізе бастады. Сабақты ине сәтімен болса, өндірістік қалдықтар жол құрылысы саласының тынысын ашпақ. Бұл бастаманы Көлік министрлігі қолдап, арнайы жұмыс тобы құрылған.

Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті басқармасының басшысы: - Көлік министрлігі өндірістік қалдықтарды пайдалану бойынша ҚазжолҒЗИ-ға арнайы тапсырма берді. Бірінші, үлкен өндірістік кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, қалдықтардан сынамалар алынып, долдағы материалдармен оларды тестілеу бойынша тапсырмалар берілді. Зерттеудің нәтижесінде қаншалықты тиімді, физико-механикалық қасиеттері, жолдың беріктігіне, тағы басқасына сай екенін көрсету үшін жұмыстар басталып кетті.

Жалпы елімізде бұған дейін де қалдықты қайта өңдеу арқылы салынған жолдар баршылық. Астана-Шучинск, Астана-Павлодар-Семей және Омбы-Майқапшағай күрежолдарында боксит шөгінділері қолданылды.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев.

0 пікір
Мұрағат