Ғалымдар сынықтың жазылуын тездететін дәрі ойлап тапты
Ғалымдар сынықтың жазылуын тездететін дәрі ойлап тапты
8 жыл бұрын 3102 bnews.kz

"Назарбаев Университетінің" ғалымдары медицина саласында жаңа өнімдер ойлап тапты. Оның бірі – «ақылды» полимер. Ол сынған сүйектің жазылуын жеделтеді. Ал екінші өнім – «ақылды» таңғыш. Бұл өнімді күйік шалғанда және ойық жара пайда болғанда пайдалануға болады. Бұл туралы «Регенеративті медицина және сапалы ұзақ өмір сүру» атты IV Халықаралық ғылыми конференцияда аталған университеттің Биоинженерия және регенерациялық медицина зертханасының ғылыми жетекшісі Шолпан Асқарова мәлім етті."

«Біз адам сүйегі сынған кезде жазылуды тездететін жүйені ойлап таптық. Яғни, біздің ғалымдар Питтсбург Университетімен бірігіп, «ақылды» полимерді құрастырды. Ол адам ағзасындағы діңгек және сүйек жасушаларын біріктіреді. Зертханалық тышқандарға жасаған зерттеу жұмысының қорытындысы бойынша, осы полимерді қолданғаннан кейін сынған сүйектің жазылу жылдамдығы 30%-ға артқан. Қазіргі таңда біз клиникалық зерттеу алды сатысында тұрмыз. Алдағы уақытта біз жасаған «ақылды» полимердің қаншалықты деңгейде қауіпсіз екенін анықтауымыз қажет. Егер зерттеу нәтижесі сәтті шықса, ғалымдар клиникалық зерттеу жұмысын жүргізеді», - дейді ол.
Сондай-ақ, Шолпан Асқарова отандық ғалымдар бұл жетістікпен тоқталып қалмай, жаңа медициналық өнімді құрастырып жатқандығын баса айтты.
«Әрі біз «ақылды» таңғышты жасап жатырмыз. Бұл таңғыш гельден жасалады. Яғни, бұл зат сұйық күйде болады. Кейін сұйық гель теріге жағылған кезде ол қатып қалады. Бұл әдіс күйік шалған кезде және ойық жараны емдеуге (язва) пайдаланылады. Бұл өнімдер клиникалық зерттеу алды сатысында тұр. Алдағы жылдары бұл өнімдерді Қазақстанда шығаруды жоспарлар отырмыз», - дейді ғалым.

Қазақстандық ғалымдар «қартаюға қарсы дәрі» ойлап тапты

«Назарбаев унивеситеті» жанындағы "National Laboratory Astana" ғылыми орталығында отандық ғалымдар қартаю процесін тежеудің жаңа әдістерін ашып, зерттеуге көшкен. Алдағы 5-6 жылда ғалымдар жаңа әдісті адамдарға сынап көруді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Регенеративті медицина және сапалы ұзақ өмір сүру» атты IV Халықаралық ғылыми конференцияда аталған орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Дәурен Әлімбетов мәлімдеді.

«Осы орталықта мен жасушалардың қартаюы жөнінде ғылыми жұмыс жүргіземін. Ол жұмыс Ұлыбританияның жетекші Оксфорд, Кардифф, және Брайтон сынды университттерімен бірге жүргізіледі. Яғни, біз сол жердегі жетекші ғалымдармен бірігіп, жасушалардың қартаюы және олардың қызметін баяулату әдістерін ғылыми түрде зерттеп жатырмыз.

Біз ғылыми зерттеуде қартайған жасушалардан бөлінетін токсинді белоктардың қызметін зерттедік. Оларды біз кіші (small) молекулалар дейміз. Сол молекулалардың әсерімен токсинді белоктардың концентрациясын төмендету жөнінде жұмыс жүргізіп жатырмыз», - дейді ғалым.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ғылыми зерттеу жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Егер алдағы жылдары зерттеу оң нәтижесін берсе, ғалымдар жаңа молекуларды адам ағзасына сынап көрмек.
«Негізі, ғылыми зерттеулер әлі жүріп жатыр. Бүгінде біз кіші молекулалардың жаңа түрін жасап жатырмыз. Адамдарға жасаудан бұрын бірінші фазадан өту керек. Яғни, алғашында біз жаңа молекуланы жануарларға сынап көреміз. Олардың ағзасына зиянсыз екенін білгеннен кейін ғана сынақты адамдарға жүргіземіз. Менің ойымша, жаңа молекуланы 5-6 жылдан кейін адамдарға қолданамыз деп жоспарлап отырмыз», - дейді ғалым.

Сонымен қатар, Дәурен Әлімбетов ғылыми жұмыстың кейбір қорытындыларымен бөлісті.

«Негізі, осыған ұқсас кіші молекулаларға жасалған зерттеулер бар. Олар 8 пайызға жануарлардың өмірін ұзартқан. Ал адамдарға мұндай тәжірибе әлі жасалған жоқ», - дейді ол.

Айта кетейік, кешелі бері Назарбаев Университетінде "National Laboratory Astana"-ның бастауымен «Регенеративті медицина және сапалы ұзақ өмір сүру» атты IV Халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр. Жиынның биылғы тақырыбы – геронтология және биомедицина саласында инновациялық зерттеулер мен ғылыми жаңалықтар бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Конференцияға АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және басқа да елдерден келген сарапшылар мен атақты ғалымдар қатысады. Жиын екі күнге созылады. 

0 пікір
Мұрағат