Елімізде ауаның ластануы жыл сайын 10 мыңнан астам мезгілсіз өлімге әкеп соғады
Елімізде ауаның ластануы жыл сайын 10 мыңнан астам мезгілсіз өлімге әкеп соғады
11 ай бұрын 763 inform.kz Марлан Жиембай

Ауаның ластануы жыл сайын 10 мыңнан астам мезгілсіз өлімге әкеп соғады. Бұл жайында қоғамдық талқылауға шығарылған Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында айтылған. Бұл жайында ҚазАқпарат хабарлады. 

«Өткен онжылдықта Қазақстанның экономикалық өсуі жаһандық экологиялық факторлармен бірге экологиялық сын-қатерлерді күшейткен қоршаған ортаның жай-күйіне елеулі әсер етумен қатар жүрді. Динамиканың төмендеуіне қарамастан, Қазақстан парниктік газдар шығарындыларының көлемі бойынша топ-20 елдің қатарына кіреді және ауадағы зиянды бөлшектер деңгейі бойынша ең «ластанған» елдер рейтингінде 40-шы орында тұр. Жыл сайын ауаның ластануы 10 мыңнан астам мезгілсіз өлімге әкеп соғады және Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне сәйкес, Қазақстан экономикасына 10,5 млрд АҚШ долларынан астамға зиян алып келеді. Соңғы жылдары Қазақстанда басталған тұрақты даму мен жасыл экономикаға белсенді көшу осы сын-қатерлерді шешуге арналған: ел Париж келісімі бойынша өзінің міндеттемелерін растай отырып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі өршіл мақсаттарды жариялады», - делінген құжатта.

Қазақстанда орта және ұзақ мерзімді перспективадағы маңызды сын-қатерлердің бірі су ресурстарына жоғары жүктеме болады. БҰҰ ДБ климаттың өзгеруі нәтижесінде 2040 жылға қарай Қазақстанда тұщы су тапшылығы 50 пайызға жетеді деп болжап отыр.

Негізгі факторлардың бірі - су тиімділігінің төмендігі. Судың негізгі тұтынушысы саналатын ауыл шаруашылығында судың меншікті шығыны климаттық-салыстырмалы елдер деңгейінен 2-3 есе жоғары. Ал су шығыны ауыл шаруашылығы әлеуетінің толық игерілуін тежеп, 60 пайызға жетеді.

Марлан Жиембай

0 пікір
Мұрағат