Ел іші: ҰБТ-ны онлайн жүйеде тапсыруға болады (видео)
Ел іші: ҰБТ-ны онлайн жүйеде тапсыруға болады (видео)
9 жыл бұрын 4624 24.kz khabar.kz abai.kz uniface.kz Қ.Жүнісбеков, Е.Әбіш, Н.Бекмұратов, А.Сәдуақас, Е.Шалбаев

Енді мектеп бітірген түлектердің Ұлттық біріңғай тестіні компьютер арқылы онлайн жүйеде тапсыруына болады.  Мұндай аймақтық орталық Өскеменде ашылды. Заманауи орталық мемлекет пен жеке әріптестік негізінде құрылды. Бір мезетте 170 түлек тест тапсыра алады. Жаңа жүйені іске асырушылардың айтуынша, ең бастысы тест кезінде түлек  уақыт үнемдейді. Дегенмен, мектеп бітіруші сынақты бұрынғыдай қағаз жүзінде тапсыра ма, әлде компьютер арқылы тапсыра ма? Ол түлектің өз еркінде.  Тек түлек оны қай жүйеде тапсыратыны туралы күні бұрын өтініш жазуы керек.  Болат Меншік, ҰБТ орталығы директорының орынбасары:  - Сәуірге дейін оқушылар ҰБТ-ға қатысуға өзінің өтінімдерін тапсырған. Мәселен, компьютерлік тестке қатысу үшін екінші өтінішті 15 мамырға дейін тапсыру керек. Ол еркін түрде. Бағаға келсек, мысалы қағаз түрінен тапсыратын болса – 351 теңге, компьютерлік тест ол – 261 теңге. Яғни, 100 теңгеге төмен.

Қазақ шаруа шөл даланы жасыл баққа айналдырды (видео)

Мақтааралдық Ербол Ералиев шөл даланы жасыл баққа айналдыра алады. Италиялық бағбандардың кеңесіне құлақ түрген агроном баудың технологиясын толықтай өз ойымен жасап шығыпты. Шаруаның шеттен әкеліп отырғызған алма мен жүзімнің жоғары сұрыпты көшеттері толық жеміс сала бастады. Мырзашөлдің қақ ортасынан бой түзген бауды ауылдағылар Иран баққа теңейді. Ербол Ералиев жеміс ағаштарын жетілдіру үшін күн-түн демей еңбек еткен. Әдетте жауын-шашыны көп ылғалды аймақта өсетін жоғары сұрыпты жүзімдер шөлге де бейімделген. Қазір жалпы аумағы 20 гектар жерді алып жатқан бақтағы жеміс ағаштары самсап тұр. Ерболдың негізгі мамандығы – агроном. 23 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Әке жолын қуып мақта егіп, жүгері өсіреді. Өмірдегі тірегі болған әкесін бір кездері мақтааралдықтар «ақ алтынның маршалы» деп те атаған. Кәсіпті қолына алған жігіт ағасы «бала күннен келе жатқан жерге деген сүйіспеншілігім ақыры осылай бағбандыққа да ұласты», - дейді. Ербол Ералиев, шаруа қожалығының иесі: - Әрдайым жаңашылдықпен жұмыс істегенді жақсы көремін. Шаруа бір жерде бір саламен тұрақтап қалмауы керек. Күтімі жақсы болса, өнім де мол болады. Шаруашылықтың бар сыры осы. Қазіргі таңда шаруашылығында 500 гектарға жуық жері бар. Алқаптарда 100-ге жуық ауыл адамы жұмыс істейді. Мақта мен жүгерісі торғай көлеңке болып өсіп қалған. Бау-бақшасы тағы бар. Әрдайым ауыспалы егін түрі мен тың технологияны қолданып отырады. Ербол Ералиев, шаруа қожалығының иесі: - Жерде тек соны түсіне білген адам ғана еңбек етеді. Мен тіпті сауданың не екенін білмеймін. Дүкенде жұмыс істей алмаймын. Жер – негізгі кәсібім. Сондықтан қолымнан келетін нәрсе – сол жермен жұмыс істеу ғана. Жер терін төгіп еңбек еткен жанға ғана несібесін береді. Жердің сырын жақсы білетін агроном «агротехникалық талаптарды қатаң сақтау арқылы жердің құнарын арттырып, одан мол өнім алуға болады», - дейді.

Шөптесін өсімдіктер тақырға айналған аймақтарға егіледі

Қазақтың дарқан даласында 5 мыңнан астам шөптесін өсімдік өседі. Солардың арасында дәрілік, әсемдік, жабайы және мал азықтық сынды шөп түрлері бар. Енді осы шөптердің тұқымын тақырға айналған аймақтарға егу жұмыстары қолға алынып отыр. Бетеге – мал азығы үшін берекелі өсімдік. Өнімділігі жоғары. Кәдімгі бетегінің 10 келі пішенінде 50-ден астам азық өлшемі, 5 келі сіңімді протеин болады. Күтім талғамайды. Табиғаттың ыстық-суығына өте төзімді келеді. Бетегіні белсенді өсіру – қазақтың малшаруашылық және жем-шөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының жақсы бастамасы. Мақсұт Айнабаев, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ҒЗИ аға ғылыми қызметкері: - Малға аса пайдалы болғандықтан, соны зерттеп, сұрыптау жұмыстарын жүргізіп, жаңа сорттарын шығарды. «Кемер», «Толағай», «Шарапат» «Талаптан» деген сорттары шықты. Бұл сұрыптарды шабындық ретінде қолдануға болады. Мысалы, гектарынан 15-20 центнер, жаңа сорттар 40 центнерге дейін шөп береді. Жалпы бетеге еліміздің барлық аймағында кең тараған. Ол ерте көктемде малға аса қажетті құнарлы шөп саналады. Бетеге мен изенге жайылған қой қоңды келеді, тез семіреді. Бетегені белсенді өсірудегі мақсат біреу – мал шаруашылығы үшін жем-шөп өндірісін дамыту. Қазақ даласында 5 мыңнан астам өсімдік шөптің түрі бар. Соның тек 500-і ғана мал азықтық болып саналады. Мысалы, бір ғана жусанның елімізде 28 түрі өседі. Ал мал азығы үшін аса құнарлы саналатын берекелі бетегенің 48 түрі анықталған. Бетегеден биік, жусаннан аласа деп изен шөбін айтуға болады. Сырт келбеті жусанға ұқсас. Табиғатта кең тараған. Жалпы изеннің Солтүстік Америка, Еуропа мен Азияда өсетін 80 түрінің елімізде 2 түрі бар. Изен малдың асқорыту жұмысын жақсартады. Оның құрамында ақуыз көп. Изен шөбі – қыс айларында қой мен жылқыға таптырмайтын азық. Ғалымжан Кенжеғалиев, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері: - Болашақта біз изеннің жайылымдық және мал азықтық түрлерін өсіруді мақсат етіп отырмыз. Изен 15-20 маусымда толық пісіп жетіледі. Тамыз айында оны екінші мәрте шауып алуға болады. Құнарлы өсімдік құрамында түрлі дәрумендер бар. 1 гектар жерден 32-40 центнерге дейін өнім алуға болады. Ғалымдар белсенді өсіріп жатқан бетеге, изен мен еркекшөптердің елімізде таралу ауқымы кең. Бірақ, кейінгі кезде шалғындық жерлер азайып, тақырлану ұлғайып барады. Сондықтан осында өсірілген шөп тұқымдарын шаруа қожалықтарына беру арқылы жайылымды жер аумағын арттыру көзделіп отыр. Қазіргі кезде институт ғалымдары құнарлы шөп тұқымдарын Қарағанды мен Алматы облысы шаруаларына жіберген. Сөйтіп, тұқым шаруашылығын бір ізге қоймақ ниетте. 

Талапкерлері үшін 31 700 мемлекеттік грант бөлінді (видео)

Ұлттық Бірыңғай Тестілеу кезінде 50 ұпай жинай алмаған түлектің екінші мүмкіндігі бар. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері ақылы сынақ жайлы түсіндірді.  Биыл бұл науқан дәстүрлі форматта соңғы рет өткізіледі. Келер жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгеріс енгізілмек.  Индира Жылқайдарова, тілші: - «Оқу инемен құдық қазғандай» болса, білім бұлағын ашу оңай болсын ба?! Жоғарғы оқу орнына өз білімімен түскісі келетін түлектердің күн күлкісін кетіріп, түн ұйқысын қашырар, ата-анасының жүрегі лүпілдеп, сынақ нәтижесін бала-шағасымен бірге тағатсыздана күттіріп қоятын науқан жақындады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге тура 20 күн қалды. Түлектердің көңілін жұбататын жаңалықтан бастайық. Биыл сынақ кезінде қажетті 50 ұпайды жинай алмаған бала тағы дайындалып, екінші рет тапсыруға мүмкіндік алмақ.  Саят Нүсіпов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасы -Биыл осы форматта өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу соңғы рет өтетін болады. Келесі жылдан бастап ҰБТ форматы өзгеретін болады. Екінші рет тапсыруға мүмкіншілік бергенде тек қана жоғары оқу орындарына ақылы түрде ғана түседі. Мемлекеттік гранттар ҰБТ кезінде ғана берілетін болады. Демек, мектеп бітірген бар бала жоғарғы оқу орнында білім алуға құқылы. Министрлік осылайша жастардың бірінің де бағын байламауды ұйғарған секілді.  Жалпыға бірдей ҰБТ 2-15 маусым аралығында өтеді. Ал осы сынақта 50-ден төмен ұпай жинаған түлектер тамыздың 19-ынан 24-іне дейінгі аралықта тесті қайта тапсырады. Бірақ, ақылы. Бағасы 2 мың 242 теңге болады.  Серік Өмірбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры: - Егер қайтадан тестілеу тапсырған кезде тағы да қажетті ұпай санын жинай алмаса, олар шартты түрде жоғары оқу орнына алынатын болады. Бірінші семестрде олар ортақ бағдарлама бойынша оқиды. Жоғарғы оқу орнында қосымша тестілеуге әзірлік ретінде 4 пәннен сабақ беріледі. Егер қосымша кешенді тестілеуден өтсе,  екінші семестрде 1 курсқа алынады. ҰБТ форматы бәз-баяғы қалыпта өтеді. Ал 2017 жылы өзгеше болады. ҰБТ алынып тасталмайды, талабы, тәртібі бұрынғыдай. Тек тестілеу сұрақтарының мазмұны өзгертіледі. Сала мамандарының айтуынша, тематикалық сауалдардан бөлек, баланың логикалық ойлау қабілетін анықтайтын тапсырмалар енгізіледі.  Айта кетейін, ведомство қазір мектептегі пәндерді оқыту бағдарламасын зерттеу жөніндегі комиссия құрған.  Алдағы күзде 5 күндік оқуға көшіру мәселесі толық шешіледі. Сонымен қатар, үш тілді білім беруді енгізу мерзімі бойынша да қоғамның пікірі ескеріледі.  Жаңыл Жонтаева,  ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру департаментінің директоры: - Барлығын ата-аналармен, мұғалімдермен, қоғаммен, білім басқармаларымен ақылдасып, отыратынымызды назарларыңызға салып кеткіміз келеді. Бізде ақпараттық орталық жұмыс жасайды. Сол орталық зерттеу институтымен бірге қоғамдық пікірді зерттеген кезінде 81 пайыз бұрынғы біздің ата-аналарымыз жалпы болып жатқан жаңалықты, үштілділікті қолдап отырғанын дәлелдеп көрсетіп кетті. Қоғамдық комиссиялардың жұмысы тамыз кеңесінде қорытындыланады.  Айта кетейін, биыл науқанды қауіпсіз әрі объективті өткізу үшін ұялы телефон байланысын өшіретін 2 мың құрал, 400 жүзден артық металл іздегіш, 2 мыңнан астам бақылау камерасы пайдаланылмақ.  Білім министрлігінің өкілдері: «Бұл жолы ата-аналар мен әкімшілік арасындағы технологиялық кикілжің болмайды», – деп тағы сендірді. 

 

0 пікір
Мұрағат