Ел іші: Қарағандылық азамат туған ауылының өркендеуіне үлес қосып келеді (видео)
Ел іші: Қарағандылық азамат туған ауылының өркендеуіне үлес қосып келеді (видео)
8 жыл бұрын 3556 24.kz

Ер елінде көгерер. Кезінде қазақ жерін тастап, Германияға көшіп кеткен Қарағанды қаласының тұрғыны бұл сөздің қадірін жақсы біледі. Кейін елге қайта оралған Владимир Тауберт қазір өз кәсібін дөңгелетіп, туған ауылы Ошағандыны дамытуға белсене кіріскен. Владимир Тауберт 2004 жылы Германияға көшіп кеткен еді. Төрт жыл өткен соң, туған еліне отбасымен оралған Владимир қазір жылқы өсіріп, ауыл шарушылығы бағытына атсалысып отырған жандардың бірі болып табылады. Владимир Тауберт; кәсіпкер: - Қазақ халқының мінез-құлқын бойыма сіңіріп, салтын ұстанып өскен соң болар, ол жаққа мүлде бейімделе алмадым. Тегім неміс демесеңіз, болмысым, жан-дүнием қазақ. Менің туған жерге қайтып келуімнің себебі осы. Әйтпесе әр ұлттың жақсы қасиеті бар. Мен ол жағынан бөлмеймін. Владимир Тауберттің өзі де, ұлы да ат құлағында ойнайды. Асыл тұқымды бәйгеге қосатын аттарды баптайды. Кәсіпкер көмек сұрап келгендердің бетін қайтармайды. Ауылдастары да Владимирдің осындай асыл қасиеттерін бағалап, құрметтейді. Данияр Оспанов; Ошағанды ауылы орта мектебінің директоры: - Осы ауылдың мектеп директоры боламын. Онымен тығыз қарым-қатынастамын. Әлеуметтік жағынан мектепке көмек жасайды. Ұлтым басқа болса да жаным, жүрегім қазаққа жақын деп өзі айтып отырады. Ошағанды ауылы Астана-Қарағанды тасжолының бойында орналасқан. Тауберттер отбасы шағын кәсібін дамытып, ауылдағы 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Бүгінде республикалық маңызы бар жолдың мемлекеттік бағдарламасымен жөнделуі бұл аймақтың бизнесіне оң ықпалын тигізуде.

Оралдық азаматтар қайырымдылық шараларын тұрақты өткізеді

Оралда түрлі қоғамдық ұйым белсенділері қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізіп келеді. Әсіресе, көмекке мұқтаж, жетім және аз қамтылған отбасыларының балалары басты назарда. Қайырымды іс жасауға құлшыныс танытып жүргендер қатарында жекелеген азаматтар мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен ассамблея мүшелері де бар. Галина Бошенятова Богдан есімді бүлдіршінді жалғыз тәрбиелеп отыр. Басында уәдені үйіп-төккен сүйіктісі нақты іске келгенде жауапкершіліктен жалтарып, отбасыны асыраудан іргені аулақ салған. Үйсіз-күйсіз қалған Галина қазір туған бауыры Аннаның шаңырағында уақытша тұрып жатыр. Үш баласы бар апасының өзі туыстарының аядай бөлмесін жалдап күн кешуде. Галина Бошенятова, Орал қаласының тұрғыны: - Жүктілігімнің жетінші айында талма ауруына ұшырадым. Есімнен танып құлап қала берген соң, үсті-басым жиі көгеріп жүретін болды. Босанғаннан кейін де осы жағдай қайталана берді. Қазір мүгедектікке тағайындалатын жәрдемақыны ала алмай жүрмін. Сырқатыма байланысты еш жерге жұмысқа да орналаса алмадым. Тағдыр тауқыметіне тап болған кейіпкерімізге қайырымды жандар қол ұшын созды. «Аялаған алақан» қоғамдық қорының жетекшісі Рада Хайрушева осындай жандарға қолынан келген көмегін жасап жүр. Галинаны толғандырған мәселелермен де жақсы таныс. Ол әзірге күнделікті азық-түлігін жеткізіп, киім-кешекпен көмектесеміз деп отыр. Болашақта бәрі де жақсы боларына сенімі мол. Рада Хайрушева, «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі: - Галинаны бұрыннан білемін. Қиындық кез келген адамның басында болады, тек сондай кезде қайырымды адамдардың жаныңнан табылуы бәрінен маңызды. Қамқорлыққа зәру жандарды қолдау бойынша биыл көптеген іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалар басты назарда болады. Мемлекет олар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Бірақ оларға ең керегі адамдардың аялы алақаны мен жан жылуы деп білемін. Кең болсаң – кем болмайсың демекші, ізгі іс жасауға ниетті адамдардың көптігі қуантады. Олардың дені демеушілік мақсаттағы істерді ешқандай жарнамасыз жасауға тырысады. Қордың басты мақсаты – осындай қайырымды жандардың көбейе түсуіне үлес қосу

0 пікір
Мұрағат