Eл іші: Жамбылдық шаруа қымызбен емдейтін сауықтыру кешенін ашты
Eл іші: Жамбылдық шаруа қымызбен емдейтін сауықтыру кешенін ашты
9 жыл бұрын 3752 24.kz

Жамбыл облысындағы шаруа қожалық иелері мал шаруашылығынан бөлек, туризм саласына да бет бұра бастады. Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Сайранбай Дөненбаев фермасының жанынан қымыз дайындайтын цех салып, сауықтыру кешенін ашты. Кәсіпкер өлкенің таза ауасы, жылқы және оның сүті арқылы саяхатшылардың қызығушылығын тудырмақ. Қазір ол денсаулығын жақсартуға келетін қонақтар үшін арнайы сауықтыру кестесін жасауда. Жамбыл жері терең тарихымен ғана емес, сұлу табиғатымен де ерекшеленеді. Осыны жақсы түсінген жергілікті кәсіпкер Сайранбай Дөненбаев шаруа қожалығының бір бөлігін сауықтыру орталығына айналдырды. Демалуға келушілер экологиялық таза әрі табиғи өнім арқылы иммунитетін көтеріп, саумалмен емделе алады.  Мұнда бір күнде 40-тан астам адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Кәсіпкер бұл жобаны келешекте 150 орынға дейін кеңейтпек. Сайранбай Дөненбаев, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі: - Тағы да 5 гектар жерге демалыс орны ретінде жоба жасалып жатыр. Жазды күні бассейнде шомылуға, атқа мінуге болады. Сол сияқты сауықтыру шараларын ұйымдастырып жатырмыз. Халыққа қызмет көрсеу де  – табыс көзі. Жаз айларында мұнда 300-ге жуық бие байлап, күніне жарты тоннаға дейін қымыз өңдеуге болады. Ол үшін арнайы цех жұмыс істеп тұр. Тәжірибелі технологтар сұранысқа қарай ұлттық сусынның бірнеше түрін дайындайды.  Негізінен тапсырыс Астана, Алматы қалаларынан түседі. Базаркүл Амангелдіқызы, технолог: - Бес түрлі қымыз дайындаймыз. Жуас қымыз, асау қымыз, сүр қымыз көбінде халықтың сұранысы бойынша дайындалады. Қыс айларында сұраныс көбіне асау қымызға болады. Ал жазда жуас қымызға сұраныс көп. Сондықтан 20 тоннаға шақталған қоймамыз бар. Бүгінде жоба құрылысының 80%-ы аяқталған. Жуырда мемлекеттің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 7 шақырым жерден электр желісі тартылды. Ендігі міндет – саяхатшыларды ынталандыратын бағдарлама жасақтап, туристік салада жұмыс істейтін мамандар даярлау

30 мыңға жуық қазақстандық осы жылы әскер қатарына шақырылады

Бүгінгі таңда Қазақстанның қорғаныс істері жөніндегі басқармаларында Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымлар үшін шақырылушыларды алдын ала зерделеу және іріктеу өткізіледі, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Кезекті шақыру науқаны бірінші сәуірде басталады. Биылғы жылы мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы кейінге шақырылуға құқығы жоқ, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызмет өткермеген 30 мыңға тарта қазақстандық мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады.  Шақыру және медициналық комиссияларды құру жоспарлануда. Қажетті жабдық және тиісті мамандармен қамтамасыз ету ретке келтірілді. Медициналық комиссия құрамына әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша дайындығы бар білікті дәрігер мамандар, яғни, оташы, терапевт, нарколог, невропатолог, психиатр, көз дәрігері, құлақ-мұрын дәрігері, дерматовенеролог, тіс дәрігері кіреді.  Әрі қарай шақыруды тиісті өңірдің әкімі орынбасарының басшылық етуімен шақыру комиссиясы жүзеге асырады. Сондай-ақ денсаулық сақтау, ІІМ, білім беру, қоғамдық ұйым, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысады.

Жергілікті әскери басқару органдары ҚР Қарулы Күштері, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі мен Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне шақыруды жүзеге асыратынын айта кетейік.   Бастапқы әскери дайындық қорытындысы бойынша ер-азаматтар әскери ант қабылдайды. Одан кейін әскери қызмет атқару үшін тиісті лауазымдарға тағайындау жүргізіледі.

2015 жылдың күзінде 12 мың адам шақырылды. Олардың арасында 4 000 шақырылушы ҚР Қарулы Күштерінің қатарына, 2 000-ға жуық қазақстандық ҰҚК Шекара қызметіне, 6500-ден аса шақырылушы ІІМ Ұлттық ұланы мен 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметіне қызмет етуге аттанғанын естеріңізге сала кетейік. 

0 пікір
Мұрағат