Биылдан бастап сауда орындарына 30% отандық өнімді қоюға міндеттелуі мүмкін
|
Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауыншабиылдан бастап сауда орындары сөрелерінде отандық өнімнің30%-ын қоюға міндеттелуі мүмкін. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау үшін Ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуға қажетті өнімдерді отандық кәсіпкерлерден алатын болады.
Отандық өнімдерді жетілдіру мақсатында Үкімет 1 миллиард теңге бөлмек. Қаржы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына беріледі. Олар кәсіпкерлер үшін сөрелерді жалға алады. Ал бизнесмендер өнімдерінің сапасын жіті қадағалауы тиіс. Алматылық кәсіпкерлер тауарларын халықаралық талапқа сай өндіру үшін барын салмақ.
«Біз әрдайым сапалы өнім шығарып, оны талапқа сай өндіруге тырысамыз. Тұтынушылар бағасына сай тауар алуы тиіс. Бұл кәсіпкерлердің ең басты ұстанымы болуы қажет», - деді кәсіпкер Людмила ДУБИНИНА.
«Ал алматылық кәсіпкерлер үшін жуырда 13 миллиард теңгеге жасалған келісімшарт айтарлықтай қолдау болмақ. Мемлекеттің кәсіпкерлікпен айналысу ережелерін едәуір жеңілдету жолында бірқатар жұмыстар жасалуда. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1000-нан аса жоба қолдау тапты», - деді Алматы қаласы «Даму» қоры филиалының аймақтық бөлімшесінің бас менеджері Зарина КАРМЕНОВА.
Атап өтерлігі, Алматы экономикасында шағын және орта бизнес 27 пайызды еншілеп отыр. Өткен жылы көрсетілген қызмет пен өндірілген өнім көлемі 428 миллиард теңгеден асты. Кішігірім кәсіпорындардың шығыны 482 миллиард теңгені құрады. Ескере кетерлігі, жалпы республикалық портфелдің бизнеске қарастырылған 56 пайызы Алматының шағын бизнес несиесіне бөлінеді.