Аралды көгалдандыру: 25 адам жыл сайын 1 млн түп сексеуіл отырғызады (фото)
|
Жиырма жылдан бері экологиялық апатты тоқтату үшін Арал теңізінің ұлтанына жаппай сексеуіл отырғызылып жатыр. Жақында бір топ журналист Арал қаласына барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыс ретімен танысып қайтты. Бұл жайында ulysmedia.kz ақпарат көзінің материалынан біле аласыздар.
25 АДАМ 1 МЛН ТҮП СЕКСЕУІЛ ОТЫРҒЫЗАДЫ
Арал қаласынан 40 шақырым жерде Ақбай ауылында Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты тұқымбақ бар. Өңірдегі отырғызылатын ағаштар сонда өсіріледі. Бригадир Бектемір Жүсіпов бақтың жұмысын таныстырды.
Тұқымбақта сексеуіл боз арша, қарағай, тал, дәнек, сәнағаш, қаратал, сырталы, көктерек, ақтерек, сияқты ағаштар мен алма, алмұрт, өрік, шие, қараөрік сынды жеміс ағаштары өсіріледі. Бұл өсімдіктердің барлығы аудан аумағындағы әлеуметтік нысандар мен көшелерге егіледі. Ал олардың арасында сексеуіл ғана теңіздің құрғаған бөлігіне отырғызуға жарайды.
«Қазір енді су жоқ қой, ал ұлтанын шыққан құмнан, желден, тұзды шаңдар ұшып жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз – Арал теңізінің ұлтанынан ұшқан құмды тоқтату. Ол үшін сексеуіл егеміз. Сексеуілдің дәнін әкеліп егіп, біржылдық қылып өсіреміз. Күздігүні егіп, көктемде өсіреміз. Бір жылдық қылып өсіріп алғаннан кейін қазып алып, күн жылынғанда мамандарымыз арнайы техникамен теңіздің ұлтанына егіп шығады. Жыл сайын 1000 гектардан 5000 гектарға дейін егіп жүрдік. Әр гектарға бөлек-бөлек көшет егіледі. Бұрын сексеуіл еккенде арақашықтығы 60 метрден қалдырылатын еді, қазір төрт-бес метрден соң еге береміз», – деді ол.
Аралдың құрғаған бөлігінде алғашқы көгалдандыру жұмысы 90 жылдары басталған. Ол кезде су әлі кете қоймағандықтан көгалдандыру жұмыстарына орманшылар ұшақпен жеткізіп отырған.
«Қазіргі уақытта машинамен барамыз ғой, ол кезде жұмысшыларды тек ұшақпен апаратын. Жалпы теңіздің ұлтанына сексеуіл отырғызумен бар-жоғы 25 адам айналысады. Яғни, жыл сайын бір млн-нан астам сексеуілді солар қолмен егеді. Жыл сайын күзде қазан айының соңына қарай сексеуіл тұқым шашады. Соны орманшыларымыз жинап алады. Екі аптаның ішінде жинап үлгеруі тиіс, әйтпесе кеш болады. Оны арнайы қоймаға әкеліп кептіріп, көктемде жер жіби бастағанда егеміз», - деп қосты бригадир.
Айтуынша, жыл сайын отырығызылатын ағаштың небәрі 30-40%-ы ғана жерсінеді. Бірақ, осының өзі жетістік саналады.
«30% болса да жақсы жетістік деп есептеледі. Өйткені, ол теңіздің ұлтаны ғой. Теңіздің ұлтаны болған соң асты сор. Кейбір жерінде отырғызған көшет пен дән 100% өседі, ал кейбір жерінде шықпай қалатын кездер болады. Алғаш жылдары отырғызған сексеуілдеріміз қазір дән беріп тұр. Солардың дәнін жинап, Қамбашқа (Арал ауданындағы ауыл) алып келеміз. «Арал лесхоздың» конторасы Қамбашта орналасқан. Сондағы ангарда кептіріп, сақтаймыз. Яғни, бұрынғы өзіміз қолмен отырғызған ағаштың дәндерін алып, соны әрі қарай өсіріп, отырмыз», – дейді Б.Жүсіпов.
Орманшылар сексуілді егіп қоймай, оның отынға шабылып кетпеуін де қадағалайды. Б.Жүсіповтің айтуынша, соңғы жылдары ауданда сексеуілді шауып, отын ретінде сату азайған.
«Халық түсіне бастады. Қазіргі уақытта сексеуіл браконьерлігі кездесіп жүрген жоқ. Сексеуілді сындырмайды. Оның үстіне қазір Арал қаласы толықтай газга қосылған. Орманшылар қадағалап отырады. Браконьерлік оқиғасы әрі кетсе жылына 1-2 рет кездеседі», - деді ол.
Бригадирдің айтуынша, жергілікті халық теңіздегі көгалдандыру жұмысына атсалысқан емес.
«Аралдың табанын көгалдандыру тек орманшылардың шаруасы. Атсалысып, келіп көмектесіп жатқан ешкімді осы уақытқа дейін көрген емеспін. Керісінше қайта біздің еккенімізді осы жердің өзінде сым-темірді бұзып, малдарын кіргізіп жібереді. 2-3 жылдан бері ауа-райына байланысты далада шөп жоқ, шықпай жатыр. Біздің тұқымбағымыз суармалы жер. Іші жақсы шығып тұрғаннан кейін осыған кіргізіп жібереді. Бізге көмектеспей-ақ қойсын. Бізге көмектері сол – малдарына ие болса деймін», – деп қосты орманшы.
Бүгінде аудандық орман шаруашылығы мекемесінде ұзын-саны 55 адам жұмыс істейді. Оның жартысы көгалдандыру жұмысын істесе, қалған жартысы оны қорғаумен айналысады. Халықаралық ұйымдар қаржы бөліп, жекелеген жобалардың аясында қосымша жұмыс күші тартылып, жаңа техника сатып алынатын кездер болады.
«Алдыңғы жылы Кореяның үкіметі қаржы бөлді. Біз оған Ақирек, Қамбаш ауылдарынан жұмысшылар алдық. Ол жұмысшылар сексеуілдің дәнін жинап, осында әкеліп өсіріп, соны апарып теңіздің ұлтанына екті. Бізге бір трактор, вагон беріп, ағаш егетін екі машина алып берді. 25-30 адам алып, 3 жылдай жұмыс істедік. Солар еккен ағаштар қазір теңіздің ұлтанында жақсы өсіп тұр. Біздің еккен әр ағашымыз тексеріледі. Ізімізден тексеріп, қалай егіп жатқанымызды, қойып жатқанымызды тексеруші орган бар ғой», – деді бригадир.
Аралдың табанында эксперимент ретінде сексеуілден бөлек сарсазан, жыңғыл, отырғызылған. Алайда, құмды ұстауға келгенде ол екеуі сексеуілге қарағанда әлсіз. Бірақ, тұзды жерде өсе алатын ерекше қасиетке ие.
«ҚҰМНАН ҚАШЫП ҚАЙДА БАРАМЫЗ?»
Арал қаласынан 40 шақырым жерде Аралқұм ауылы орналасқан. Ауылдың жанында таудай болып үйілген құм төбелер жатыр. Бес жыл бұрын құм көшкінін тоқтату үшін 400 метр аумаққа сексеуіл мен дүзгін отырғызылып, қоршау салынған.
«2016 жылы БҰҰ қайтарымсыз несие беріп, соның арқасында 400 метрге сексеуіл егілді. Ондағы мақсат – жылжымалы құмды тоқтату, жалпы осы аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту еді. Біраз құмды бөгеп, ұстап тұр. Ауылды құм басу қаупі бар. Ол тоқтаған жоқ. Сәл жел тұрса айналада түк көрінбей кетеді, боран соғады», – дейді Аралқұм елді мекенінің тұрғыны Бақыт Кирбасов.
Ол – Аралқұм ауылының қоғамдық кеңесінің төрағасы. Ауылдың проблемасын түрлі жиындарда белсенді көтеріп жүр. Айтуынша, ауылда 260-қа жуық үй бар. Жыл сайын көшпелі құмдар 5-6 метрден ауылға жақындап келеді. Ақсақал ауыл сыртындағы зиратты құм басып тастай ма деп алаңдайды.
«Ата-бабамыздың жатқан жері. Осы елді мекеннен шыққан адамдар жерленген. Оларды құм басу қаупі жақындап тұр. Оларға да жанашыр болу керек. Шама келгенше бастырмауымыз керек қой. Оларда біздей болып өмір сүрді. Жақсы жұмыс, қызмет істеді. Олардың бейітін құм басып жатса жақсы емес», – деп қосты ол.
Өңірдің экологиялық ахуалына шыдамай біраз жұрт көшіп кеткен. Алайда қалған тұрғындардың көбі апатқа көндігіп кеткендей.
«Құмнан қашып қайда барамыз? Бөтен жаққа барғанда бізді кім тосып тұр дейсіз? Қазір үйреніп қалдық. Жасым 70-ке келді. Осында туып-өсіп, теміржолда еңбек еттім. Қазір зейнеткермін, бала-шағамызды асырап, күнімізді көріп, отбасымызбен отырмыз. Ауылда бәрі таныс. «Ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей», – деп күрсінді кейіпкеріміз.
Ауылдың іргесіндегі бархандар 20 жыл бұрын пайда болған. Қазір бұл ауылдың адамдары аула мен көшені құмнан тазартып отырады.
«Үйімізді баспағанымен шарбақ пен қораның сыртын басып қалады. Тұрғындар жыл сайын арнайы қызмет мамандарын жалдап, сонымен құм шығарамыз. Алды 80 мыңға дейін, арты 20-30 мыңға дейін өз қаражатынан машина жалдайды. Әркім өз қалтасынан шығарады. БҰҰ өкіліне де айттым, сексеуілді алқаптың жанына 150 метрден тағы қосып, қоршау орнатылса екен. Шамалы сексеуіл егілсе, құм көшуі бәсеңсиді ғой. Жоғары жақтағылар оң көзбен қарап, жан-жағынан қосып, қоршау істесе екен», – деп түйді сөзін Бақыт Кирбасов.
«САУСАҚТАРЫМ СҮЙРІКТЕЙ ЕДІ»
Арал теңізінің құрғаған табанының қазақстандық бөлігінің ауданы – 2,2 млн га құрайды. Оның ішінде мемлекеттік орман қоры 768,7 мың га алып жатыр. Теңіздің ұлтаны Барсакелмес қорығының аумағына кіреді. Қорық директоры Зәуреш Әлімбетованің айтуынша теңіздің табанынан ұшатын құмды тоқтатудың тек жалғыз жолы – сексеуіл егу.
«Жағдай өте ауыр. Сексеуіл тұзды топырақта тамыр жайып өсе алатын санаулы өсімдіктің бірі. Бір түп сексеуілдің төрт тонна топырақты ұстап тұруға шамасы жетеді. Көшкен құм сексеуілдің түбіне жиналып, төмпешіктерге айналған. Жыл сайын қар енді ери бастағанда тұқым себе бастаймыз. Небәрі 10-15 күннің ішінде отырғызып үлгеруіміз керек. Суаруды қажет етпейді, шөлді жерде өсе беретін энергетикалық әлеуеті мықты ағаш», - деді қорық басшысы.
Сексеуілден бөлек, сарсазан мен жыңғыл да отырғызылып жатыр. Алайда, соңғы екеуі сексеуіл өспейтін, яғни, тұзды жерде өседі.
Қазір теңіз табанында адам қолымен отырғызылған сексеуілді алқаптар бар. Мәселен, Жапония мен Корея үкіметінің қолдауымен егілген алқаптар бүгін жайқалып өсіп тұр.
Арал теңізіндегі алғашқы сексеуіл өткен ғасырдың 70 жылдары отырғызыла бастаған. Орман шаруашылығы институтында жұмыс істеген ғалым Владимир Семенович Каверин сынақ ретінде қолға алып, теңіздің құрғаған бөлігіндегі тұзды топырақты көгалдандыруға болатынын дәлелдеген.
«Жаппай сексеуіл егу бертінде, 2005 жылдан басталды. Жапония мен Корея үкіметінің отырғызған алқаптары – шағын пилоттық жобалар. Олардың мақсаты көгалдандыру емес, тек түрлі технологияларды сынап көруді діттейтін ғылыми жұмыс десек болды. Ал теңіздің табанына біз өзіміз «Арал лесхозбен» бірлесіп қолмен отырғызып келеміз. Бұрын елдер «қолыңыз қандай әдемі» деп айтатын. Сүйріктей саусақтарым, аппақ қолым бар еді. Тұқымды осы қолмен шашып, көшетті де өзіміз отырғызамыз», - дейді Зәуреш Жансұлтанқызы.
Бүгінде ауданда көгалдандырумен айналысатын бір ғана кәсіпорын бар. Теңіздің табанын аз уақыт ішінде орманға айналдыру үшін оның күші жеткіліксіз.
«Отырғызу үшін көшет керек, ал көшет алу үшін тұқымбақтар қажет. Жалғыз тұқымбақ бар, бірақ, оның қуаты бүкіл теңізге жетпейді. Сондықтан жеке кәсіпкерлерді тартып, жекеменшік бақтарды көбейту қажет деп есептеймін. Біздің халықтың балық пен малдан қолы тимейді. Басқа өңірлер сияқты біздің аймақтың тал егуге икемі жоқ. Теңіздің миллиондаған гектарын егу үшін қанша көшет керек. Көшет болуы үшін қанша дән керегін есептей беріңіз», - деп түйіндеді сөзін қорық директоры Зәуреш Әлімбетова.
АУЫЛДАРДЫ ҚҰМ БАСЫП ҚАЛУЫ МҮМКІН
«Орман ғылыми-инновациялық институты» директорының орынбасары Бұлқайыр Мәмбетовтің айтуынша жыл сайын Аралдың түбінен 100-150 мың тонна құм мен тұз көтеріледі. Аралдың ұлтанынан көтерілген шаң мен тұз Памир, Тянь-Шянь тауларына дейін барған.
«Аралдың қазақстандық жағында 2,5 млн гектар теңіздің түбі құрғады. Қанша ағаш отырғызу керегін есептей беріңіз. Жалпы сексеуіл өсетін жерлерде қатты жел, дауыл болмайды. Шамамен 250 мың гектар аумағына отырғызылған. Дүниежүзілік банктің қаржысымен, облыстың өзінен жыл сайын қаржы бөлініп, 5000 га отрығызылады. Менің есебім бойынша 250 мың га отырғызылды», - дейді ғалым.
Сексеуілдің бір қасиеті үш жылда пісіп жетіліп, тұқым береді. Сол тұқымдардың арқасында қайта жаңарып отырады. Жерсінген ағаш 20-25 жыл бойы өсіп, тұқып беріп жаңарып отырады.
Қазір Бұлқайыр Мамбетов өңірде сексеуілден басқа ағаштарды өсіруді зерттеп жүр. Сексеуілдің Аралда жерсінуін зерттеген ғалым Каверинмен бірге жұмыс істеген.
«Сарсазан, қарабарақ деген ағаштар бар өсіп жатқан. Бірақ, олар сексеуіл сияқты биік өспейді. Олардың биіктігі 1 метр, құм ұстауға икемі аздау. Бірақ, ол да тұзды жерде өсе береді. Сексеуіл өспейтін жерде, қарабарақ пен сарсазан бар. Меніңше, соларды көбейту керек, ол үшін тұқымын жинап, питомникте өсіру керек. Егер осы ағаштардың тұқымын алып, көбейтсек олардың жерсінуі 60-70 пайызға дейін жетеді. Бірақ, оған тағы қаражат керек. Тұқымбақтарға ақшаны тек сексеуіл үшін береді, қалғандарына жоқ. Тиімділігі олар сексеуілге қарағанда тұзды көтере алады», - деп қосты ғалым.
Сондай-ақ, көгалдандыру қарқынын тездетпесе алдағы уақытта бірнеше ауыл құм астында қалуы мүмкін деген болжамын айтты.
«Қазір қанша ауылды құм басу қаупі барын нақты айта алмаймын. Оны зерттеу керек. Алайда, өзім 3-4 ауылды көрдім. Көшпелі құмдар жыл сайын 5-6 метрге жылжып отырады. Үй тұрмақ тұтас ауылды басып тастауы мүмкін. Қазіргі мемлекеттік шаралар жеткілікті ме? Әрине, жеткіліксіз. Бірақ, мемлекеттің одан да басқа жұмысы жетеді. Көңіл бөліп жатыр, түрлі қорлар назар аудара бастады. 2,5 млн га-ны көгалдандыру жеңіл жұмыс емес. Әрі оның көбі тұзды жерлер, сексеуіл тек құмды жерде өсетінін ескеру керек», - деп түйіндеді сөзін Бұлқайыр Мамбетов.
Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы президентінің жолдауында алдағы 5 жыл ішінде орман қоры аумағында 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, экологиялық жағдайын жақсарту үшін Арал теңізінің құрғаған түбіне 1,1 млн га жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жүргізу жоспарланған. Биыл Қазақстан Үкіметі Аралдың ұлтанын көгалдандыру жөніндегі кешенді бағдарлама әзірлеп, сексеуіл отырғызуды бастап кетті. Алайда ол жоспарды орындауға 25 адам жеткілікті ме?
Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асырылатын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында жасалды.
Автор: Айнұр Шошаева
Қандай қайырымдылық қорлар,ұйымдар бар. Халық қалай көмектесе алады.