Құранды корей тіліне алғаш аударған адам
Құранды корей тіліне алғаш аударған адам
2 жыл бұрын 1827 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Доктор Хамит Сой Еон Кил қасиетті Құранды корей тіліне алғаш аударған адам ретінде тарихта қалады. Бұл жайында islam.kz порталы islamosfera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ол, сондай-ақ, «Сахих әл-Бұқари» хадистер жинағын да корей тіліне тәржімелеген. Хамит Сой Еон Кил дүниеуи біліммен қатар діни ілімге де қанық. Ол Оңтүстік кореядағы Ханкук университетін тәмамдаған. Аталмыш жоғарғы оқу орнының қабырғасында араб тілін үйреніп шықты. Осыдан соң ол философия докторы ғылыми атағына ие болды. Алайда, Хамит Сой Еон Кил мұнымен ғана шектеліп қалмай, діни бағыттағы ізденісін жалғастыру үшін Суданға аттанды. Аталған елде Омдурман ислами университетінде ғылыми атаққа ие болады. Ол бұған да қанағаттанбай, киелі Мәдинаға жол тартады. Исламды жаңа қабылдаған мұсылман ретінде Хамит Сой Еон Килді корей тілінде жарық көрген ислами әдебиеттердің тым аздығы көңіліне қаяу түсіреді. Бұл факті өз кезегінде жерлестерін исламға шақыруда кедергі келтіреді. Ислам туралы ақпаратты тек бір жақты баға беретін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп білген корейлерге діннің асыл мұратын түсіндіру қиын. Көбіне бұрмаланған ақпараттан жаңсақ ұғымның жетегінде кеткен кей жерлестеріне ислам негіздерімен таныстыратын әдебиеттің тапшылығы да бұған себеп болып отыр. Осыны ескерген Хамит Сой Еон Кил Мәдинадағы қасиетті Құранды басып шығаратын корол Фахда атындағы кешенмен ынтымақтасып, қасиетті Құранды корей тіліне аударуға кіріседі. Бұл игілікті іске табаны күректей жеті жылын сарп етеді. 2020 жылы ол аударып біткенін хабарлады. Хамит Сой Еон Кил тек қасиетті Құран мен «Сахих Бұхари» хадистер жинағын ғана корей тіліне аударып қоймай, сонымен қатар, исламға қатысты 90-нан аса кітапты тәржімелеген. Қазіргі уақытта ол Корей мұсылмандары федерациясының жетекшісі, Сеул қаласындағы Менжі университетінің ислам және араб зерттеу орталығының профессоры. Осы тұста таңғы шық еліндегі мұсылман қарасының ат төбеліндей аз екенін айта кетпекпіз – 200 мыңға жетер-жетпес адам, яғни, жалпы халық санына шаққанда  0,38%-ды ғана құрап отыр.  Оңтүстік Кореядағы мұсылмандардың дені осы елде еңбек мигранты ретінде жұмыс істеп жүрген түріктер, пәкістандықтар, өзбектер.

Хамит Сой Еон Кил аударған қасиетті Құранның корей тіліндегі нұсқасының мұқабасы 

명지대 영문

Сеул қаласындағы Менжі университеті

0 пікір
Мұрағат