Қазақстандықтардың генетикалық паспорты жасалады
|
Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Қазақстанда бір қызықты жаңалық ендірілгелі отыр. Оған сәйкес, мемлекет әрбір азаматының денсаулық жағдайын біліп қана қоймай, оның тұқымындағы өзгерістерді де бақылап отыруы ықтимал.
Бұл үшін елімізде алда арнайы «карта» енгізілмек. Оның мән-жайына денсаулық сақтау ведомствосы басшылығының өкілі түсініктеме бере кетті.
Кеше, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында БҰҰ «Мүгедектер құқықтары туралы конвенциясын» ратификациялауды қарастыратын заңның жобасы талқыланды.
Бір айта кетер жайт, Қазақстанның осы конвенцияны қабылдауға баруы – Елбасының кедергісіз орта қалыптастыру тапсырмасын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясы жүргізіп отырған үлкен жұмыстың нәтижесі болып табылады. 2014 жылғы 17 қаңтардағы өзінің Жолдауында Президент Н.Назарбаев билеуші партияға мүгедектердің өмір сапасын арттыру бойынша жұмысқа жетекшілік етуді жүктеген болатын. Осы міндетті жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» «Кедергісіз келешек»партиялық жобасын іске қосты.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, осындай жобалар арқасында және қоғамның қолдауымен, Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы елдердің біріне айналуы керек. Онсыз еліміз «дамыған мемлекеттердің отыздығына» қосыла алмайды.
Айтқандай, «Нұр Отанның» сайлауалды тұғырнамасы аясында 2017 жылға қарай республикада мүгедек балалардың оқуы үшін жағдайлар жасалған мектептер үлесін 30% дейін арттыру жоспарланған. Қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігі «Қазақстандағы инклюзивтік білім беруді дамыту Тұжырымдамасын» әзірлеген.
Осы орайда, «Атамекен» Қазақстан ұлттық кәсіпкерлері палатасының (ҚҰКП) атынан оның Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов Үкіметке елді елең еткізерлік ұсыныспен шықты. Ұлттық палатада «Жаңа технологиялар комитеті» құрылған екен.Осыған орай ол ҚҰКП және бейінді министрліктің мамандарын кездесуге, сонда зағип, есту қабілеті бұзылған және басқа да мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қандай проблемалар барлығын белгілеп алуға шақырды.
– Соның нәтижесінде, мүгедектерге қажетті ақпараттық жүйелер, бағдарламалық өнімдер түзу, бұл іске отандық IT сала қауымдастықтарын тарту жайы ойластырылғаны жөн, – деді Т.Доскенов. – Бүгінде біз жаңа өнімдерді – қазақстандық роботтарды жасауға кірістік. Осы орайда, мектептерде роботтарды орнатуға болады, сонда кейбір балалар мектепке бармай-ақ, сабақтарға қатыса алады. Олар сол жылжымалы робот арқылы үйде отырған күйі «тақтаға шығып», тапсырманы орындауға, сабақ айтуға, мұғалімге өзін қызықтыратын сұрақтарды қоюға мүмкіндігі бар. Мұның барлығы интерактивті режимде жүреді. Дамыған елдер қатарына қосылғымыз келсек, осыны қолға алуға тиіспіз. Біз осы тұрғыда ынтымақтастықты ұсынамыз.
Балалар орнына мектепке арнайы роботтардың бару тәжірибесі алғаш Жапонияда ендіріле бастаған. Қазіргі кезде ол тәжірибені дамыған елдер қабылдауда. Бір мысал: АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Уэст-Сенека қаласындағы «Уинчестер» мектебінде қарапайым оқушылар арасынан ақ роботты ұшырастыруға болады. Бойы 120 сантиметрлік «құлтемір» маңызды миссия атқарады: Девон Кэрроу есімді өз бетімен жүре алмайтын сырқат баланың орнына мектепке барады. Оның арқасында Девон сабаққа қатысып қана қоймай, құрбы-құрдастарымен араласады. Мұндай оқушы-роботтар өндірісін америкалық VGo Communications компаниясы жолға қойған. Шартты құны 6 мың доллардай көрінеді. Бұл ретте ұлттық палата отандық кәсіпкерлердің оны өзімізде-ақ шығаруға дайын отырғанын айтады. Тек мемлекет тарапына тиісті сұраныс қажет.
Дегенмен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі тағы бір мәселеге назар аудартады: мүгедектерге қатысты кейбір мәселелерге қоғам дайын емес. Мәселен, баламен емес, оның аватары – роботпен қарым-қатынас жасауға, содан сабақ сұрауға ұстаздар әзір ме? Әлде, салмақты емес, тіпті «күлкілі болар» деп тауып, ол роботты, тиісінше, үйдегі оқушы баланы елеусіз қалдырмай ма?
Сенатор Владимир Редкокашиннің мүгедектер туралы осы БҰҰ Конвенциясының елімізде не себепті біраз уақыт салып, қазір ғана қабылданып отырғандығы туралы сұрағына жауап берген вице-министр С.Жақыпова оны қабылдауға қоғам әзір болмағандығын бір себеп ретінде алдан тартты. Сондықтан «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында қоғамның мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген сенімін, жауапкершілігін және өзара көмегін арттыру мәселесіне көңіл бөлінуде. Осы бағытта 2014 жылы тек партия басшылығының қатысуымен ғана 12 ірі шара өткізіліпті. Мүгедектердің 14 мыңнан астам шағымы партия бақылауында, олардың 60%-ы ендігі шешілген.
– Қазіргі кезде адамдардың жаны мен тәніне жарақат түсу оқиғалары көбейіп жатыр, – деді сенатор Нұрлан Оразалин. – Ешкім мұны Құдайдан сұрамайды. Біреуі туа бітті болады, тағы басқасы жол және өзге апаттарға ұшырайды. Ал күні кеше арамызда шапқылап жүрген азаматтарды ертең мүгедек болды екен деп, далаға тастайтын болсақ, кісілікке де жатпайды. Оның үстіне 17 миллион халқ ымыздың 627 мыңы мүгедек екен. Демек, мемлекет пен қоғам ойланатын мәселе.
Айтқандай, Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлері ұйымының өкілі тағы бір ұсыныспен шықты: «Денсаулық ведомствосы ауруларды ерте диагностикалау жайын ойластыруда. Біздіңше, одан әрі қадам жасауымыз керек. Қазақстанда әрбір азаматтың «Тұқым қуалау картасы» болуға тиіс! Ол алдымен денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесіндегі мәліметтер негізінде түзілуі керек. Одан кейінгі кезең – қазақстандықтардың геномын зерттеу болады».
Талғат Доскеннің ұсынуынша, «ауқаты бар адамдар өздері ақысын төлеп, тексеруден өтулері, ал оған қаржысы жоқтарға мемлекет көмектесуге тиісті». «Осылайша, біз әрбір азаматымыздың генін, онда тұқым қуалайтын қандай дерттер барлығын, ол адамның ең алдымен қандай сырқаттардан сақтануға тиістігін анықтаймыз. Кейінгі ұрпақ сонда кімнің ата-бабасы «пәле» ауруларымен ауырғандығын, кімнің тегінде психикалық ауытқушылықтары бар адамдар болғанын біледі. Осыған ұмтылуымыз қажет. Біздің ұсынысымыз – осы!»
Бір ғажабы, бұл идея жақын уақытта жүзеге асуы мүмкін!
– Қазақстандықтар шынында, бәленше жасқа жеткенде, қандай дертке ұшырауы мүмкіндігін білгені жөн, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары С.Жақыпова. – Біздің министрліктің қабырғасында мұндай идея ендігі пісіп-жетілуде. Оған сәйкес, қазақстандықтардың генетикалық паспорты жасалады. Әрбір сәби дүниеге келгенде, міндетті түрде генетикалық паспорты болуға міндетті! Біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Тиісінше, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесі тек «денсаулықтың электронды паспортынан» және медициналық карталардан ғана тұрмайды, Жаңа туған бөбекті перзентханадан шығарғанда, оған генетикалық паспорт беріледі. Біз ақыр соңында осыған келеміз!