Астанада жаңадан төрт мешіт салынады
|
Астанада қосымша төрт мешіт салынады. Бұл туралы «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» тақырыбында өткен конференцияда Астана қаласының дін істері жөніндегі басқарма басшысы Жорабек Дәуренов мәлім етті.
«Соңғы бес жылда мешіт салуға 4 жер учаскесі бөлінді. Атап айтқанда, «Көктал-1», «Көктал-2», «Өндіріс» және «Ильинка» кенттерінде. Жалпы алғанда, егер келер жылы құрылыс жұмыстары қолға алынса, Астанадағы мешіттер саны 10-11 жетеді», - деді Жорабек Дәуренов.
Оның айтуынша, елордада Қазақстанның өзге өңірлерімен салыстырғанда діни нысандардың құрылысы бойынша белсенділік абйқалмайды.
«Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда мыңға жуық мешіт бар, соның ішінде 20-30-ы соңғы үш-төрт жылда салынған, ал Астанада соңғы жеті жылда мешіт саны 4-тен 8 дейін артқан», - деп қорытты Жорабек Дәуренов.
Еске салайық, Астанада «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» атты үш күндік семинары өтіп жатыр. Шара Діни экстремизм мен терроризмді алдын алу саласында қызмет атқаратын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің білімін нығайтуға, біліктілігін және діни сауаттылығын арттыруға бағытталған. Семинар аясында дін саласындағы заңнама, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни бірлестіктердің еліміздегі қызметі қаралып, Қазақстанның мемлекеттік-конфессиялық саясаты түсіндіріледі.