Тұмау вирусын жоя алатын синтетикалық молекула жасалды
Тұмау вирусын жоя алатын синтетикалық молекула жасалды
4 жыл бұрын 2660 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Лозанна федералды политехникалық мектебінің (EPFL) ғалымдары тұмауға шалдықтыратын вирусты жоюға қабілетті синтетикалық молекула жасады. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Advanced Science мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Швейцариялық  ғалымдар өздерінің бұл жаңалығы инфекциялық ауруды тиімді емдеуге көмектесетінін алға тартып, сенім артып отыр. Тұмау, өздеріңіз білетіндей, кеңінен тараған маусымдық, вирустық дерт. Тұмау кейбіреулер үшін жеңіл өтсе, кейбіреулерге ауыр тиіп, тіпті, ажалына себеп болып жатады. EPFL-дің супермолекулярлы наноматериалдар мен интерфейстер зертханасының (SuNMIL) ғалымдары Женева университетіндегі әріптестерімен бірігіп, тұмауға шалдықтыратын вирусты жоюы мүмкін қосындыны синтездеген. SuNMIL жетекшісі, EPFL профессоры  Франческо Стеллаччидің айтуынша, тұмауға қарсы дәрі жасау оңай емес, өйткені, вирус мутацияланады. Оның үстіне, тұмауға қарсы дәрінің қауіпсіздігі барынша ескерілуі тиіс, яғни, организмге теріс әсері болмауы керек. Тұмау вирусы адамға қалай жұғады? Ол алдымен жасуша мембранасына жабысады, содан соң одан ажырап, өзге жасушаларға жұғады. Қолда бар вирусқа қарсы дәрі-дәрмек жасуша ішіндегі вирусқа бағытталады әрі ол вирустың репликациясын (жаңыруын, көшірілуін) уақытша бұғаттайды. EPFL ғалымдары өздерінің вирусқа қарсы қосындының емдік тиімділігін арттыру әрі организмге кері әсерін боддырмас үшін тың тәсілге жүгінген. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, олар жасуша мембранасын имитациялайтын қанттың модификацияланған молекуласын жасады. Тұмау вирусы оған жабысқан кезде молекула оған қысым көрсетіп, біржола жоятын болады. Бұл бағытта жүргізілген тәжірибедегі тышқанның бойында аталған тәсілдің тиімділігі 24 сағат сақталған. Ал адамда бұл көрсеткіш 36 сағатқа созылуы тиіс.

Оқи отырыңыз: «Тұңғыш рет тұмаудың барлық вирусына қарсы әмбебап екпе жасалды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/gylym/tungysh-ret-tumaudyn-barlyq-virusyna-qarsy-ambebap-ekpe-jasaldy-14505/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат